Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық Азия мемлекеттері экономикасын қайта жандандырып, инвестициялық ахуалын жақсартып келе жатқанын айтады. Былтыр бұл елдерде шетел инвестицияларының жалпы ағымы 21 млрд долларды құраған. Дүние жүзін шарпыған індетке қарамастан, Орталық Азия елдерінің экономикасы жылдық 3,5% өсімді көрсеткен. Сыртқы инвестиция тарту жағынан бәрінен оза шауып, алда келе жатқан Өзбекстан екен. finprom.kz мәліметінше, биылғы жыл қорытындысында Өзбекстан мен Тәжікстанда ең жоғарғы экономикалық өсім болады. Сарапшылар олардың жылдық өсімін 4,8% және 5,3% болады деп болжап отыр. Одан кейінгі өсім Қырғызстанда – 3,8%. Ал Қазақстанның экономикалық өсімі 3,2% деңгейінде артпақ.
Халықаралық қаржы сарапшыларының пікірінше, коронадағдарыстан кейінгі Орталық Азия елдерінің экономикалық өсуіне шетелдік инвестициялар ерекше ықпал етеді. Сондықтан қай ел болсын, инвестициялық тартымдылығын сақтап қалуға тырысу қажет.
Әлбетте, Орталық Азия елдерінде инвесторларға қолайлы орта қалыптасып келеді. Салынған капиталды еселеп қайтаруға болатын позитивті факторлар да мұнда жеткілікті. Атап айтқанда, пайдалы қазбалар, сауда-саттықтан тыс секторлардың жаңа нарығы, макроэкономикалық тұрақтылық, ірі көлемдегі ішкі нарық, экономика саласын дамытуға бағытталған жоғары әлеует тағы басқа да факторлар шетелдік инвесторларды бейжай қалдырмасы анық. Бұған қоса арзан жұмыс күші де – инвесторларды тартудың негізгі кілті.
Бұрын коронадағдарысына дейінгі 2019 жылы да Орталық Азия мемлекеттеріне салынған инвестиция өзін өзі ақтап келген. Оның қарқыны жалпы әлемдік экономиканың даму деңгейінен де асып түскен, дейді сарапшылар. Нақтырақ айтқанда, Орталық Азия мемлекеттеріне құйылған тікелей шетелік инвестиция көлемі 10%-ға ұлғайып, 32,2 млрд долларды құраған. Ал ол кезде дүниежүзілік экономиканың жалпы инвестициялық ахуалы бар-жоғы 3%-ға ғана өскен. Дегенмен де былтыр коронавирусқа байланысты Орталық Азия мемлекеттеріне құйылған жалпы тікелей инвестиция 20,7 млрд долларға дейін қысқарған.
Қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттері инвестиция тарту жағынан бір-бірімен бәсекелес. Әр мемлекет инвесторларға қолайлы жағдай жасау жағынан жарысып, барынша экономикалық ахуалын түзеуге талпынып келеді. Әсіресе Өзбекстанның инвесторларды тартудағы ұмтылысы ерекше. Ол 2019 жылы сырттың қаржысын тарту жағынан Орталық Азия елдерінде көшбасшы болып келеді. Бұл елде шетелдік инвестиция ағымы бір жылдың ішінде бірден 2,3 есеге ұлғайып, 4,2 млрд долларды құраған. Негізінен инвесторлар Өзбекстанның мұнай өңдеу, өндіру және химия өнеркәсібі салаларына қаражат салған. Бұл елге, әсіресе Қытай, Германия, АҚШ, Ресей қызығушылық танытқан.
Өзбектердің жетістікке жету «құпиясына» үңілген сарапшылар инвестициялық климатты жақсарту бағытында көптеген шараны қолға алғанын айтады. Инвесторлардың көңілін өзіне аударған жұмыстардың арқасында өзбектер Doing business бизнесті жеңіл жүргізу халықаралық рейтингінде өз позицияларын 7 сатыға жоғары көтеріп, 69-шы орынды иеленген. Рейтинг жасаушылардың мәліметінше, Өзбекстан төрт басты индикаторды жақсартуға барын салған. Айталық акционерлердің құқын кеңейтіп, олардың корпоративтік шешімдердегі рөлін күшейткен. Сондай-ақ салықты жеңілдетіп, екі төлемді біреуге қысқартқан. Трансшекаралық сауда кеңістігінің кеңеюіне жол ашып, импорттық құжаттарға деген талапты жеңілдеткен. Импортталатын тауарларға кеден баждары мен салық салу мәселесін реттеп, тарифтік реттеу шараларын да оңтайландыра түскен.
Ал өз еліміздегі ахуалға тоқталсақ, Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2019 жылы алдыңғы жылдан көп өзгермеген. Дегенмен де Қазақ елі рейтингтегі 28-ші орыннан 25-ке көтерілген. Бұл да – жақсы көрсеткіштердің бірі. Дейтұрғанмен, инвестиция тарту жағынан өзгелерден үйренеріміз көп-ақ.
Орталық Азия мемлекеттерінің инвестициялық тартымдылығын айғақтайтын тағы бір фактор – пандемия мен дағдарыс кезеңіндегі жинақталған инвестиция көлемі. 2021 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша мұндай инвестиция көлемі 6,7%-ға артқан. Бұл жағынан Қазақстанның өсімі 3,6% болса, Тәжікстандікі – 1,6%. Ал өзбектердікі – 29,8%.