Коронавирус • 26 Шілде, 2021

Коронавирусқа қарсы антиденені тексеру неге тиімсіз?

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Эпидемиялық ахуал қайта нашарлап, бойын үрей билеген жұрт вирусологтердің кеңесі мен пайымдарына зәру. Өйткені елді күмәнді ойларға қалдыратын дақпырт пен адастыратын ақпарат жетіп артылады. Бұл жолы Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман «Дельта» штамына қатысты өз білгенін бөлісті.

Коронавирусқа қарсы антиденені тексеру неге тиімсіз?

Вирусологтің айтуынша, бүкіл әлем коронавируспен күресудің жауап­ты кезеңіне аяқ басты, өйткені пайдасы жоғары әрі тиімді вакциналар жасал­ды. Өкінішке қарай, індетке шал­дыққандар күн сайын көбейіп, антирекорд жаңартылып жатыр. Бүгінде Қазақ­стан халқының тек 16%-дан астамы ғана екпенің екі компонентін алған. Демек халықтың әлі 85%-ы вакцина алмаған. Бұл – жаңа мутацияланған «Дельта» коронавирусының таралуы үшін қолайлы орта.

«Әрбір ауырған адам инфекцияны 5-6 адамға жұқтырады. Вакцина ал­мағандар қатерлі жағдайда жүреді. Ко­ронавирустың қазіргі нұсқасы жұқ­палы екенін есте ұстаған жөн. Бірақ Қазақ­станда вакцина алған адамдардың пайызы төмен. Біз індеттің өте қауіпті кезеңіне аяқ бастық. Жағдайды вакцина алу арқылы өзгертуге болады», дейді А.Шарман.

Ол елдегі эпидемиологтердің тап­шылығын жоққа шығармайды. Алай­да ғалымның айтуынша, қазіргі кезде ғылым мен медицина бағытын қал­пына келтірудің мүмкіндігі бар. Расын­да жа­һандық пандемия елдегі эпиде­миялық қызметтің әлсіз тұс­тарын көрсетті. Қазіргі таңдағы кадр тап­шы­лығына бай­­ланысты эпидемиялық ба­қылау мәселелерін шешу күрделі екені жа­сы­рудың қажеті жоқ.

«Мен 40 жылдық тәжірибесі бар иммуно­логпін және өз кезеңінде жұмыс істеген эпидемиолог, вирусологтердің қандай екенін білемін. Өкініштісі сол, қазір көбісі қызметте емес. Қызметтің бұл саласы өте маңызды. Сондықтан біз жар­ты жыл бұрын дәрігерлер тобымен денсаулық сақтау жүйесін жаң­ғырту, бұрын болған гигиена және эпидемио­логия мектебін қайта құру туралы үндеу тастадық. Бұл болашақта эпидемия жағдайында эпидемиолог пен вирусологтердің мықты кадрлық әлеуе­тін қалыптастыру үшін қажет. Алай­да біз үшін бұл сала бүгін қажет. Сон­дықтан қазіргі уақытта індет таралуын жақсы қадағалап, кәсіби мамандармен вирусты жеңе алатын эпидемиологтер даярлануда», деді А.Шарман.

Ғалым ел аумағында бұрын болған әлеуеттің жоғалғанын өкінішпен еске алды. Бірақ қазір оны қалпына келтірудің ерекше мүмкіндігі бар. Бұл үшін адам ресурстарына қомақты инвестициялар керек. Танымал вирусологтің айтуынша, медициналық университеттерде эпидемиология және профилактикалық медицина мәселелерімен тікелей айналысатын қоғамдық денсаулық сақтау мектептерін қайта құру қажет. Бұл өте маңызды: аурулардың алдын алуға неғұрлым көп инвестиция салсақ, адамдар соғұрлым аз ауырады және емдеуге аз қаржы жұмсалмақ.

Брифинг барысында Алмаз Шарман бірқатар мәселеге тоқтала келе, ел ағза­да­ғы антиденелердің болуы немесе болмауы туралы алаңдамауы керек еке­нін айтты. Өйткені коронавирустан қор­ғауға мүлдем басқа иммундық жасуша­лар жауап береді. Ғалым инфекциядан кейін жасушалық иммунитеттің қарқын­дылығын тексеру қиын деп есептейді.

«Біз иммундық жасушаларды «жад жасушалары» деп атаймыз. Бұл – Т лимфоциті мен В лимфоциттері, негізінен сүйек кемігінде шоғырланған, оған жету үшін маңызды медициналық процедураны өткізу қажет. Дегенмен мұндай зерттеулер салыстырмалы түрде жақында жүргізілді. Осыдан екі ай бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырған, содан кейін вакцина алған 70-тен аса адамға зерттеу жүргізілді. Бұл зерттеулер жасушалық деңгейде мүмкін болатын иммундық қорғаныс 12 айға дейін немесе өмір бойы жеткілікті екенін көрсететін қызықты нәтижелер береді», деді вирусолог.

Ғалымның пікірінше, антиденелерді анықтау көбінесе тиімсіз. Өйткені негізгі иммундық қорғаныс жасушалық деңгейде. Вакцина жасушалық им­муни­тетті он есе арттыруға мүм­кіндік береді. Бұрын бақылау қиын бол­ған, бірақ зерт­теу­лердің арқасында отан­дық ғалым­дар осындай маңызды тұ­жы­рымдарға келді.

А.Шарманның айтуынша, вакцинадан бұрын вирусқа қарсы антиденелерге талдау жасаудың мағынасы жоқ. Негізінен аурудан кейін және вакцинадан кейін иммундық жауап жасушалық деңгейде дамиды.

«Антиденелер белгілі бір рөл атқара­ды, олар иммундық жүйенің «әскері» ретінде сіздің ауырып қалуыңыздың немесе вакцинаның көрсеткіші болуы мүмкін. Бірақ шынын да нақты қор­ғаныс жасушалық деңгейде өтеді. Коро­навируспен ауырып, вакцина алған адамдарда жасушалық деңгейде иммундық қор­ғаныс он есе артады. Бұл – өте тиімді қорғаныс әдісі», деді маман.

Қазақстанда 12 мен 18 жас ара­лығындағы балаларды Pfizer препаратымен вакциналау мәселесі қарас­тырылып жатқаны аян. Алайда вирусо­лог­тің ай­туынша, қазіргі уақытта бала­лар­ды вакциналау мәселесі маңызды емес.

«Меніңше, қазір Спутникті әзір­леушілер 12 жастан 16 жасқа дейінгі бала­ларға клиникалық зерттеулер жүр­гізіп отыр. Moderna компаниясы да осын­дай сынақтар жүргізеді. Халықтың жартысы вакцинаның екі дозасын алған елдер үшін бұл мәселе өзекті болуы мүм­кін. Ал Қазақстанда ересектердің тек 16%-ы ғана екпе алды. Сол үшін балаларды вакциналау туралы айтуға әлі ерте. Ең бастысы, ересек тұрғындарды 50%-ға дейін вакцинамен қамту керек», деді А.Шарман.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның қажеттілігі туралы айта келе, ғалым бір жыл бұрын балаларда «Кавасаки» түрін­дегі байқалған ауыр жүйелік қабыну син­дромына барлығы таңғал­ғанын еске салды.

«Аталған синдром Нью-Йоркте балаларда қан тамырларының өткізгіштігінің бұзылуы алғаш рет анықталған кезде бас­талды. Бұл «Ухань» жабайы штамына байланысты болды. «Кавасаки» синдромы Қазақстанда да табылды. Педиатрия институты 40-қа жуық баланың ауыр­ғаны туралы есеп берді. Бұл тұрғыда «Дельта» нұсқасы «Ухань» нұсқасынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Сирек жағдайда «Дельта» штамы балаларда осындай ерекше көріністерді тудыруы мүмкін», дейді вирусолог.

Ғалымның айтуынша, вирус мутациясы жалғасып жатыр. Егер бір жыл бұрын КВИ негізінен қарттар мен әр­түрлі созылмалы аурулары бар адам­дарға әсер етсе, қазір коронавирус 30 жас­тың ар жақ бер жағындағыларға да әсер етіп, жағдайды ушықтырып отыр.

 

АЛМАТЫ