Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Елдің ажары түрлене түсті

175 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алтын бесік ауылдардың сәні мен салтанатын арттырып, сүттей ұйытуға, кем-кетікті келістіріп, олқылықтың орнын толтыруға бағалы бағдарламаның баянды шарапаты тиіп тұр.

Елдің ажары түрлене түсті

Үстіміздегі жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бір ғана құрылыс саласында 35 жоба жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 2821,9 млн теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік-тұрмыстық меке­мелердің инженерлік инфрақұ­рылымдары жөнделмек, білім ошақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша кейіпке енгі­зілмек. Таратып айтатұғын бол­сақ, көптен бері қордаланып қал­ған мәселелердің бағдарлама арқылы жүргізілетін жұмыстың арқасында шешіліп, кейбір көнерген ғимараттардың қай­тадан ел игілігіне жарайтындығы дау тудырмайды. Ел ішінде көңілге алаң туғызған мәселелер аз емес еді. Әсіресе, аудан ішін­дегі жол жайы. Биыл көп тілегі қабыл болып, Жақсы ауы­лының Абай, Степная-1, Степная-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Мемлекет тарапынан көр­сетіліп отырған қамқор­лық­тың ар­қасында ауылымыздың бет-бейнесі өзгеріп, әдемі болып қалды, – дейді ел ағасы Омар Қос­шығұлов, – қанша күтіп ұс­таса да жолдың тозатындығы белгілі. Биылғы жылы бірнеше кө­шеге жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, көпшілікке қолайлы жағ­дай туғызылып отыр. Ән­шейінде ауылға ешкім көңіл бөл­­мейді деген пікір айтылып жатады. Неге бөлінбесін, Жақ­сыдағы жақсы шаруалардан қам­қорлықтың қаншалықты мол екендігін аңғаруға болады. Қазір ауыл тұрғындары құрылысты, әсіресе күрделі жөндеу жұмыс­тары­ның қарқынды жүргізіліп жат­қандығын көздерімен көріп отыр.

Айтса айтқандай, бір ғана Запорожье ауылында төрт бірдей жоба қолға алынып, оның екеуі бойынша жұмыс басталып кеткен. Сондай-ақ Лозовое селосында да 5 жоба жүргізілсе, Бел­ағашта 5, Қимада 5 жоба қолға алынған. Тыңғылықты атқа­рылған жұмыстың арқасында бұл ауылдардың бейнесі еш жерден кем болмайды.

Жақсы ауылының өзінде мамыр айынан бері аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өт­кізілуде. Жоба бойынша бө­лінген қаражаттың көлемі 213,9 миллион теңгені құрайды. Бұрын сәл тозып кеткен мәдениет үйі­нің кіре берісінен бастап, ішкі бөлмелері де жаңартылып, заман талабына сай әрлендіріліп, құлпыртылуда. Алдағы уақытта ойға алған жұмыс түгел аяқталған кезде ауылдың орталығындағы мәдениет үйі тұрғындардың рухани дүниесінің кемелденуіне келісті үлес қосатын орынға ай­налмақ.

Запорожье селосындағы ор­та мектептің тек қабырғалары ға­на қалған, қалғанының бәрін құ­рылысшылар қопарып алып тас­тапты. 1975 жылы салынған екі қабатты ғимарат көптен бері құ­рылысшының қалағы тимеген соң тозыңқыраған жайы бар екен. Енді жоба бойынша бөлінген қаражатқа мектептің едені, төбе­сі, терезесі, сыртқы қаптауы, қор­шауы, электр желілері түп-түгел ауыстырылмақ. Ауқымы атшап­тырым мектеп жа­нындағы алаң жаңадан қор­шалып, абат­тандырылмақ. Ауыл балалары мектеп жанындағы спорт залын­да түрлі үйірмелерге қатыса алады. Қазірдің өзінде еңселі, кең спорт залдың реңі кіріп қалған. Құ­рылыс жұмыстарымен 45 адам айналысуда. Әуелгі келісім бойынша 8 айда түгел аяқтап шығу керек.

– Құрылысшылар уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр, – дейді құрылыс бригадасының бригадирі Елубай Төлегенұлы, – жалпы көлемі екі мың шаршы метр­ді құрайтын мектепті жаңадан салып шықтық десе де болғандай. Жұмысқа жергілікті тұрғындар да тартылып отыр. Ал негізгі ма­мандар өзіміздің бригаданың шеберлері.

Ауылдағы оң оқиға осындай болғанда, аудан орталығындағы қауырт шаруа көз сүйсіндіреді. Жақсы ауылындағы оқушылар үйін жөндеуге қыруар қаражат бөлініп отыр. Шебер қолды құры­лысшылар өз міндеттерін тап-тұйнақтай етіп атқаруда. Осындағы №1 және №2 орта мек­тептерге күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіледі. Мұның барлығы ел болашағы үшін жасалып жатқан айтулы қамқорлық деп айтсақ, жарасымды.

Жақсының жағымды жаңа­лығы аз емес. Мәселен, денешы­нықтыру-сауықтыру кешені қол­ға алынған. Оған 585,6 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Шалғайдағы шағын ауыл үшін ақ түйенің қарны жарылған олжа іс­петті дүние. Шағын футбол алаңы да салынбақ.

Шоқ жұлдыздай шағын ауыл алға басқан замана қадамымен қатар адымдап, көркейіп келеді. Ел де ертеңіне сенімді. Ең бастысы, сол емес пе?!

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы