Білім • 28 Шілде, 2021

Тәлімі мол тіл мектебі

675 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан бес жыл бұрын Орал қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Шерлі шежіре аманаты» тақырыбындағы халықаралық форумға АҚШ, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінен келген шетелдік ғалымдар ішінен бір қатысушыға жиналғандар ықыласы ерекше ауғаны есімде. Ол – америкалық ғалым, Индиана университеті Саясаттану факультеті Ор­талық Азия өмірін зерттеу кафедрасының профессоры Уильям Фиерман болатын. Жұрт назарын өзіне аудартқаны – мұхит асып келген мейманның қазақша сөйлеуі. Бастапқыда оның қазақша сәлемдесуі елең еткізсе де, көпшілік одан артық ештеңені күте қоймаған.

Тәлімі мол тіл мектебі

Бірақ мінберге көтерілген профессор У.Фиерман қағазға қарамай, әлдебір сөздерді ойша еске түсіре тұрып, асықпай қазақша сөйлей бас­таған. Қазақ елі туралы тараған жақсы пікірлерді айтып, көпшіліктің ілтипатына ие болған. Сосын әзірше сөздік қоры аз екеніне кешірім сұрап, келесіде баяндамасын тұтастай қазақ­ша жасайтынына уәде бергенінде залдағылар ду қол шапалақтаған.

Бір сәті түскенде одан қазақ тілін үйрену үшін қандай мұғалімнен сабақ алғаны, қай әдістемені қол­данғаны туралы сұрап едім, Уильям Фиерман мырза: «Ал интернет не үшін керек?» деді маған кәдімгідей таңырқай қарап. Бұл мен үшін кейінгі жылда да басты «қаруыма» айналған жауап болды. Біздің елдегі «қазақ тілін үйрететін орталықтар, оқулықтар, әдістемелер, мұғалімдер жоқ» деп сайрай жөнелетіндерді тоқтататын жауап. Содан бері мен заман жаңалығын орынды қолдана білген шетелдік профессорға сілтеме жасай отырып: «Бізде бәрі бар, тек сізде ынта жоқ» дейтін болдым әл­гіндей «жылауықтарға».

Иә, біздің елімізде мемлекеттік тілді үйренем деушілерге жағдай барынша жасалған: жыл сайын бюджеттен мол қаражат бөлініп, оқулықтар мен сөздіктер, әдістемелік құралдар шығарылады. Семинарлар, тренингтер, сайыстар, конкурстар өткізіледі. Жыл өткен сайын тілді меңгергісі келетіндердің қызығушылығын оятып, мүмкіндігі арттырылатын жаңа форматтар енгізіледі.

Сондай тың тәсілдің бірі биыл 28 маусым мен 3 шілде аралығында Баянауыл жерінде өткізілген Қазақ­стан халқы Ассамблеясының этно­мәдени бірлестіктер жастарына ар­налған Тіл мектебінде бастау алды. Ол – талапкерді тілдік ортаға бойлай енгізе отырып, сөйлету жобасы.

Бұл – кезінде «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Республикалық білім беру бағдарламалары орта­лығында қызмет еткен, педагогика ғылымдарының докторы, профессор (марқұм) Мақпал Жадринаның басшылығымен Канада, Финляндия, Эстония мемлекеттерінің тілге бойлау тәжірибесін зерделеп, өзімізге бейімделген тың тәсіл. Оны бірнеше жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдіскерлері сынақтан өткізіп, өміршеңдігін дәлелдеген. Қазіргі кезде Талдықорған, Көк­шетау қалаларының жекелеген бала­бақшалары мен мектептері, елор­дамыздағы «Қарлығаш» бала­бақ­шасы осы әдістемемен нәтижелі жұмыс істеуде.

Тілге бойлау бағдарламалары – оқу кезінде екі немесе одан да көп тіл қолданылатын бағдарламалар. Ал бұл жоба Ассамблеяға қалай келді?

Тілге бойлау бағдарламасы тура­лы осыдан бірнеше жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектептері базасында өткен ғылыми-практикалық конференцияда ілеспе аударма жаса­ғанда білдім. Содан кейін бұл жобаны мемлекеттік тілді меңгерем деген ересектер арасында іске асыру идеясы пайда болды. Бүгін, міне, сол неше жылдан бері көңіл түкпірінде жүрген ойымыз орындалғанын жария ететін сәт туды.

Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының Тіл мектебінде іске асырылды. Оны «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Республикалық білім беру бағдарламалары орталығының әдіскер-оқытушысы, М.Жадринаның ізбасар шәкірті, психология және педагогика ғылымдарының магистрі Жанат Қажығалиева өз шәкірті, елор­дадағы № 61 орта мектептің мұға­лімі Жәмила Сентаева екеуі сынақтан өткізді.

Тіл мектебіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді үйренем, білгенімді жетілдірем деп тілек білдірген өз өкілдерін жіберді. Олардың тілді білу деңгейін ұстаздар алғашқы күнгі «Кеден бекеті» деп аталатын танысу сынағында анықтап, оқитын жастар мен әдіскерлер топтарға бөлінді.

Тілге бойлай ену арқылы сөйлеп үйрену бағдарламасының басты қағидаты – сабақтар да, адамдар арасындағы қарым-қатынас та, саяхаттар мен ойындар да тек үйре­нетін тілде жүргізілетіні. Шыны керек, «Кеден бекетінде» өз деңгейлері туралы «тілді тек түсі­нем» деген қатысушылар үшін ғана емес, дәріскерлер үшін де оңайға соққан жоқ. Бірақ қандай шаруаны қолға алсақ та, бастысы – ынта мен табандылық екеніне тағы бір көз жеткіздік. Алғашқы күндері тұтқиылдан қойылатын «Қайдан келдің?», «Жағдайың қалай?», «Бөлмеде кіммен бірге тұрасың?», «Қазақ тілін үйренгің келе ме?», «Отба­сыңда неше адам бар?» деген сияқты қарапайым сұрақтардан да сасып қалатын жігіттер мен қыздар бірте-бірте еркін, сеніммен жауап бере бастады.

Тіл мектебінің жұмыс жоспары елде іске асырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Киелі Қазақстан» сияқты кіші бағдарламаларымен ұштастырыла отырып құрылғаны жас­тардың туған жер табиғаты, Баянауыл­да туған ұлы тұлғалар, қазақ халқының салт-дәстүрлері тура­лы мол мағлұмат алуына мүмкіндік берді. Жастардың сабақтан сабаққа өткен сайын өзгеріп, өсіп келе жат­қа­нын көзбен көріп, сүйіндік.

Домбырасын тастамайтын көк­шетаулық Роман Борисовский Тіл мектебінің жұлдызына айналды: оның күйлерінсіз ешбір іс-шара өтпейтін. Ол әуелі «Ерке сылқымды» не «Адайды» мың құбылта тартып, енді бірде классикалық туындыларды ойнағанда ұйып тыңдамайтын жан жоқ. «Ұлттық аспапта ойнаған соң ол халықтың тілін де жете білуім керек. Қазақ әндерін айтқым келеді», деді ол менімен әңгімесінде. Айтқандай, домбыра үйрену туралы ойды оған ұстазы Амангелді Төшкенов салған екен. Былтыр аяулы ұстазы кенет көз жұмғанда рухы риза болсын деп, ол қастерлейтін аспапта шебер ойнайтын болам деп өзіне сөз беріпті.

Тіл мектебіне келгендердің мем­­ле­­кеттік тілді үйренуге бел буған­дары бірден байқалды. Жас­тар қиялдарының ұшқыр­лы­ғын, қазақтың салт-дәс­түрлерін біле­тіндігін көрсетуге ты­­­рыс­қан­ды­ғын, кейде сабақты тақырыптық шағын қойылымға айналдырып жібер­гендігін тіл білуге деген құш­тарлықтың белгісі деп таныдық.

Кез келген іс-шара тартымсыз болса, одан ешқандай нәтиже күтуге болмайды. Бұл ретте Тіл мектебінің жұмысы мазмұнды болуымен қатар, жақсы ұйымдастырылғандығын айтқан жөн. Премьер-Министр орын­басарының кеңесшісі Нәзипа Ша­наидың жастарды баурап алған, әдіскерлерге бағыт-бағдар берген танымдық-тақырыптық әңгімелері, Павлодар облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилованың шеберлік сабақтары тіл үйретудің нәтижелі болуына ықпал еткені анық. Ал Тіл мектебінің басты кейіпкері де, жастардың да, ересектердің де сүйіктісі – жоба авторы Жанат Қа­жы­ғалиева болғаны даусыз. Ол қазақ тілін табиғи түрде меңгерудің психологиялық-педагогикалық ас­пек­­тілерін терең меңгерген маман екенін танытты.

Ұстаздың ұстанымы сондай – сөйлеймін деп талпынған адамның қатесін шығарып, ұялтпауы керек. Онсыз да сөздік қорының аздығынан, акцентінен қысылып, сөйлеуге батылы жетпей жүрген адамды түзете берсең, ол тығылып, мүлде сөй­ле­мей қояды. Тіл мектебінің бір ар­тық­шылығы – тілді меңгеру деңгейі шамалас адамдардың біреулер қа­­темді айтып, күлкіге айналдырады деп жасқанбай сөйлей алатындығы. Осылайша, Ассамблеяның Тіл мек­тебі психологиялық кедергілерді ең­серу ортасына айналды.

Әр іс-шараның көшбасшылары болады. Тіл мектебінде де мемлекеттік тілді, қазақтың салт-дәстүрін жақ­сы меңгерген Тамара Дайкова, Максим Голиков, Агджа Набиева, Элвин Магаррамов сынды жастар құрбыларына өнеге көрсетті. Ал қазақ тілін білу деңгейлері өте жақсы Владимир Чепель, Екатерина Гедзур, Елена Пак, Галина Дураченко сияқты жастардың біліктілігі бағаланып, олар мемлекеттік тілді меңгертудің жаңа әдістемесі бойынша жұмыс істейтін әдіскерлер қатарына қосылды.

Сонымен бір апталық Тіл мектебі өз жұмысын аяқтап, жастар өз өңір­леріне аттанды. Жас жүректерді өз мемлекетінің тілін меңгергеніне деген мақтаныш кернеп кеткені анық. Олардың Тіл мектебінен алған тәлімі, мемлекеттік тілге деген сезімдері туралы әлеуметтік желіден оқып, қуанып отырмыз. Біз айтқандай көбі тырысып, қазақ тілінде жазыпты.

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы, филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі