Саясат • 28 Шілде, 2021

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлаушылар белсенділігі жоғары

597 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – ауыл әкімдерін тікелей сайлау елімізде ұйымшылдықпен, халықтың айтарлықтай белсенділігі жағдайында әрі қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтті деуге толық негіз бар. Мұны облыстық сайлау комиссиялары жариялаған дауыс беру қорытындылары туралы ресми деректер айғақтап отыр.

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлаушылар белсенділігі жоғары

Ақмола облысы

Астаналық облыстың 95 сайлау округінде ауылдар, кенттер, ауыл­дық округтер әкімдерін сайлау өтті. Сай­лаушылар тізіміне енгізілген азамат­тардың 75,7 пайызы дауыс беруге қа­тысты. Барлық сайлау округінде әкім­дер сайланды.

Nur Otan партиясы ұсынған 76 үміткердің 74-і, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 1 кандидаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған 5 үміткердің 2-уі, «Адал» саяси партиясы ұсынған 1 кандидат, Қазақстан халық партиясы ұсынған 6 үміткердің 3-уі жеңіске жеткен. Сондай-ақ өзін өзі ұсынған 201 азаматтың 14-і әкім болып сайланды.

Сайланған 95 әкімнің 50-і – қайтадан сайланып, тұрғындар сенімін ақтаған тұлғалар. 15 сайланған әкім – әйел.

 

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы бойынша сайлау­шылардың 79 пайызы ауыл әкімдерін сайлауға қатысып, дауыс берді.

35 ауылдық округ әкімдігіне 105 кандидаттың 63-і саяси партиялар атынан үміткер болды. Nur Otan партиясынан – 28, «Ауылдан» – 16, «Ақ жолдан» – 9, АDAL партиясынан – 4, Қазақстан халық партиясынан – 4, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 2 үміткер ұсынылды. Сондай-ақ 42 азамат өзін өзі ұсынған.

«Дауыс беру қорытындысы бо­йынша Nur Otan партиясынан – 28, «Ауыл» партиясынан – 2, «Ақ жол», АDAL, Қазақстан халық партиясының әрқайсысынан бір-бір адам әкім болды. Бұған қоса, өзін өзі ұсынған 2 адам әкім атанды. Сайланған әкімнің бесеуі – әйел. Сайланған әкімдердің ең жасы 26-да.

 

Алматы облысы

Жетісу өңірінің тұрғындары 235 кандидаттың ішінен 71 азаматты әкім етіп сайлады. Дауыс беруге сайлаушылардың 67,5 пайызы қатысты.

Сайланған әкімдердің 57-сі – Nur Otan партиясы ұсынған азаматтар, үшеуі – «Ауыл» партиясының өкілдері. Сондай-ақ өзін өзі ұсынған 11 азамат жеңіске жеткен.

Сайланған 71 әкімнің 39-ы – бұ­рынғы әкімдер. Екеуі – әйел. Олар Сар­қанд ауданының – Аманбөктер, Ақсу ауданының Ойтоған ауылдық округ­терін басқаратын болады.

 

Атырау облысы

Мұнайлы өңірдегі ауылдық округтер әкімдерінің сайлауына дауыс беру құқығы бар тұрғындардың 74,4 пайызы қатысқан.

18 ауылдық округ әкімінің лауазымы үшін 52 үміткер саяси бәсекеге түсті. Дауыс берудің нәтижесінде Nur Otan партиясынан – 15, ADAL партиясынан 1 адам жеңіске жетті. Бұған қоса, өзін өзі ұсынған 2 үміткер әкім болып сайланды.

 

Батыс Қазақстан облысы

Батысқазақстандық сайлаушылардың 81,3 пайызы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына қатысып, өздері таңдаған кандидаттарға дауыс берді

Ақжайық өңірінде 31 ауылдық округ­тің әкімдігіне 81 үміткер таласты. Олардың 39-ы баламалы бәсекеге сая­си партиялардың атынан түсті. Атап айтқанда, Nur Otan-нан – 25, «Адал»-дан – 5, «Ауыл»-дан – 4 адам, Қазақстан Халық партиясынан – 3 адам, «Ақ жол» мен ЖСДП партияларынан – 1 адамнан үміткер ұсынылды. Қалған 42 үміткер – өзін өзі ұсынғандар.

Сайланған әкімдердің 22-сі – Nur Otan ұсынған азаматтар. Сондай-ақ «Ауыл» мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан бір-бір өкіл әкім болып сайланды. Өзін-өзі ұсынғандардың 7-уі баламалы сайлау­да жеңіске жетті.

Сайланған әкімдердің 17-сі – осы қызметті бұрын да атқарып, көпшіліктің сеніміне ие болған тұлғалар.

 

Жамбыл облысы

Облыстық сайлау комиссиясы­ның хабарлауынша, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына дауыс беру құқы­ғына ие тұрғындардың 90,6 пайызы қатысқан.

38 ауылдық округ әкімдігіне 111 кандидат тіркелген. Барлық округте әкімдер сайланды. Олардың 13-і – бұрын да осы лауазымды еншілеп, ел сеніміне ие болғандар.

Nur Otan партиясы ұсынған үміт­керлердің 31-і жеңіске жетті. Сондай-ақ «Ауыл», «Ақ жол», ADAL және Қазақстан Халық партиясынан бір-бір үміткер ауыл әкімі атанды. Бұған қоса, баламалы сайлауда 3 өзін өзі ұсын­ған азамат топ жарды. Жаңа­дан сай­ланған әкімдердің ішінде 3 әйел бар. Олар Жуалы ауданының Қара­саз, Жамбыл ауданының Ақбастау, Бай­зақ ауданының Сарыкемер ауылдық округ­терін басқаруға кіріседі.

 

Қарағанды облысы

Облыстық сайлау комиссиясы ауыл әкімдерін сайлауға қатысқан қараған­дылық сайлаушылардың 75,8 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді.

75 сайлау округінде тіркелген 257 кандидаттың 79-ын саяси партиялар ұсынған. Олардың 61-і ауылдықтардың қолдауына ие болған. Соның ішінде Nur Otan ұсынған 61үміткердің 56-сы, «Ауыл» ұсынған 3 кандидаттың барлығы, «Ақ Жол» ұсынған 3 азамат­тың 1-уі, ADAL-дың атынан тір­келген 3 кандидаттың біреуі жеңіске жет­кен. Қазақстан Халық партиясы ұсын­ған 9 кандидаттың ешқайсысы сай­лаушылардың көпшілігінің дауысына ие бола алмаған. Содай-ақ өзін өзі ұсынған 178 кандидаттың 14-і ауылдықтардың қолдауына ие болып, әкім атанып отыр.

Сайланған әкімдердің 17-сі өздері басқарып келген ауылдық округ басшысы болып қайта сайланса, 7 адам басқа ауылдық округтердің әкімдері болған. Үш әкім – әйелдер.

Қостанай облысы

Астықты өңірдегі ауылдық округтер әкімдерін тікелей сайлауға сайлау­шылардың 84,4 пайызы қатысып, өз­дерінің конституциялық құқықтарын пайдаланған.  

65 сайлау округі бойынша әкімдікке 148 кандидат тіркелген.Олардың 59-ын саяси партиялар ұсынған. 5 сайлау округінде кандидаттар тек өзін өзі ұсыну арқылы сайлауға түскен. Nur Otan-нан – 52, «Адал»-дан – 2, «Ауыл»-дан – 2, «Ақ жол»-дан 2 үміткер жеңіске жетті. Өзін-өзі ұсынған 88 азаматтың 7-інің баламалы сайлауда шоқтығы биік болды.

Сайланған 65 әкімнің 46-сы өздерінің сайлау округтерінде халық сеніміне ие болды, 3-уі – басқа ауылдық округтің әкімі болғандар. Сайланған әкімдердің 8-і – әйел.

 

Қызылорда облысы

Сыр бойындағы ауылдық елді мекен­дердің сайлау құқығына ие тұрғын­дарының 83,5 пайызы өз таңдауларын жасады.

40 ауылдық округте әкім қызметіне 122 адам үміткер болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Nur Otan партия­сынан – 30, «Ауыл»-дан – 2, ADAL-дан – 2, Қазақстан халық партиясынан – 1 кандидат бәсекелестерінен басым түсіп, әкім атанды. Сондай-ақ өзін өзі ұсыну жолымен 5 азамат ауылдық округтің басшылық тізгінін қолына алды.

 

Маңғыстау облысы

Өңірдің ауылдық жерлеріндегі сайлаушылардың 82,4 пайызы ауыл әкімдерін сайлауға қатысты.

10 сайлау округ бойынша сайлау бюллетеньдерге 25 үміткер енгізілді. Соның ішінде бес сайлау округінде – 2 кандидаттан, бес сайлау округінде – 3 кандидаттан. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 41,5. Ең кішісі – 26 жаста. Сайланған 10 әкімнің жетеуі – мемлекеттік қызметші. Оның ішінде 2 әкім қайта сайланды.

 

Павлодар облысы

Ауыл әкімдерін сайлауға 2 ауыл мен 42 ауылдық округ сайлаушыларының 76,9 пайызы қатысты.

Сайланған 44 әкімнің 34-і Nur Otan партиясынан ұсынылғандар. Сондай-ақ «Ауыл» партиясы ұсынған 2 кандидат жеңіске жетті. «Ақ жол» мен ADAL-дан бір-бірден үміткердің бағы жанды. Өзін өзі ұсынған 6 азамат бәселестерінен басым түсті. 29 бұрынғы әкім тұрғындардың қолдауына ие болып, қайтадан сайланды. Сайланған әкімдердің 7-уі – әйел.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Қызылжар өңіріндегі ауылдық елді мекендерде тұратын сайлаушылардың 87 пайыздан астамы сайлауға қатысқан.

Сайлау 71 сайлау округінде өтті.Nur Otan партиясынан ұсынылған – 55, Қазақстан Халық партиясынан – 3, «Ауыл­дан» – 3, «Ақ жол»-дан – 2, ADAL-дан 1 кандидат әкім атанды. Өзін өзі ұсынған 146 кандитаттың 7-уі жеңіске жетті. 42 әкім қайта сайланды. 19 әкім – әйелдер.

 

Түркістан облысы

Облыстың ауылдық елді мекендері сайлаушыларының 79 пайызы сайлауға қатысты. Түркістандықтар 60 ауылдық округ әкімін 166 кандидаттың арасынан таңдады.

Сайланған 43 әкім – саяси партиялар ұсынған үміткерлер. Соның ішінде Nur Otan партиясынан – 41, «Ауыл» мен ADAL-дан бір-бір кандидат халық сеніміне ие болды. Бұған қоса, баламалы сайлауда өзін өзі ұсынған 17 азаматтың жұлдызы жанды.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс өңірде 77 сайлау округі бо­йынша ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Дауыс беруге сайлаушылардың 90,9 пайызы қатысты.

Әкім лауазымына үміткерлер саны 232 болды. Сайланған 77 әкімнің 60-ын Nur Otan партиясы, 11-ін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, 2-уін ADAL партиясы ұсынған. Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның Халық партиясынан бір-бір адам жеңіске жетті. Бұдан басқа, өзін өзі ұсыну арқылы 2 адам сайланды.

 

Дайындаған

 Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»