Әдебиет • 28 Шілде, 2021

Сотталған жырлар

661 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Отызыншы жылдардың ойранын, Кеңес үкіметіне «жат элементтер» – бай мен молда, атқамінер мен саудагерлердің басына күн туған заманды сипаттайтын төмендегі шығарманы Ғалым Ыдырысқалиев ақсақалдан қалған көне дәптерден таптым.

Сотталған жырлар

«Тентек көңілінен сұрайды» деп басталады шығарма. Бұл жердегі «Тентек» - «іш қазандай қайнайды – күресерге дәрмен жоқтың» кебін киген азамат. Бірде бай, бірде молда, бірде қу, бірде саудагер болмаққа әуесі артқан көңілін «сап-сап» деп басып қояды. Бірақ баяғыдай таңдаулы ат мініп, қайратты жолдас ертіп, дұшпаннан кек алатын, тым болмаса сол жолда қолға түспей шейіт болатын күнді аңсайды:

Көңіл, сен не тілейсің Бір Алладан?!

Секілді тартқан сымдай бұралмаған,

Бұлаңдап соқтығасың айналаға –

Секілді мас кісідей жүре алмаған.

Өзіңше білдірмедім дегенменен,

Қалды ма жерің сірә, сыналмаған.

Бірақ та қанша талап еткенменен

Бақ қонбай бір Құдайдан құралмаған.

Сондықтан сұрау қойдым, Көңілім, саған

Тілегің бар ма, ал, - деп, сұралмаған.

 

Көңіл:

Байлықты тәуір көрем Құдай берсе,

Бақ қонып, қыдыр дарып, құрай берсе.

Көзге ілмей әшейінде жүретіндер

Бай ғой деп менен ақыл сұрай келсе.

Ат, сауын менен алу ниетімен

Кедейлер бәрі менің соңыма ерсе.

Тілегім алдыменен осы әзірге,

Мұнан соң тілек көп қой сұрай берсе.

 

Тентек:

Өлсең де бай болуды айта көрме,

Онан да өлген артық тірі көрге.

Өз малы шаян болып өзін шағып

Бейнетті көрген байлар өткен күнде.

Жер ауып ақтығында тозып кетіп

Осы күн орнасты ғой бөтен елге.

Кедейді соңына ертіп алмақ түгіл

Осы күн баса алмайсың түссең герге*.

 

Көңіл:

Енді сен не айтасың болсам молда?

Шариғат сөйлегенде болсам жорға.

Зекет, пітір, құрбандық, мал терісі –

Бәрі де келіп тұрса біздің қолға.

Бай өліп, жаназаға шақыратын

Жегулі ат та тұрса біздің жолда.

Шақырып айналдыра уақыт жетпей

«Жүр, жүрді» салып тұрса оңды-солға.

Егерде осы болсам қор болам ба

Байлықтың дәрежесі мұнан зор ма?!

 

Тентек:

Молданың білсең, Көңіл, күні кетті,

Себебі жас жағының діні кетті.

Мұхтасиб, мүфтиді де молда түгіл

Бұл күнде жер аударып тентіретті.

Садақа, пітір де жоқ, зекет те жоқ,

Бұл күнде ондай заттың бәрі кетті.

Боламын демек түгіл «болар ма ед» деп

Аузыңа ала көрме ондай кепті.

«Молда» деп сотқа беріп, үкім қойса –

Сол күнде әкетпей ме берекетті?

 

Көңіл:

Ендеше қу боламын атқа мінген,

Дау менен әңгіменің бәрін білген.

Пара алып, екі ортадан бітістіріп

Парамен жұрттан алған дәурен сүрген.

Жігіттің бақыты кем болған жоқ қой.

Тап осы мен айтқандай болып жүрген.

Молда да, бай да бұған жем болады –

Айтсам-шы ең әуелі мұны бірден.

 

Тентек:

Қу болып елде еркін жүре алмассың,

Парамен ұзақ өмір сүре алмассың.

ГПУ-дің алдын көріп бір жығылсаң

Қайтадан дұрысталып тұра алмассың.

Айдаса Архангелге алдыменен

Басыңды елге қарай бұра алмассың.

Қор болып қалың қарда орман кессең,

Қайтадан енді қулық қыла алмассың.

Сондықтан мұны да қой, басқасын айт,

Бұл жерің тапқаның жоқ, ал, жолдасым.

 

Көңіл:

Ендеше сауда етемін мал-мұл сойып,

Тұрам ғой ең болмаса етке тойып.

Осы екен, жаңа таптым болатын зат,

Басқаша талаптарды былай қойып.

Пайда етсең бір сапарда жүздеп, мыңдап,

Кетеді аз залалды өзі жойып.

Ақша көп болғаннан соң көңіл де шат,

Жүрмейсің еш бір уақыт жасып, мойып.

 

Тентек:

Сонда ғой оңатының сауда етсең,

Өзіңнің ақ затыңмен сотқа кетсең.

Патент пен поуескеңді* қатар ұстап,

Су кетіп екі иініңнен барып жетсең.

Осылай басың сотқа батып тұрса

Торгпен* дүниеңді сатып тұрса,

107-79 ыстатия

Құйрыққа мұздай болып қатып тұрса.

Шахтыға шамды беріп айдап салып

«Шықпа» деп «нормаң толмай» шатып тұрса.

Ете ғой, ал, сауданы, қой демеймін,

Көңілге жат болмастан жатып тұрса.

 

Көңіл, сен ойдағыны қайдан таптың,

Төтелеп нысанаға жаңа шаптың.

Бай болам, молда болам, қу боламын

Дегенше түсі еді айташақтың.

Аз күнге алдыңа адам шығармасаң,

Керегі қанша қалды алтын тақтың?!.

40 жыл қырғын апат соққанда да

Жазуы болар Жалғыз Жазған Хақтың.

 

Ат мінсең айқын жүйрік таңдап елден,

Әр жерден дос ұстасаң қайратты ерден.

Құтылып қашқаныңда, қусаң жетіп

Көрініп үздік шықсаң талай жерден.

Құлатпай көзге ілгенді жібермейтін

Сондай-ақ бентобкаға* болсаң мерген.

Тастамас жау жолына жалғыз сені

Жолдасың қанды көйлек болса ерген.

Тірілей қолға түспей шаһит болсаң

Алланың бағы мұндай өлім берген.

 

Арман жоқ аз өмірде етсең сайран,

Қой бағып өткізбесең ішіп айран.

15 күн қайта келіп кетсін-дағы

Төңкеріс кешегі өткен, әттең, қайран!

Төтелеп нысанаға шаба келіп,

Көңіл, сен ойдағыны таптың қайдан?

Кек алып оңар едік душар келсе

Дұшпаннан ен далада терең сайдан.

 

Түсініктер:

  1. гер – безбен, таразы;
  2. патент – сауда жүргізуге берілген рұқсат. Совет өкіметі патенті бар саудагерлерді қудалаған;
  3. поуеске – повестка, сотқа шақырту;
  4. торг – салық төлемеген адамды соттап, бүкіл дүние-мүлкін тәркілеп, саудаға салып сатып, түскен ақшасымен салық қарызын жапқан;
  5. бентобка – винтовка.

 

*   *   *

Шығарманың шекесіне «авторы Қайырғалиұлы Салық Жақыпбаев» деп жазып қойғанымен, «тентек пен көңілдің айтысының» иесін көпке дейін таба алмай жүрдік. Ел аузында сақталған, кейін қағазға түскен әдебиет үлгілерінің ішінен мұндай ақын кездеспеді. Тек кейін, 1930 жылдары саяси репрессияға ұшырап, әлі күнге дейін ҰҚК мен ІІМ архивтерінде құпия күйінде сақтаулы жатқан қылмыстық істерге қол жеткенде ғана мәселе мәлім болды. Әділетсіз қоғамның әңгіртаяғын жеген әке мен баланың тағдырымен жақын таныстық. Жоғарыдағы жырды сақтаған Ғалым Ыдырысқалиев атамыздың ерлігіне тәнті болдық. Өйткені «халық жауының» шығармасын сақтағаны үшін-ақ өзі де атылып кетуі әбден мүмкін еді...

 

Әке

Жақыпбаев Қайырғалиды РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабы, 2, 7, 8, 11 бөлімдерімен айыптау туралы тергеу ісі 1938 жылдың 12 мамырында басталыпты. Батыс Қазақстан облысы Шежін ауданы Қызыл бақан (Красный Маяк) колхозында күзетші болып жүрген 53 жастағы Қайырғали Жақыпбайұлы 13 мамыр күні «антисоветтік үгіт-насихат таратқаны үшін» айыпталып, тұтқынға алынған. Тінту кезінде араб жазуындағы кітап, арабша жазуы бар қағаздар алынған. 

Тергеу құжаттарына қарағанда Қайырғали Жақыпбаев 1885 жылы Жаңақала ауданының №13 ауылында туған, бұрынғы молда, өз мешіті болған, 1929 жылы Жаңақала ауданынан жер аударылған, 1930 жылы мемлекеттік астық салығын орындамағаны үшін 5 жылға сотталып, ел аумағынан жер аударылған. «Айыбын» өтеп, ел шетіне – шекарадағы Камен (қазіргі Тасқала) ауданына келгеніне де көп болмаған екен. Әуелі сауатсыздықты жою (ликбез) мектебінде қызмет етіп, кейін қырманға күзетшілікке жіберілген. Тергеудің таққан айыбы – колхозшылар арасында сталиндік конституцияға, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауына қарсы үгіт жүргізді, контрреволюциялық әдебиетті насихаттап, Абай мен Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып берді» болған.

Қылмыстық істе Қайырғалидың өз қолымен жазылған шағымы да бар екен:

«Мен өзім жасымнан жарлы кісінің баласымын. Әкем молда болған жоқ. Өзім жасымнан мұсылманша, 1900 жылы Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында Ғалия үшкөлінде ұсыл жәдит тәртібін оқып, елге келе сол жылы кердері халқына айына 50 сом жалақы алып, 14 қыс бойы жалданып бала оқытып шықтым. 1911 жылы халықтың шақыруымен Жаңақаланың үшкөлінде жаңа тәртіппен бала оқытып, 1918 жылға дейін үздіксіз халық оқытушысы болдым. Оқытқан сабақтарым – математика, история, жағрапия және жаратылыстану. Патша үкіметі құлағанда Тұңғашин Орда қаласын алып, ...1918 жылы Орда қаласында алғашқы ай жарымда оқытушылар курсына кіріп оқып, одан шыққан соң 1919 жылы қаңтар айында Жасқұс шағылындағы бір мектепке сайландым. Содан кейін Жаңақалаға қайтып, Жаңақала уезіндегі 1 басқыш мектебінің меңгерушісі әрі оқытушысы болып 10 жыл істедім. 1928 жылы 1 мизанда мені оқытушылықтан шығарып жіберген соң Жалпақталға көштім. 1929 жылы 50 пұт бидай салығын салды. Бидай сатып алып оны өтедім. Оның үстіне 120 пұт бидай тұқым қорын салды. Оны алуға бидай болмады, өтей алмадым. Сондықтан 1930 жылы менің малымды алып, өзімді жер аударды. 1935 жылға дейін Еділ бойында жүріп, күнімді бітіріп, құжатымды көрсетіп, Сызрань қаласында паспорт алдым. 1936 жылы пойызбен келіп, 13 қауыста Алмалыға (Новоузеньск) түстім. Сонда 10 күн тұрып, Қызылтаң колхозына келіп қыстадым. Қыс шыққан соң Исай совхозына келіп қызмет еттім. 1937 жылы 20 мизанда Қызыл хуторына келіп колхозға кірдім. 1 жедіден бастап 1 сәуірге дейін 4 ай үлкендерді оқыттым. Одан кейін колхоздың тұқым қорасына қарауыл болып тұрмын. ...Менің үйімде тінту кезінде тапқан кітабы – бұрынғы орыс ақындары Лермонтов, Крылов дегендердің қазақша аударылған өлеңдері еді. ...Осы айтқан өмірбаянымды жүрген-тұрған орындарымнан сұрап, анығы білінгенде мені молда болған деп қаралаушылардың сөздері аяқсыз қалып, өзім нақақ тұтқыннан құтылсам екен» деп жазады Қайырғали Жақыпбаев.  

...Орал облыстық қылмыстық сот алқасы 1938 жылы 16 мамырда Жақыпбаевты 10 жыл түрме жазасына кескен. Кейін Жоғарғы Сот үкімді бұзып, қайта тергеуге жіберген. Халық мұғалімінің кейінгі тағдыры бізге белгісіз...

 

Бала

Салық Қайырғалиұлының есімі жоғарыдағы әкесі – Қайырғали Жақыпбайұлының ісінде де бірнеше мәрте айтылады. Айтқанда нағыз қаскүнем, Кеңес үкіметінің жауы, бірнеше мәрте сотталған қарақшы ретінде сипаттайды. Тіпті «Тұтқын анкетасында» оны белгілі мекен-тұрағы жоқ, белгілі кәсібі жоқ қаңғыбас деп белгілеген.

Тергеу құжаттарына қарағанда Салық Қайырғалиұлы 1906 жылы Жаңақала ауданының №7 ауылында туыпты. 1937 жылы 2 маусымда соңғы рет тұтқындалғанға дейін де бірнеше мәрте істі болған. Соның ішінде Михаил Қанатов, Ахмет Аянов деген адамдардың атынан төлқұжат жасатып алып, Қиыр Шығыс, Якутияға дейін барғаны, белгісіз екі адаммен бірге шекара асып, Манчжурияға барып қайтқаны да айтылады. 1936 жылы Саратов облысына келіп, бір колхозда еңбекақысын ала алмай жүрген қазақтардың арызымен Мәскеуге де барыпты. Сол сапардан кейін қазақтардың ақысы түгелденіп, тиісті жалақысы толық төленгені айтылады. Дегенмен, Салыққа тағылған ең басты айып – «байшыл-контрреволюцияшыл топқа қосылып, Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық ұлтшылдық өлеңдер таратты» болыпты.

Қылмыстық істе «Несі?», «Қайда?», «Неден қорқам?» деген өлеңдер басты айғақ ретінде тіркелген. Араб жазуындағы бұл шығармалардың орыс тіліне жолма жол аудармасы жасалыпты. 

 

Несі?

Бұл сөзді қарындашым жазған несі? –

Халықтың қарап тұрып азған несі?

Алтынды сары жезге ауыстырып

Інжуді ен даладан қазған несі?

 

Байлардың барлық малын алған несі?

Барлығын түрмеге айдап салған несі?

Қас болып азаматқа атқа мінген

Жарлының бәрі кейін қалған несі?

 

Байларды бағың бар деп басқан несі?

Бөлініп барлық жарлы қашқан несі?

Қарны ашып, қаңғып кетіп ақырында

Ел тонап, етектерін ашқан несі?

 

Байлардан жарлылардың безген несі?

Нан іздеп жердің жүзін кезген несі?

Артық сөз айтылмасқа өлшеймін деп

Қолына алып жүрген безбен несі?

 

Байлардың бәрін елден қуған несі?

Көл болып көздің жасын жуған несі?

Жалшының есіктегі әкім болып,

Байларға қарсы белін буған несі?

 

Жасыл* сөз жаңбыр болып жауған несі?

Халықтан мұнша бақыт ауған несі?

Байлардың мыңды айдаған осы күнде

Сауынға ешкі асырап сауған несі?

 

Байларды сен байсың деп бөлген несі?

Артынан өздері аштан өлген несі?

Өтірік теңелдің деп халықты алдап,

Артынан ол сөзінен төнген несі?!

 

Жасыл – жасын, найзағай

 

Қайда?

Қарағым, бұрынғы өткен күнің қайда,

Ұйыған Құдайға деп дінің қайда?

Ақсақал қарттар айтса көнетұғын

Тіл алғыш сол күндегі інің қайда?

 

Баяғы мың айдаған байың қайда,

Бай жейтін қазы-қарта, майың қайда?

Арынап шөл қандырып ішетұғын

Сар қымыз, қызыл күрең шайың қайда?

 

Ақ орда тоғыз қанат үйің қайда,

Ақсақал билік айтқан биің қайда?

Жарлылар әкім болып билегесін

Әрине, жоқ қой, ескі күнің қайда?!

 

Неден қорқам?

Теңдік жоқ, жұртты алдаған заңнан қорқам,

Күн тумай түндей атқан таңнан қорқам.

Бай десе бетін басып қарсы тұрған

Кіл жарлы екі аяқты аңнан қорқам.

 

Бар малды тартып алған жаудан қорқам,

Басына шыға алмайтын таудан қорқам.

Дұспан деп өтірік айтып сырыңды ашқан

Алданған аяқ асты аудан қорқам.

 

Күн сайын пәберкі* еткен саннан қорқам,

Тізімге тығып қойған жаннан қорқам.

Айырмай ақ-қарасын ашпай тұрып

Төгілген нақақ жерге қаннан қорқам...

 

Пәберкі – проверка, тексеріс

 

*   *   *

Осы қылмыстық істе Мақсұт Ермеков деген адам жазды делінген «Байларға хат» деген экстремистік өлең туралы да айтылады. Бірақ мәтіні берілмеген. Бұл өлеңді де біз жоғарыдағы Мұқан Ыдырысқалиевтің көне дәптерінен тауып алдық. Ол жерде «Жаңақала ауданының №10 ауыл азаматы Мақсұт Шәуменұлының Расайға көшіп кеткен қазақтарға жазған хаты» деген атпен қағазға түскен екен:

 

Хат жаздым Расайдың қазағына,

Орыстың қалып жүрген мазағына.

Бірің де елде жұмыс етпеуші едің –

Көндің бе сары орыстың азабына?

 

Бай едің бәрің біздің елден кеткен,

Кедейді жеуге бәрің әлің жеткен.

Осындай істеріңмен елден қуған

Айналсаң болмас па бұл үкіметтен?!

Шұбыртып қатын-балаң қалдырмастан,

Жер берген Расайдан – қиыр шеттен.

 

Сіздер жоқ, колхоз болып оңдық қазір,

Не керек – ат пен сайман, бәрі әзір.

Бір тайдың бір күн майын бермегенсіз –

Кедейден қайтар-ау деп бір күн әжір.

 

Сіздер жоқ баяғыдай жүрген жасқап,

Кіл ғана кедей жастар отыр бастап.

Осы күн ел кедейі қуанышта –

Сіздер жоқ ортамызда жүрген жасқап.

 

Байларым, қалай, жұмыс етемісіз,

Жұмыскер болып толық жетемісіз?

Болмаса құрсақ сипап баяғыдай

Өмірге жұмыс етпей кетемісіз?

 

Ет-май жоқ, қара нанды жеп тұрмысыз,

Болмаса о да болмай, тек тұрмысыз?!

Зар болып елдің шетін бір көруге

Әттең, бір елге барар ма ед деп жүрмісіз?!

 

Молда бар, құйыршық бар елден кеткен,

Ұры бар, қансорғыш бар сауда еткен.

Олар да аман жүр ме, қалай екен –

Хабар бар бізге жеткен «күйсіз» деген.

 

Бұл хатың біріңе емес, бәріңе арнап,

Білуге хәлдеріңді хатпен барлап.

Және де мақсатым сол – істеріңді

Қоюға осы хатпен жұртқа жарлап.

 

Жазушы ел атынан, атым – кедей,

Әуелден ата-бабам, затым – кедей.

Үкімет қорғанышым болғаннан соң

Қайтейін аты-затым кедей демей.

Қатесіз бұл сөзімнің дұрыстығы –

Белгілі кісі еңбегін өстім жемей.

 

Хатыма жауап күтем өзіңізден,

Білуге хәлдеріңді сөзіңізден.

Әгарда хатқа жауап бере алсаңыз,

Жауабы тағы болар өзімізден.

 

Жоғарыдағы хатқа Ресей қазағының жауабы:

Хатыңыз келді, кедей, елде қалған,

Арнайы Ресейде бізге салған.

Әр жерден сұрау қойып жазыпсыңыз

Байқасам сөзіңіздің көбі жалған.

Азапқа көндіңіз бе деп сұрайсыз –

Бізде жоқ азап көріп, арып-талған.

Есіттік біз кеткен соң елде бар деп

Аштықтан әр ауданда өліп қалған.

Мал болып біреуі де қосылмапты

«Өзімнің үлесім» деп бізден алған.

 

Ырас қой біздің елден кеткеніміз,

Аралап Ресейге жеткеніміз.

Құдайдың берген бағы арқасында

Құралад біздің кәсіп еткеніміз.

«Ат-сайман, бәрі әзір» деп мақтанасыз,

Сонсын ба сауын сиыр жеккеніңіз?!

Үйіңнен таңда кетіп, түнде келіп

Жалпылдап жаман шенел шекпеніңіз.

Ақысыз аш-жалаңаш жалшы болып

Жүргенді әлі жоқ па шеккеніңіз?

Бір тайдың майы түгіл басыменен

Алғаның бермеді деп неткеніңіз?!

 

Осы ма колхоз болып оңған күнің –

Мұқтажсыз болып әбден болған күнің?

Киімсіз әм тамақсыз және хақсыз

Білінбей тұр ма аязға тоңған күнің?!

 

Осылай колхоз етіп құрап отыр,

Ет пен май, жүн, сүйек деп сұрап отыр.

Мал сатып, оны тауып беруіне

Жібермей құйрықтарын бұрап отыр.

Келуге Ресейге күші жетпей

Өзіңдей талай кедей жылап отыр.

Уақытсыз жан шыға ма, амалы жоқ –

Көзінен қанды жасын бұлап отыр.

 

Колхозда сіз жоқ дейсіз жүрген ластап,

Мақтайсың кедей жастар отыр бастап.

Кіл кедей дым көрмеген мал баққан соң

Жүрсіз ғой барлық малды қырып тастап.

Жыл шығар тәуір малдың бәрін жойып

Жинайсыз өсімді деп арық баспақ.

Болмаса қойды сатып, шошқа аласыз,

Арамға халал малды айырбастап.

Қорсылдап үй басына бір күшігі

Ас, ыдыс, аяқ-табақ – бәрін ластап.

Жүрсек те сары орыстың жерін жайлап,

Шошқаны жолатпаймыз көрсек жасқап.

Сөз еді айтылмайтын мұның бәрі –

Тұрған соң неге айтпайын өзің бастап.

 

Сұрапсыз қалай, жұмыс етем(і)сіз деп,

Жұмыскер болып толық жетем(і)сіз деп.

Айтайын бұл жайында қанықтырып

Тұрған соң ғашық болып жауап іздеп.

 

Жұмысты етсек біздің атымыз бар,

Алатын істегенде ақымыз бар.

Болады құрсақ сипап жатуға да

Еш адам айдамайды, қақымыз бар.

Сіздердің атың да жоқ, ақың да жоқ,–

Бармасқа жұмсағанда хақың да жоқ.

Ертеңнен кешке дейін тоңып келсең

Үйіңде тойып ішер асың да жоқ.

Кешегі бізде жүрген уақытыңда

Ең болмаса болушы еді тамағың тоқ.

Қазірде трудденде* күн санайсың –

Қолыңа тиетұғын затың да жоқ.

 

Сұрапсыз қара нанды жейсіз бе деп,

«Елге бір барар ма еді» дейсіз бе деп.

Нан түгіл баяғыдай ет-майды да

Күндікке біз отырмыз тойғанша жеп.

Тарының кебегі мен сұлы астығын

Есіттік елде колхоз беріпті деп.

Осыны есіте тұрып елге барып

Байларды ойлап па едің Мәжнүн деп?!

Құдайым елді неге көрсетеді –

Сіздерге киілгенде осындай кеп.

 

Сұрапсыз ұры менен құйыршықты,

Молда мен саудагерді болған мықты.

Олар да аман-есен, өте күйлі

Сіздерден әлі тәуір болып шықты.

Айналған үкіметің осыларды

Жойған соң азу тісін кімге тықты?

 

Бұл хатты жазған болсаң арнап бізге,

Жол болды жауап беру бізде сізге.

«Бай жаман» десем жақсы көрінем деп,

Өтірік өсек болса, бәрін тізбе.

Ақындық атақ шықпас өтірікпен –

Таба алсаң достық пенен шындықты ізде.

 

Қол қойдың аяғында кедеймін деп,

Белгілі кісі еңбегін жемеймін деп.

Жер едің, кедей болдың, кім міндеткер

Бай болсаң ойлар едің не деймін деп.

 

Хатыма жауап күтем депсің бізден,

Тағы жаз бұл хат барса, жауап ізден.

Шындықты жазысуға мен риза,

Қолымнан келгенінше өсек тізбен.

Жүрген соң Ресейде елден шығып

Отырмын хат жазысып мен де сізбен.

 

Бай деуге мен де артық бай емеспін,

Дегенмен момын шаруа, жай емеспін.

Болғанмен қоныс басқа, туыс бірге

Құр босқа керегі не ерегістің?!

 

Ал, кедей, әзірлікке осы жетер,

Көп болса, тыңдаушыға дәмі кетер.

Бұл жазған – тұрмысыңның мыңнан бірі,

Не керек қаза беріп дедім бекер.

Әйтпесе оразаға көшкен ермек,

Бір талай сөз бар еді әңгіме етер...

 

*   *   *

Бір таңқаларлығы, тергеу кезінде Салық Қайырғалиұлы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Жоғарыдағы өлеңдердің де авторлығынан бас тартқан. Осы қылмыстық істе 1876 жылы туған Ермеков Мақсұт пен 1873 жылы туған Ниетқали Ералиев те «ұйымдасқан контрреволюциялық ұлтшыл үгіт-насихат тобының мүшесі ретінде жауапқа тартылған. Оларға жоғарыдағы өлеңдерді жазып таратқаны үшін айып тағылған. Мақсұт Ермековті тергеу құжаттарында «бұрынғы бай, сотталып, жер аударылған, Ахмет Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейхановтармен тығыз қарым-қатынаста болған» десе, Ниетқали Ералиев те 1930 жылы астық тапсыру жоспарын орындамағаны үшін Шежін халық сотының үкімімен 5 жылға сотталғаны жазылыпты.

...«Үштіктің» шешімімен Салық Қайырғалиев, Мақсұт Ермеков және Ниетқали Ералиев 1937 жылы 2 қыркүйекте ату жазасына кесілген. Үкім бірден орындалған. Содан жарты ғасырдан астам уақыт бұларды жоқтаған ешкім болмаған. Тек КСРО-да қайта құру мен демократияның лебі есіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтаған 1989 жылы жалпы топпен бірге бұлар да «іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан» ақтауға ілініпті. Ал «сотталған» жырлардың жарыққа шығып, халыққа жетуі – ХХІ ғасырдың 21-інші жылы, рамазан айында нәсіп болыпты.

 

Батыс Қазақстан облысы