Қазақстан • 28 Шілде, 2021

Қорғаныс министрлері Душанбеде кездесті

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қорғаныс министрлері Душанбеде кездесті

Фото: баспасөз қызметі

Іс-шараға  Үндістаннан – Раджнатх Сингх, Қазақстаннан – генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Қытайдан – генерал-полковник Вэй Фэнхэ, Қырғызстаннан – генерал-майор Таалайбек Омуралиев, Пәкістаннан – Первез Хаттак, Ресейден – армия генералы Сергей Шойгу, Тәжікстаннан – генерал-полковник Шерали Мирзо және Өзбекстаннан – генерал-лейтенант Баходир Курбанов қатысты.

Келіссөз ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры Джумахон Гиесов және Беларусь қорғаныс министрі генерал-лейтенант Виктор Хрениннің қатысуымен өтті.

Кеңеске қатысушылар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Ауғанстан аумағында орын алып жатқан қауіп-қатерді бейтараптандыру бойынша ықтимал әрекеттерді талқылады.

Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытудың, атап айтқанда, терроризмге қарсы іс-қимыл, Ауғанстандағы ахуал, дағдарысты жағдайын болжау, алдын алу шараларын қабылдау және өзара іс-қимыл форматын дамыту, оның ішінде жедел ақпарат алмасуды жолға қою сияқты өзекті мәселелерді қозғады. Сонымен қатар жаһандық деңгейде бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан Сирия мәселесіне тоқталып, Астана процесі барысында қол жеткізілген уағдаластықтар осы елдегі соғыстың айтарлықтай дәрежеде тоқтатылуына және ИГИЛ ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) өктемдігінің жай-күйіне ықпал еткенін атап өтті.

Сонымен бірге, ведомство басшылары Ресей «Бейбіт миссия – 2021» бірлескен терроризмге қарсы әскери командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуді талқылады. Ол биылғы жылғы қыркүйекке жоспарланған.

Келесі кеңес 2022 жылы Өзбекстанда өтеді.