Бұл туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі хабарлады.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі Интернеттің қазақстандық сегментіне мониторинг жасау барысында Telegram-аккаунттардың бірінен Telegram мессенджерін қолданушылардың жеке деректері туралы 744 мың жазба жинақталған файлды тапты. Талдау барысында файлда қолданушының ID-і, аты, тегі, телефон нөмірі және «өзім туралы» бағанындағы қолданушының жазбасы сынды жеке деректер бар екені анықталды. Оның ішінде 30 мың аккаунт қазақстандық телефон нөмірлеріне тіркелген болып шықты», деп мәлімдеді «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ KZ-CERT баспасөз қызметі.
Файл табылған Telegram-арнаның авторы оны «Глаз Бога» платформасының клиенттер базасынан деп берген. Бұл арнаның 1 млн-нан астам қолданушысы бар. ТМД елдеріндегі ең ірі сервис болып саналатын канал ақпараттарды әлеуметтік желілерден, мессенджерлерден сұрау салу арқылы және іздеу жүйелері секілді басқа да дереккөздерден жинақтайды.
Дербес деректердің осылай желіге таралып кетуі иесіне зиян келтіреді. Мұндай жеке деректерді бөгде адамдар әлеуметтік инженерияда ақпарат алу құралы ретінде қолдануы немесе жеке банктік деректерді алу мақсатында қоңыраулар соғу, хабарламалар жөнелту ретінде пайдалануы мүмкін.
«Осыған байланысты Интернеттің барлық сегментін пайдаланушы қазақстандықтарға айтарымыз, кибергигиенаны қатаң сақтаңыздар. Интернетте жеке дербес деректерді енгізу кезінде әсіресақ болып, қырағылық танытқан жөн және үшінші тұлғаларға жеке деректер туралы ақпаратты таратпауын сұраймыз», дейді мамандар.
Еске сала кетсек, компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығы (KZ-CERT) – компьютерлік қауіпсіздік қауіптерінің алдын алуда пайдаланушыларға консультативтік және техникалық қолдауды, компьютерлік инциденттер жөніндегі ақпараттарды жинау мен талдауды қамтамасыз ететін бірыңғай орталық.
«Егемен-ақпарат»