Сайлау • 26 Шілде, 2021

Жөні бөлек сайлау

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындары дауысқа салып, өз әкімдерін өздері таңдап алды. Неше күннен бері үміткерлер округте ауылға шарапаты тиеді-ау деген бағдарламаларын таныстырып, халықпен кездесулер ұйымдастырды. Ал кеше әкім өкілеттілігі аяқталған ауылдар мен кенттерде халық сенім артқан үміткерлеріне дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

Жөні бөлек сайлау

Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының тө­рағасы Ерсайын Нәбиев таң­ғы сағат 7.00-де аумақтық сайлау комис­сияларының деректеріне сәйкес аудандық маңызы бар бір қалада, алты кентте, 70 ауылдық округте дауыс беру басталғанын айтып өтті. Өңірде сайлау кезінде 221 сайлау учас­кесі жұмыс істеді.

– Тәуелсіздік алғалы тұңғыш округ сайлауы болғандықтан, халық белсене қатысты. Сай­лау­шылардың сайлау учас­ке­леріне келуі туралы қосымша ақпарат 10.00, 12.00, 14.00, 16.00, 18.00 және 20.00-де об­лыс­­­­­тың аумақтық сайлау комис­сия­ларының интернеттегі ресми парақшаларында ұсынылып отырды, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев.

Үміткерлердің көбі Үржар ауданының Мақаншы ауылдық округінде, Катонқарағай ауданы­ның Белқарағайы, Глубокое ауданының Ушанов ауыл­дық округінде тіркелген екен. Аталған округтерде төрт адамнан, одан өзге 72 сайлау окру­гінде  үш адамнан, қалған 2 сай­лау округінде 2 кандидаттан сай­лауға түсті. Үміткерлердің ең жасы – 26-да, ол Алтай ауданының Тұрғысын ауылдық округін басқаруға үмітті. 

– Өз әкімдерін жұрт өзі сайлап жатыр. Рас, халық кім қалай жұмыс істейтінін біледі. Білген соң да дұрыс таңдау жасайды. Әділ сайлау өтті деп ойлаймын. Өзім Үржар ауылының болашағы үшін дауыс бердім, – дейді «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Серікжан Қажытай.

Сайлау учаскелерінде қо­ғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету үшін облыстық Полиция депар­таментінің қызметкерлері күшей­тілген режімге көш­ті. Әкімшілік полиция басқарма­сының бастығы Ернар Базаров­тың айтуынша, әрбір сайлау учаскесінде кезек­шілікті қамта­масыз ету үшін 800-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Алайда сайлау учаскелерінде қо­ғам­дық тәртіпті бұзу фактілері тіркел­ген жоқ. Са­ни­тарлық талаптар да қатаң сақталды.

 

Шығыс Қазақстан облысы