Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Табиғатқа тамсантты

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болмысынан тау-тасқа, орман-тоғайға аңсары ауып тұратын өскемендіктер А.Пушкин кітапханасында өткен табиғат фотокөрмесін тамашалады. Эксклюзивті фотосуреттерге толы көрме Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырмажылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Табиғатқа тамсантты

Фотосуретшілер ерекше қорғалатын табиғи аумақта сирек кездесетін аң-құстарды, Қызыл кітапқа енген гүл-шөп­терді түсіріп, көрермен назарына ұсынған. Алтайдың қойын-қолатын бір аралап шығып, түз тағыларын түсіріп алу оңай шаруа емес. Көрмеге қойылған жүз шақты фото он-жиырма жылдың еңбегі.

– Катонқарағай ұлттық табиғи паркі 2001 жылы құ­рылған. Қазақстандағы ең ірі ерекше қорғалатын таби­ғи аумақ. Мұнда Көккөл сарқы­рамасы, Рахман қайнары, Бе­рел қорғандары сынды кө­рікті, танымдық орындар бар. Саябақ аумағында құс­тар­дың 300-ден астам түрі, өсім­діктердің мың, жануарлар мен балықтардың жүзге жуық түрі кездеседі. Міне, бүгін солар­дың суреттерін көрермен назарына ұсынып отырмыз, – деді Катонқарағай МҰТП бас директорының орынбасары Раушан Қырықбаева.

Көрмеге қатысқан фото­суретшілердің ішінен В.Во­робьевтің түсірген суреттері ерекше көз тартты. Ол көбінесе таудың биігінде жүретін аң-құстарды түсірумен айналысып келген. Таудың биігі демекші, құз-жартастарда жортатын қар барысының суреті де көрермен назарына ұсынылды.

– Көрмені емес, Алтай тауын аралап келгендей әсерде болдым. Біз білмейтін, біз көрмеген жерлер көп. Барып, тауына шықса шіркін. Десек те, көрмедегі фотолар ерекше әсер береді екен. Күнделікті смартфоннан көріп жүрсек те, көрменің жөні бөлек, – дейді студент Айым Болат.

Алтайды араламасаңыз да, көрмені көріп қайтуға әбден болады. А.Пушкин кітап­ха­на­сы қызметкерлерінің ай­туын­ша, фотокөрме бір ай бойы өс­кемендіктер мен қала қонақ­тарын қуантады.

 

Шығыс Қазақстан облысы