TOKYO2020 • 27 Шілде, 2021

Талабы ерек Босқындар құрамасы

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төртжылдықтың басты бәсекесінде Босқындар құрамасы да бақ сынауда. Отанындағы қиын жағдайларға байланысты туған елінен кетуге мәжбүр болған спортшылар биыл бөлек одақ құрып, өнер көрсетіп жатыр.

Талабы ерек Босқындар құрамасы

29 спортшыдан құралған топ 12 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Халықаралық Олимпиада комитеті биылғы додаға қатысуға ұсы­ныс берген 56 өтінішті қарас­тырған. Нәтижесінде, Ауған­стан, Вене­суэлла, Конго Демократиялық Рес­пуб­ли­ка­сы, Эритрея, Иран, Ирак, Камерун, Кон­го Рес­пуб­ли­касы, Сирия, Судан, Оңтүстік Судан спортшыла­рына жол­дама берілді.

«Мен барлық Олимпиада қоз­ға­­лысының атынан сіздермен жүз­десіп, Токиодағы бәсекеге да­­йын­­дықтарыңызды көруге асық екенімізді білдіргім келеді. Сіз­дер­дің өнер көрсетулеріңіз бүкіл әлемге мықтылық пен үміттің бел­гі­сі болмақ», деп ХОК басшысы Томас Бах жол­дама табыстады.

Енді спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, бадминтон, бокс, вело­спорт, ауыр атлетика, күрес сын­ды спорт түрлері бойынша бақ сынап жүр. Мәселен, Юсра Мардини 100 метрге жүзу бо­йын­ша өнер көрсетіп үлгерді. Нәтижесі жақсы болмаса да, көпшіліктің көзіне түсіп үлгерді. Сириялық қыз 2015 жылдан бастап Германияда тұ­рады. Бұл додаға бес жыл дайындалған. Бұл – оның екінші Олимпиадасы. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпия ойын­дарында бой көрсеткеннен кейін басылымдар Юсра туралы жаза бастады. Ол өзінің тағдыры туралы сыр шертіп, Сириядан қашқанда сіңлісі екеуінің резеңке қайығының желі шығып кетіп, 3,5 сағат бойы теңізде жүзуге мәжбүр болғандықтарын айтқан.

Юсра Мардини эритреялық жеңіл атлет Тахловини Габриесос­пен бірге Босқындар құрамасының жалауын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Юсра ол сезімді жеткізу­ге сөз таппадым деп ағынан жа­рыл­ды. Сарапшылар бұл оның соң­ғы қатысуы деп болжайды. Спорт­шы Германия азаматтығын алып, оқуын жалғастырып, спорт мек­тебін ашуды армандайтынын айтты.

Бұл топқа мүше болу үшін спортшы Олимпиадаға енгізілген спорт түрлері бойынша жо­ға­ры нәтиже көрсетуге тиіс. Соны­мен қа­тар БҰҰ растаған бос­қын деген мәртебеге ие болуы керек. Құраманың толық ресми аты – Босқындар Олимпиада құрамасы. Олар Олимпиада жалауы мен Олимпиада әнұранын меншіктеген. ХОК әр босқынды көрсеткен нәтижесіне қарамастан Олимпиада стипендиясымен қол­дайды.

Ең алғаш Босқындар құрамасы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарына қатысқан еді. Онда 10 спортшы өнер көрсетті. Көбі ол кезде бұл құраманы байқамағанын айтады. Алайда қазір оларды байқамау мүмкін емес. Өйткені биыл олардың саны шамамен 3 есеге өсті. Оған қоса, спортшылардың тағдыры жүректі елжіретпей қой­май­ды. Әр тұлғаның артында ауыр тағдыр, бір ұлттың тарихы жатыр.

Ауғанстандық Нигара Шахин – талантты дзюдошы. Десе де өз Отанында қыз балаға бұл спорт түрімен айналысуға рұқсат жоқ. Сүйікті ісімен айналысқысы келген жас қыз елін тастап, Ресейге қоныс аударған.

Жоғарыда есімі аталған Тах­ло­­вини Габриэсос 12 жасында Африканың шығысындағы қаладан шығып, Израильге дейін жаяу жеткен. Судан мен Мысырдың шөлін жаяу кесіп өткен батыр. Бүгінде Израильде тұрып, жеңіл атлетикамен айналысады. Оны жергілікті клуб қолдайды, ХОК стипендиясын алады.

Құрамада Иранның 5 азаматы бар. Кимия Ализаде таэквондодан 2016 жылғы Олимпия ойын­дарында қола жүлдегер атан­ған. Иранда Олимпиада меда­лін таққан алғашқы әйел.

Спортшылардың басты мақса­ты жеңіс болмауы да мүмкін. Олар әлем­ге өз тағдыры мен елі­нің тари­хын естірткісі келеді. Осы арқы­лы жақсы өмірге аяқ басып, босқындар мәселесін шешу­ге мүмкіндік алғандар да аз емес. Мәселен, Юсра Мардини БҰҰ бағ­дарламалары аясында босқындар жағдайына қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Under Armour киімдер брендін таныстырады.

Масома Али Зади – Халық­аралық спорт басылымдары қа­уым­дастығының тұрақты өкілі. Әзірге ешқайсысы көш бастап, озып шықпаса да, халықаралық аренада бүгінгі күннің маңызды мәсе­лелерінің бірін көтеріп жүр­геніне қуанышты екенін айтады.