Саясат • 27 Шілде, 2021

Нағыз халықтық таңдау жасалды

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажеттігін айтқанда көкірегі ояу, көзі ашық адамдардың бәрі елең етіп, Президенттің саяси реформаларына үлкен үмітпен қараған болатын. Енді, міне, егемен еліміздің өркениетті, демократиялық дамуына бағытталған игі бастама ойдағыдай жүзеге асырылып, қоғамда зор өрлеу туғызып отыр.

Нағыз халықтық таңдау жасалды

Алтын бесік – ауыл тұрғын­дары Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет өз басшыларын өздері таңдау мүмкіндігіне ие болып, саяси белсенділігі күрт артты. «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дегендей, енді ауыл әкімі тұрғындарға жақындай түседі. Жоғарыдағы басшылықтың емес, ауылдықтардың мүдде­сін қорғап, жергілікті жерлерде шешілмей жатқан күрмеулі мәселелердің шешім табуына күш салады. Екіншіден, осы жолғы саяси науқан барысында халық даусының маңыздылығын анық ұғындық.

Қостанай облысындағы 65 сайлау округінде болған дауыс беруге  «Партиялық емес байқау орта­лығы» республикалық қоғам­­дық бірлестігі облыстық фи­лиалының 400-ге жуық өкілі қатысты. Олардың бәрі алдын ала арнайы даярлықтан өтіп, ма­ңыз­ды саяси науқанның әділ әрі ашық өтуін қадағалап отырды.

Өз басым түске дейін өңір­дегі сайлау учаскелерінің біразын аралап шықтым. Шал­ғай ауылдардағы сайлау учаске­леріндегі өкілдерімізден телефон арқылы хабар алып отырдық. Біздің байқаушылардың айтуын­ша, саяси науқан барысында қолданыстағы заңнаманы бұзудың ешқандай дерегі тіркел­ген жоқ. Бұған қоса, санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақ­талуын жіті бақылап отырдық. Әр учаскедегі кабиналар арнайы санитарлық құрылғылармен сағат сайын тазартылып, әлеу­меттік арақашықтық сақталуы қатаң қадағалауда болды. Об­лыс­тағы барлық сайлау учас­кесі­нің кіреберісінде медици­на қызметкерлері мен волонтерлер кезекшілік атқарып тұр­ды. Олардың міндеті сайлау­шы­лардың санитайзер арқылы қол шаюын қадағалап, дене қызуын өлшеп, әр адамға медициналық қолғап, маска, қалам үлестіру болды. Маска, қолғаптармен бар­лық учаскелер жеткілікті түрде қамтылды.

Бұл сайлауда ауыл тұрғын­дарының белсенділігі ерекше болғандығын атап айтқан жөн. Мәселен, Лисаков қала­сы мен Әулиекөл, Жітіқара аудан­дарындағы сайлау учаскелерінде ауыл тұрғындарының жартысынан астамы түске дейін-ақ дауыс беріп үлгерді. Бұл өз әкі­мін өзі сайлап, нағыз халық­тық таң­­дауға қол жеткізген ауыл тұр­­ғындарының саяси белсен­ділігінің айғағы болса керек.     

 

Болат ҚАЛИЕВ,

«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы

 

Қостанай облысы