Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Қасиетті Нарын поэтикасы

992 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздегі «Рухани жаңғыру» аясында іске асырылып жатқан іс-шараның бірі киелі жерлерді анықтау екені белгілі. Бұл, туған жерді қатты қадірлейтін қазақ халқына тән қасиеттің бірі. Сондықтан топо­но­микалық атаулар тек геотерминдік қана сипатқа ие жай сөздер емес, олар  – тұрғылықты этностың рухани мәдениетінде зор рөл атқаратын киелі символға ие лингвомәдени құбылыстар.

Қасиетті Нарын поэтикасы

Ал киелілік жайдан-жай тумайды, ол қашанда жалпыхалықтық, тарихи-мәдени, экономикалық алғышарттардың жиын­тығынан құралады. Бұл мағына­сын­да геотермин лингвомәдени атау ретінде әлеуметтік орта өкілдерін бірік­ті­руші түпкі негіз ретінде үлкен пси­хо­ло­гиялық та рөл атқарады. Осы контекс­­те әлдебір культтік нысан сияқты деңгейге жетеді. Ондай өңірлер барлық халықта да, біздің еліміздің барлық жерінде де жетерлік. Олар: Сарыарқа, Жетісу немесе Мұрат ақын жырлаған атақты үш қиян – Еділ, Жа­йық, Манғыстау.

Батыс Қазақстан өңірінде осындай киелі лингвомәдени мәнге ие жер атауы – «Нарын» немесе «Нарын құмы». Географиялық кеңістік, жер аты тұрғысынан энциклопедия оған мынандай анықтама береді: «Нарын құмы – Еділ мен Жайық өңірінің аралығында (сағалық бөліктерінде) оңтүстік жағы Каспий маңы ойпатының шегінде. Аумағы 40 мың шақырым».

«Нарын» атауы жөнінде бірнеше пікір бар, Т.Қонқашбаев, Е.Қойшыбаев бұл сөздің генезисін монғолдың «На­рын» – жіңішке, тар өзен деген сөзі­мен байланыстырса, жергілікті өлкетанушы М.Жолжанов моңғол сөзінің құмға қатысы жоқ деп санап, бұл сөздің этимологиясын оғыз (әзербайжан) сөзі «нарын торпақ», яғни майда топырақпен және тәжіктің «нарын» – «борпылдақ» сөзімен байланыстырады. Оның пікірінше, «Нарын – майда топырақты, борпылдақ құм».

Сонымен қатар М.Жолжанов қазақ­тар кейбір жерде өте ұсақтап даярланған етті нарын деп атайды деген дәлел келті­ре­ді.

«Нарын» (нарын құм) сөзі орысша шыққан географиялық қолданыстарда көбі­не «Рын-пески» деген атпен белгілі болды.

Енді өңірдің тарихи сипатына келер болсақ, ол – Еділ мен Жайық арасындағы құнарлы, шүйгінді жайылымды өлке. Сондықтан көшпенді малшы қазақ ол жерді ежелден мекендеген. Ал оларға дейін көптеген халықтар тіршілік құрып, кейбіреуі тарих сахнасынан мүлдем ығысса, кейбіреулері (мысалы, қалмақтар) басқа жерлерді мекендеп кеткен. Ал патша Павел Біріншінің 1801 жылғы бұйрығымен Нарын құмынан ішкі Орда аталған Бөкей хандығы құрылды. Хандықтың құрылуы Нарын тарихында лингвомәдени құндылықтың пайда болуына әкелді.

Біріншіден, Нарын ұғымының киелік-символдық лингвообразы Махамбет көтерілісімен байланысты да­мыды. Оған ақынның өз өлеңдері себепші болды.

Екіншіден, бұл геотерминге киелі нәрсе ретінде терең ког­нитивтік қаты­нас­тық пайда болуына халықтық генео­ло­гия­лық түп-төркіні, яғни ата-баба жері санайтын нақты географиялық кеңістіктен айырылуы себепші болды. Бұл тұрғыдан Нарын құмы – алыста қалған елес, сағыныш, мұң, елегізу, өткенді аңсау сияқты кон­цептілерге ие.

Үшіншіден, Махамбет тағдыры мен өлке тарихы басқа ақын, жазушылардың нарын құмы символикалық образына деген қызығушылығын туғызды. Географиялық атау осының арқасында ру­хани нүктеге айналды. Сондықтан қазақ поэзиясында қалыптасқан Нарын­ды жырлау дәстүріне, поэзиядағы Нарын бейнесіне тоқталып өтсек.

Осы ұғымды кеңінен қолданған Ма­хамбет жырларындағы Нарын кон­цептісіне келер болсақ, Нарын – бұл үшін қастерлі ұғым, атажұрт, өз елі, сондықтан ол өз өлеңінде (Мен, мен, мен едім, Мен Нарында жү­р­генде…) өзін көрсету үшін, өзінің бақытты өмірі, әлеуметтік мәртебесі қандай болғанын жеткізу үшін Нарында жүргенде қандай болғанын айтады. Махамбет өзінің өмірін екі кезеңге бөледі: Нарындағы және Нарыннан тыс. Нарын – ол үшін ойласа, көкірегі қарс айырылатын, сағынышты ел. Себебі оның көтеріліс салдарынан елден тыс жүргені белгілі. Бірақ «тыс» дегеннің өзі қазіргіше айтқанда тиіп тұрған жер.

Ақын өзінің Нарында деген өлеңінде осы өлкенің ерекшелігін береді. Ол ең біріншіден, әр жолды «Әдіре қалған Нарын», – деп бастайды. Бұл өлеңнің негізі осы «әдіре қалған» сөзі. Бұл сөздің «Адыра қалды. Келмеске кетті, құрып кетті» деген мағынаны беретінін ескерсек, Махамбет Нарынның енді мекен болмайтынын сезеді, «ондай қоныс маған жоқ, құдайым қылды амал жоқ» дейді. Өлең бойынша Нарынның Теңіз, Жайық деген сулы, қамысты, обасы, жыңғылы, талы, жаясы, жалы, құстары, малы бар. Егер күнкөріс тұрғысынан айтты десек: «Әдіре қалған Нарында, Бас пайданың бәрі бар, Қапыда кеткен дүние-ай», деп өкінеді.

Енді Нарынның Махамбеттегі флора мен фаунасынан әлеуметтік құрылымына келер болсақ, «Ата-ана, іні-аға, қатын-бала, Жібектен желбіретіп ұстар туы бар» еңіреген ері және «Көрмегенді көргізген, Күн кемеге мінгізген, Қынама бешпент кигізген, Зәбірлігін тигізген Ордасында Жәңгір деген ханы бар». Яғни дос та, жау да бар.

Ал «Шашылу» деген өлеңінде осы Нарындағы отбасысын, дүниесін, ақсақалдарын айтып өтіп, бәрі де ештеңе емес, деп, «кейінгі қалған жас баланы», болашақты, Нарынның болашағын ойлайды.

Махамбеттің тағы бір жиі қолда­на­тын теңеу сөзі – «алақандай Нарын». Қазақта «алақан» сөзінің таза ана­то­мия­лықтан өзге көп символдық мәнге ие екенін ескерсек, мысалы, «алақанға қарады – дәметті, алақанға тұрды – ба­ғынды, «алақаны жазық» – жомарт және «алақан-аясы» алақан, «алақанға салу» мағынасында жақсы көрудің, ыстық көңілдің метафорасы екенінен шығаратын болсақ, «Алақандай Нарын» - тек аумағы тар, кішкене жер» ғана емес, жанға жақын жер, аяулы жер деп түсіну қажет сияқты. Оның үстіне ол – бәріне таныс жер.

Келесі бір теңеу – «Ен-Нарын». Бұл жерде ақын «Ен» арқылы Нарынның кеңдігін, байтақтығын беруге тырысқан. Оны бірдей атқа мінгенде жер қайысқан қол болатын Өтеміс балалары тек кең-байтақ жерде жүрсе керек-ті.

Ақынның Нарын циклдарының ішіндегі ең трагедиялық нотаға иесі – «Мен Нарыннан кеткенмін» деген шағын  өлеңі. Ақын бұл өлеңінде былай дейді: «Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін». Махамбеттің Жайықтың келесі бетіне өтіп, Нарынға оралудан күдер үзген кезінде шыққан үмітсіздік, амалсыздыққа толы жолдар. «Талақ ету» – ауыр үкім, ауыр шешім. Нарын мен ақын қатынасының әлде бір кульминациясы сияқты жолдар. «Құмыңды құтқа айналдырсам» деген оптимизмнің толық пессимизмге айналуы.

«Абайламай айырылдым, Ар жақтағы елімнен, Анау Нарын деген жерімнен, Тірі кеттім демеймін, Кем болмады өлімнен!», деп өкінеді ақын.

Айта кету керек, жоғарыдағы «Әдіре қалған Нарын» сөзін кейін Ығылман Шөрекұлы «Исатай-Махамбет» дастанында Исатайдың аузына салады.

Енді басқа ақындарға келсек, Бала Ораз бен Құлманбет айтысында Нарынның жайынан хабар беретін мынандай жолдар бар,

Бала Ораз:

Айналасы алты айлық,

Төңірегі төрт айлық,

Шалқып жатқан Нарынды

Үш жылдан кезіп келемін, – десе,

Құлманбет терістеп жауап береді:

Дәулеті бар деп естігем,

Сонау Жайықтан арғы Нарынды

Бұл күндері болғанда,

Нарыннан дәулет арылды.

Кешегі бір уақта,

Нарын деген ар жақта

Иесіз қоныс көп еді.

Бұл күндері болғанда

Нарындағы иесіз қоныстың

Біразы кетті хандыққа,

Біразы кетті қазынаға.

Қайырулы мал өспес,

Нарыннан дәулет арылды.

Осылайша ақын сәні мен дәулетінен айырылған Нарынды суреттейді. Қатал шындықты бетке басады. Нарынның осындай сүреңсіз қалпын, бұрынғысын аңсаған тұрғыдан атақты ақын, «Зар-заман» поэзиясының көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлы да береді. Бұл топ ақындарының орыс бодандығына дейінгі заманды қазақтың құт қонған дәуірі ретінде жырлап, кейінгі заманға пессимизммен қарағаны белгілі.

Сондықтан Мұрат «Сарыарқа» өлеңінде «Әуелі орыс Еділді, Сарытау, Аштарханның жерін де алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды» деп жазады.

«Үш қиянда», «Адыра қалғыр, ит Нарын» деген махамбеттік тіркесті көреміз. Келесі бір жолдарда Нарынның дәулетін, тыныш, қызықты өмірін еске алып, «Енді қайтып келер ме, Бастан өткен сол күндер», деген өз сұрағына «Енді айналып келмейді», деп жауап береді. Оған елдің бодандығын, адамдардың, салт-дәстүрдің бұзылғандығын көлденең тартады. Баяғы «Жатып қалған боз тайлақ, Жардай атан болған жер» Нарынды кейінгі «әдіре қалған Нарынға» қарсы қояды.

Осы жерде Махамбеттен бастап, көптеген ақындарға бұрынғы Нарынды идеалға айналдыру, мифтік қабылдау тән екенін айта кеткен жөн. Олар оны жандандырады, тірі бейнедей қа­­­был­дайды.

Нарынға деген сондай көзқарасты кейінгі ХХ ғасыр ақындарынан да көреміз. Мысалға М.Мақатаев «Құм Нарында» өлеңінде:

Шөккен нар - нар, бура - бура

О, нең жатыр құмдарында?

Махамбеттей ұлдарың ба?

Тірі ұстай тұрмадың ба?

– деген сұрақ қояды.

Ақын М.Ниеталиевтің өлеңдерінен мынандай жолдарды кездестіруге болады:

Беу, Нарын!

Ата қоныс – арманды ел ең,

Исатай іздеп барған неден?

Нарын даласында туып, бүкіл қа­­зақтың мақтанышына айналған Фариза Оңғарсынова былай деп оны жырға қосады:

Қасиетті Нарын, құм Нарын,

Киелі менің құндағым,

Көңілімді таудай тұлғамен,

Құмында көшіп жүріп мен,

Анамның әнін тыңдадым.

Осы ақындардың ішінде Нарынды ең көп жырлаған белгілі атыраулық ақын Нұралы Әжіғалиев болды. Ақын­ның «Нарын» циклдары арнайы зерт­теуді қажет ететін шығар,бірақ біз та­қырыбымыздың аясында ғана шолу жасасақ, ақын өзінің нарындық еке­нін мақтанышпен жиі жырлайды. «Нарынымның мен бір топ қияғымын», дейді ақын. Нарынды-киелі, нұрдан жаралған өлке, қазақтың берекелі ай­ма­ғы санайды. «Жадырап жата берші, жа­рық­тығым» деген тілек айтады.

Ақын Н.Әжіғалиевтің жиі қол­­да­на­тын теңеуі «Ақ Нарын». Осылай аталатын әні бар өлеңінде «аршын төс шағылың арудай шешінген» деген тосын теңеу қолданады. «Ақ Нарыным, армысың» өлеңінде өлке тарихы, өлке мінезі, өлке суреті беріліп, өлең таза антропоморфизмдік сипатқа ие болып келеді. Мысалы,

Жарқыраса қас-қабағың,

 жарқыраймын, шаттанам,

Естілгенде күрсінісің,

жабырқаймын, тоттанам.

Бақыттымын, Ақ Нарыным, …

Жүзіңдегі қуанышты

көргеніме бүгінгі !

 Махамбет басында ақын былай дейді:

Атынан Нарыныңның – киелі елдің

Басымды әруағыңа ие келдім.

Міне, Батыс Қазақстан мен Аты­рау­ды алып жатқан үлкен тарихи мекен «Нарын» атауына байланыс­ты лингво­мәдениеттанымдық шолуды Ма­хам­беттен Нұралы ақынға дейінгі кезеңмен алып осы жолдармен бітіргіміз келеді.

Қорытындылай келе айтарымыз, «Нарын» геотермині – бірнеше лингво­­­мәдени қатпардан тұратын, әр түрлі ассоциативтік бейне туғызып тұрған атау. Өлеңдердегі теңеулер, эмоциялық-психологиялық образдар осының көрінісі. Белгілі бір мекенде (құтты мекен) тіршілік ету, кейін ол жерден айырылу, түп-төркінін жоғалту, ол жерге қайтып барудың, бұрынғыша тіршілік етудің мүмкін еместігін сезіну сарыны – қазіргі урбанизация, жаhандану дәуірінде барлық адамдарға тән. Сондықтан топонимдердің сыртқы атауының тереңіндегі, арғы жағындағы мәдени қабатты тілдік тұрғыдан алып, символдарды оқып білгенде ғана геотермин әлеуметтік жадыда тереңірек сақталады және жай ғана жер атауынан этнолингвистикалық, мәдени жағынан киелі ұғымға айналады. Біз Нарын құмына қатысты өлеңдерден осыны көреміз.

 

Жұмазия Абдрахманова,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты