Қоғам • 26 Шілде, 2021

Өркениет өлшемі

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел басына күн туған қандай қиын-қыстау заман болсын, қазақ халқының қайырымды, қамқор қалпынан ай­нымағанына тарих куә. Алапат індет шартарапты шыр айналдырған қазіргі шырғалаң шақта да болмысымызға біткен шарапатшыл, мейірбан сияқты асыл қасиетімізден ажырап қалмағанымызды көріп отырмыз. Ағайынның ғана емес, адамзаттың амандығы қайғы болып тұрған алмағайып кезеңде жақыныңа жанашыр болу құр ұран күйінде қалмай, іс жүзінде ізгі амалдарға бастап жатқаны рас.

Өркениет өлшемі

 Қайырымдылық – рақымшыл халқы­мыздың қанға сіңген қасиеті екеніне мысалды алыстан алмай-ақ, бүгінгі күнімізден келтіруге болады. Биыл қуаңшылық тап келіп, төрт түлігі жемшөптен әбден тарыл­ған Маңғыстау өңірінің жұртына басқа­ аймақтағы ағайындар қарайласып, жылу жинап, қалың шөпті вагонға да, көлікке де тиеп жөнелтіп жатыр. Жұрт болып жұмыла жасаған осынау жақсы бастама – әлбетте, ынтымақ-бірлігіміздің айқын көрінісі. Алайда ауызбіршілігіміз сыналатын мұндай жағдайлар аз болмай тұр. Былтыр ғана Мақтаарал ауданын тосыннан су басқанда «етігімен су кешер» ерлік көрсеткен хал­қымыз қолдан келер көмегін аямаған. Алдыңғы жылы Арыс техногенді апаты орын алған келеңсіз кезде де жергілікті жұрт бүкіл елдің қолдауын сезініп, жақсылығын көрді. Қазірдің өзінде іргемізден індет ажырамай тұрған шақта көптеген ізгі іске куә болып жүрміз. Бұл – көз көріп, құлақ естіп жүрген шарапатты шаралар ғана. Ал жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға жариясыз, риясыз жасалып жатқан қайырымдылық қаншама?!

Расында, қайырымдылықтың көбі көр­сетілмей жасалады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген бар. Бұл жерде жасырын жасалған жақсылықтың сауабы мол екені түсінікті. Дегенмен көрсетпей жасаған қайырымдылық та көрсеткішімізге кері ықпалын тигізетін сияқты. Өйткені өткен айда жарияланған 2020 жылдың Дүниежүзілік қайырымдылық индексінде (The World Giving Index) Қазақстан 114 елдің ішінен бар болғаны 98-орынға тұрақтапты. 2019 жылы 78-орында болған еліміз 20 сатыға төмен сырғыған. Британдық Charities Aid Foundation деп алатын ұйым жүргізетін жаһандық зерттеуде қайырымдылық ұйымдарына ақша аудару, волонтерлік, бейтаныс мұқтаж адамға көмек көрсету сияқты көрсеткіштер негізге алынады. Бұл рейтинг бойынша ең қайырлы ел болып Индонезия танылыпты. Мұндайда дереу іргеміздегі көршілеріміздің де көрсеткішіне көз жүгірту – әдетіміз. Ресей 67-орында екен. Бұдан бір жыл бұрын 117-орында болған бұл мемлекет әжептәуір өрлепті. Ал аталған рейтингте бұрыннан алдыңғы жақта жүрген Өзбек пен Қырғыз ағайындарымыздың көрсеткіштері онша өзгере қоймаған: Өзбекстан 26-орыннан 29-орынға сырғыса, Қырғызстан 55-орын­нан 36-орынға көтеріліпті.

Қайырымдылық рейтингінде Қазақ­станның көрсеткіші көңілімізді көншітпегені анық. Зерттеушілер елімізде жасалып жатқан ізгі амалдардың көбін қағыс қалдырған-ау. Қайырымдылық шараларынан бөлек, волонтерлік басшылыққа алынатын бұл зерттеуде Волонтер жылы болып жарияланып, бір жыл бойы жанашырлық, жауапкершілік сияқты қаситеттер нақты іспен дәріптелген еліміздің көрсеткішінің кері кетуін қалай түсінерімізді білмедік? Бұл рейтингке қарап қалған ештеңе жоқ, бастысы жақсылық жасаудан танбасақ болды дегендей, бұған аса мән бермеуге болады-ақ. Бірақ «сырт көз – сыншы», аталған рейтингтегі орнымыздың бірнеше жылдан бері алға жылжымауын қалай ақтап ала аламыз?

Осы орайда жақында «Рухани жаң­ғыру» қоғамдық даму институтының «Қазақ­стандағы қайырымдылық жүйесі» атты зерт­теу баяндамасы жарияланды. Соның нәти­жесіне сәйкес қайырымдылыққа оң көзқараспен қарайтындардың үлесі түгелге жуық болмаса да, азаматтардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 54,4 пайызы мұқтаж адамдарға көмектесуге тырысады екен. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, жұрттың қайырымдылық жасауға қаншалықты бейілді екені анықтауда табысы да рөл ойнайтын сияқты. Өйткені сауалдамаға қатысқан қазақстандықтардың 42,3 пайызы табысы қазіргісінен жоғарылаған кезде ғана қайырымдылық жасауға ниет танытыпты.

Қалай дегенмен де, қайырымды істе­рімізді көбейте беру маңызды болып қала береді. Қайырымдылық марафонында көштен кейін қалмай, жақсылық жасаудан жалықпағанымыз абзал. Ізгілік салтанат құрған, ынтымағы жарасқан қоғам ғана өрге басады. Өркениетті қоғамның бір өлшемі – бір-бірімізге көрсететін мейірім, қамқорлық, жылы қарым-қатынас.