Алло, алло, бұл сенбісің, қарт солдат!
“ Миллиондардың қанымен, көз жасы, қасіретімен келген Ұлы Жеңістің 65 жылдығы жақындап келе жатқаны әр жерлердегі игі шаралардан, сауапты бастамалардан аңғарылады. Тарих ешқашан ұмытпайтын, тарам-тарам тағдырларды майданның тезіне салып, тіпті бүтін бір әулетті үрім-бұтағымен жұтып қойған соғыс ылаңын 65 жыл түгілі алты ғасырдан кейін де ұмыту мүмкін емес. Сол майдан азабын арқалағандарды уақыт аялап жатқаны бүгінге баршамызға медет.
Сәуірдің соңғы күндерінде бір іс сапардың сәті түсіп, Мәскеу қаласында болғанымыз бар еді. Қаһарман қала бұл күндері барын салып, қарт солдаттарын алақанға салып аялау үшін Ұлы мерекеге дайындалып жатқан жайы бар екен. Қызыл алаңды былай қойғанда, Мәскеудің әрбір көшесі мейрам алдында жасарып, жасыл желектерге, алқызыл гүлдерге бөлене бастаған. Қаланың басты ғимараттарының бәрі күрделі жөндеуден, әрлеуден өткізілуде. Күн сайын Кремль түбінде тынбай мерекелік шерудің дайындықтары жүріп жатыр.
Ал сол қанды қырғында қазақтың қаншама боздағының сүйегі қалды. Ұлы Отан соғысынан Кеңес Одағы республикаларының бірде бірі қалыс қалғаны жоқ. Әрбір отбасының бас көтерер азаматтарының бәрін майданға алып, буыны қатпаған бозбаланы, белі майысқан бойжеткендерді тылдың жұмысында төрт жыл қатарынан титықтатқан, одан кейін де ауыртпалығы арылмаған сұм соғыстың жарасы жазыла қоймас.
Тарихтың еншісіне тиген қасіретті соғысты кейінгі буын естелік ретінде біліп, кітаптан оқып, кинодан көргенімен, осы ойранды өз басынан өткізген ардагер буынның азайып келе жатқаны да аз айтылмайды. Селдірленіп бара жатқан орманның кәрі емені секілді қарт майдангерлерді қадірлеу ең қастерлі парыздарымыздың қатарында болса, ол да заңдылық. Ақын Расул Ғамзатовтың “Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады” деген тәмсіліне салсақ, бұл парыз ғана емес ұрпақтардың ардагерлер, аға буын алдындағы қарызы да!..
Ендеше біздің республикамызда да Ұлы Отан соғысы ардагерлерін аялап, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын өз дәрежесінде өткізу үшін тынбай жасалынып жатқан шаралар легі жеткілікті.
Басты шаралардан бөлек, еліміздегі ұлттық компаниялар, бетке ұстар ұйымдар да осы үрдіске ілесіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне өз ілтипаттарын көрсетуге ықыласты болып жатқаны қуантады. Мұны бір жағынан, қаржылы мекемелердің әлеуметтік жауапкершілігі дегеннен гөрі, адамгершілікті ізерлеген үрдісі десек те болады.
Осындай игі істерді жалғастырып жатқандардың арасында ұлттық байланыс операторы – “Қазақтелеком” АҚ да бар. Әрбір компания мұндай сауапты шараларға өз қызмет қырынан келіп жатқаны да көңіл тоғайтады.
Мәселен, “Қазақтелеком” еліміздегі барша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне “Тарлан” телефон картасын сыйға тартпақ. Қарт майдангерлерге берілетін бұл сыйлықтың да өзіндік символикалық ерекшелігі бар. Сол солдаттардың кешегі қан майданда толарсақтан су кешіп, мұз жастанып, жаздың аптабында, қыстың аязында сұм соғыстың азабын бірге көрген достары бүгін ТМД елдерінің әр түкпірінен табылады. Адам бір бірімен аз күн сапаралас болса да бауыр басып, жолдас болып қалатын кездері болады. Ал жылдар бойы Отан үшін соғысып, артта қалған бала-шаға, ел үшін жаумен алысқан жауынгердің майданда тапқан достарының жөні бір бөлек. Төбеден оқ атқылап, жерге қан сорғалап жатқанда жаныңа демеу, иығыңа сүйеу болған жандарды шет-шегі қайда екені белгісіз уақыт та ұмыттыра алмас.
Мерекелі күндерде майдандастармен телефон арқылы тілдесіп, кешегі күндерді, Жеңістің қуанышын қауқылдасып еске алғанға не жетсін. Алыстағы ағайынмен сөйлесіп, хал сұрасқан да бір дәурен. Ал, “Қазақтелеком” сыйлаған “Тарлан” картасымен Қазақстаннан сырт елдерге байланысқа шығуға болады. Бұл картаны ардагерлер кез келген уақытта, жыл бойы пайдалана беруге болады.
Және мұнан да бөлек, 7, 8 және 9 мамыр күндері “Қазақтелеком” өзінің барлық абоненттеріне Қазақстан ішіндегі қалааралық байланыстарға жеңілдіктер бермек болып отыр. Сағат тілі түнгі 24.00-ді соққан сәттен бастап үшке дейінгі жеңілдіктер 15 пайыз болады. Түнгі үштен таңғы алтыға дейінгі телефон байланысы 60 пайызға арзандайды. Ал таң атысымен, яғни алтыдан кейін түнгі 23.00-ге дейінгі арзандатулар 7,8 мамырда 10 пайызды құраса, 9 мамыр күні бұл аралықтағы байланыс 25 пайызға арзандағалы отыр.
Сол сияқты Ұлы Жеңіс қарсаңында “Қазақтелеком” компаниясы өздерінде тіркелген Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген жандарға атаулы сыйлықтар бермек.
Мұнан да бөлек Ұлы Жеңістің қарсаңында ұлттық байланыс операторы еліміздің барлық аймақтарында өз есептерінде тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен және тылда еңбек еткен жандармен салтанатты кездесулер өткізуді ұйғарып отыр.
Қаншама қарт майдангерге өзіндік қуаныш сыйлап өтуді көздейтін осынау шаралар легіне “Қазақтелеком” компаниясы шамамен 29 миллион теңге жұмсамақ.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.