Елорда • 26 Шілде, 2021

Елордада карантин талаптарын сақтамаған 39 нысан анықталды

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 шілде күні Нұр-Сұлтанда 39 мекеменің карантин талабын сақталмағаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада карантин талаптарын сақтамаған 39 нысан анықталды

Фото astana.gov.kz

Күн сайын мониторинг топтары қаланың 100-ден астам кәсіпкерлік нысанында санитарлық нормалар мен шектеу шаралары сақталғанын анықтайды.

2021 жылғы 1 қаңтар мен 23 шілде аралығында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 163 млн теңгеге 822 жеке, заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Тек бір тәулік ішінде, 24 шілдеде 39 нысанда карантин бұзылғаны анықталды. Мекеме қызметкерлері маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, жұмыс режимін сақтаған жоқ, сонымен қатар келушілердің жаппай жиналуына жол берілді.

Сарыарқа ауданында бұл тізімге «Стамбул», «Бармалей», «Ай», «Султаншы», «Севда» кафелері, «Мята» лаундж-бары, «Счастье», «О Азамат» мейрамханалары, Бейсекова көшесіндегі аксессуарлар дүкені кірді.

Есіл ауданының мониторингтік тобы 12 нысанда: «Aura Verdant», «Сексеуіл», «La Terrazza», «Veranda» мейрамханаларында, «Rayan», «Opus One», «Baoli» кафелерінде, «KartMax» картинг-клубында, «Koleso» барында, «Zima" барлар галереясында, «Maktub" шығыс кофеханасында және Желмай көшесіндегі монша кешенінде карантин бұзылғанын тіркеді.

Алматы ауданында орналасқан тағы 6 мекеме шектеу шараларын елеген жоқ. Оның ішінде «Бақ Сарай», «АқОтау» мейрамханалары, «Шашлычка» кафесі, «Карима» палау орталығы, «Солт» бары, «Мята» лаундж-бары бар.

Байқоңыр ауданында тәртіп бұзушылар тізіміне «Шифу», «Пошашлычим» кафелері, «Арзан», «Орчестра», «Элсан», «Манго», «Explore», «12 ай», «Автодом», «Астықжан» СО, «Алаш» СҮ, «Биг Шанхай» базары енді. 

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

«Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Күн сайын қалада коронавирустың 1300 жағдайы анықталады. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Сол сияқты бетперде тағу, адам көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болу және т.б. ұсынылады.

Бұл ретте қауіпті вируспен күресу үшін бір ғана карантин талаптарын сақтау жеткіліксіз. Халықты жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор», деп жазады әкімдік сайты.