Экология • 27 Шілде, 2021

Орманды ойсыратып алмайық

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшетау мен Қорғалжынның ара­сындағы кең көсілген иен даладағы қолдың саласындай ақ қайың­дар мен мәңгі жасыл қарағайлар көм­керген орманды алқапқа би­ылғыдай аптап ыстықтың қызуы қайтпай тұрған жылы қауіп көп. Жаз келгелі 72 өрт оқиғасы болған.

Орманды ойсыратып алмайық

Қар суы кеуіп, даланың таңдайы құрғағаннан-ақ сумаңдаған өрт тілі байқала бастады. Әдетте диқандар алқапқа шығысымен аласапыран бас­талады. Былтырдан қалған, қурап тұрған өліқаудың тұтануы тез. Абайсыз тасталған бір тал темекі қалдығы, бейсауат жатқан әйнек те қызыл жалынның пайда болуына себеп. Оның үстіне табиғатқа тақсіретін тигіземін деп ойламайтындардың ойда жоқта тигізер залалы да аз емес. Даланы тілсіз жаудың сыпыртқысы шарпыса, орманның да тып-типыл болатыны белгілі. Биыл сәуір айының алғашқы онкүндігінен дала өртінің қаупі біртіндеп белгі бере бастады. Дәл сол күні алғашқы өрт туралы дерек тіркелді.

Жаз жалпақ даланы аңызақ желімен қақтағандай кенезесін кептірген ыстық болды. Құрғақшылықтың салдарынан дала өрті де жиі. Тек соңғы аптада ғана өңірде 12 мәрте орман өрті шықты. Жағдай дәл осы қалпынан танбаса, ел қазынасы – қара орманның қаусап қалатын түрі бар. Өңірдің өрт сөндіру қызметі қол қусырып қарап отырған жоқ. Арнайы қызметтен басқа елді мекендерде 1 200-ге жуық адамның басын біріктірген 200-ден аса ерікті жасағы бар. Әйтсе де қызыл жалынды құрықтауға құдірет жетпей тұр. Өрттің шығу себебі – адамдардың бейқамдығынан. Ерте көктемде ауыл шаруашылығы құрылымдары алқап үстіндегі ескі сабанды, өліқауды күйдіріп, егістік жерін тазалаған кезде абайсызда өрт шығып жатса, табиғат аясында ты­нығушылар да кесірін тигізіп тұр.

– Облыс аумағында 71 961 гектар алқапты қамтыған дала өртінің 71 оқиғасы тіркелді. 4 мың гектардан аса алқапта 5 мәрте дала өрті орын алса, 930 мың гектар алқаптың шөбі жанып кетті. Ал орны толуы қиын орман өрті өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, 44 оқиғаға көбейді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.

Ел ішінде түсінік жұмыстары жүр­гізілуде. Мәселен, облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті өткен аптада 119 мәрте өрттің алдын алу бағытында рейд ұйым­дастырған. Нәтижесінде өртке қарсы талаптарды өрескел бұзған үш адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылыпты. Мұндай іс-шаралар жыл басынан бері жүргізілуде. Халыққа айтып-түсіндіру аз емес. Өрт шығуына себепші болуы мүм­кін 128 азамат жауапкершілікке тар­тылған, 122 адамға ескерту жасалыпты, 6 адамға 446 302 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Ойланбай істеген қимылының ке­сірінен тамаша табиғаттың жанына жара түсіп, ел мақтанышы – орманның ойсырап қалатынын ескермейтіндіктері несі екен?!

 

Ақмола облысы