Қоғам • 28 Шілде, 2021

Балаңыз кітап оқи ма?

1156 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде қоғам алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі – адамдардың кітап оқудан қалып бара жатқаны. Оған түрлі себеп-сылтаулар айтылады. Уақыттың тапшылығы, өмір сүрудің қиындап бара жатқаны, ең соңында қолдағы телефонға, яғни әлеуметтік желілерге деген тәуелділік кітап ұстауға мұрша бермейді-міс. Зиялы қауым өкілдері (оның ішінде мұғалімдер қауымы) газет-журнал көрсе бөжей кездестіргендей тітіркенеді екен. Шындығында солай ма? Адамзат кітаптан жеріп отыр ма?

Балаңыз кітап оқи ма?

Жоқ, бірден кесіп айтамыз, бұл кітап оқығанды артық жұмыс санай­тын­дардың, бар болмысымен байлықтың бодауында кеткендердің, рухани жан дүниесі мешел жандардың ғана айла-амалы, ойлап тапқан қорғаны ғана. Шын мәнінде, кітап адамның жан жарасын емдейді, рухани байытады, көзін ашады, өмірге деген құштарлығын арттырады.

Білімсіздік тоғышарлыққа жол ашады. Тоғышарлық – көл-көсір дүниені, яғни материалдық негізді ғана мойындайды. Құлқын мен нәпсінің арбауынан шыға алмайтындар адам жанын керемет нұрға бөлер рухани байлықтың қадыр-қасиетін қайдан ұқсын!

Осы ретте «кітапты қалай оқимыз?» деген сұрақ алдымыздан шығады. Оған ло­гика ғылымдарының профессоры Сергей Поварниннің «Как читать книги?» атты кітабынан жауап табамыз. Ол «кітап оқудың негізі – диалог» деп тұжырымдайды. Міне, іздегенімізді тап­қандаймыз. Есіңізде ме, бала күн­дерімізде кітапханадан кітап алсақ, қайтарып беріп тұрғанда кітапханашы апай: «не оқығаныңды, не түсінгеніңді айтып берші» деп сұраушы еді ғой. Мектепте мұғалім алдында тұрғандай қолымыздағы кітапқа қарағыштап қойып, түсінгендерімізді, оқиғалар желісін, басты кейіпкерлерді, неден жиреніп, неден үйрену керек екенін шама-шарқымызша айтып шығар едік. Апайымыздың көңілінен шықсақ «Ой, жарайсың!» деп кекілімізден сипайтын. Бұл әлемдегі барлық сыйлықтан артық болатын. Бұдан соң көңіліміз кәдімгідей көтеріліп, өзімізді есейіп қалғандай сезінетінбіз. Кітапханашы апайды көрсек, бас киімімізді алып сәлем берер едік. Олардың «пәленшенің баласы кітапты көп оқиды» деген бір ауыз сөзі бізге қанат бітіретін. Сыныптастармен оқыған кітаптарымыз жайлы пікірталас өткізетінбіз. Жоғарыдағы профессордың «диалог» деуінің мәнісі осы.

Тағы бір есте қалған жайт, бала ке­зімізде кітаптың қысқаша мазмұ­нын, кейіпкерлерін, оқиғаларын, түсін­­ге­ні­мізді арнайы дәптерге жазып қоя­тын­быз. Қазір мұны ғылым тілінде «саммари» атап жүр ғой. Сол саммариді оқығанда кітаптың бар­лық сүзгіден өткен қаймағы, оқи­ғалары, кейіпкерлері еске сап етіп түсе қалатын. Мен кейде базбір оқу­шылардың кәдімгі баға қоя­тын күн­делікті толтыруға ерінетінін көріп, ішім ашиды. Өмір күнделігі, көңіл күн­делігі бұл жерде басқа әңгіме.

Қазіргі ауыл кітапханаларындағы қызметкерлерде жоғарыда біз айт­қандай бедел-құрмет бар ма? Алыс ауыл­дарды, қаладағы мектептерді қыз­мет бабымен көп аралаймыз. Сон­да бай­қайтынымыз, кітапхана оқу­лық­­тар таратып, күзде жинап алатын орын сияқтанады. Көбіне мектеп кітап­ханашыларын орындарынан таппай да қаласыз. Оның себебі де бар. Мұ­ғалімдердің жалақысы бүгінде едәуір өсті. Артық айтсақ, тіліміз жазықты, бір мұғалім бір үйді асырайтындай жағдайға жетті. Ал осы мектепте таңертеңнен кеш­ке дейін жүретін кітапханашы еден жуушының айлығынан сәл ғана жоғары айлық алады. Енді кітапханашыларға кінә қоя аламыз ба?

Сондықтан бірінші кезекте барлық саладағы, мейлі ол далада болсын, қала­да болсын, кітапханашылардың ай­лық еңбекақысын көтеру керек. Қазір Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарында кітапханашылар даярлайтын арнайы факультет жоқтың қасы. Барының өзіне үш-төрт талапкер ғана құжат тапсыратын көрінеді. Неге? Себеп жоғарыдағыдай. Қазір бар­­лық құн­дылықтан материалдық құн­дылық алға шығып кетті. Сондық­тан ертеңін ойлаған жастар басқа ма­­ман­­дықтарға бейімделеді. Солай қарай бет бұрады.

Жә, негізгі тақырыпқа оралайық. Кітапты қалай оқуымыз керек? Бұл жер­дегі ең өзекті мәселе – кітапты дұрыс таңдай білуде. Осы орайда біздің кейбір ғалымдарымыз, әдебиет сыншылары кі­таптың тілі, стилі, оқиғаларының шие­ленісіп жатуы үлкен рөл атқарады дейді. Келісеміз. Бүгінде балалар ағыл­шын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» кітабының желісі бо­йын­ша түсірілген фильмдерді көп тама­шалайды. Осы кітапты да жиі қолға алады. Жеткіншектер негізінен ғылыми-фантастикалық кітаптар мен саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады екен. Өкініштісі сол, бүгінде елімізде жеткіншектерге арналған фан­тастикалық әдебиеттер аз. Бары шет тілдерінен аударылғандары ғана. Бізде балалар әдебиетіне біржола бойлап, солардың ойлау жүйесімен, тілімен кітап жазатын жазушыларымыз саусақпен санарлық қана.

Осы жерде «Ана тілі» газетінің 2020 жылғы 10-23 желтоқсанындағы №50 санында жарияланған белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Балалық бей­неміздің белгісі» атты мақаласы еске түседі. Автор осы кітап жайлы ай­та келіп, бүгінгі балалар бойына кітап кейіп­­кері Қожаға тән адалдықты, қайрат-жі­герді, қайырымдылық пен қамқоршыл қасиеттерді көргісі келетінін, сондықтан өркениетті елдердегідей кішкентай Қожаға символдық образ ретінде ес­керткіш орнату жайлы ой қозғаған бола­тын. Осы мақаладағы көтерілген мәселе Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа дейін жетіп, Мемлекет басшысынан қолдау тап­ты. Құдай қаласа, таяу күндері Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің бірінен бала Қожаны кездестіріп қалсаңыз, таңырқамаңыз.

Иә біздің не айтпақ болғанымызды оқырман жақсы түсінді. Кішкентай бала кішкентай кейіпкердің ескерткішін көрген соң, оның тағдырына құмартады. Кішкентай кейіпкердің өмір жолын білу үшін талпынады, ізденеді. Ол сонда кітапқа жүгінбегенде, кімге жүгінбек? Сондықтан ағылшын жазушысы Джоан Роулинг сияқты қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев, тағы басқа да балалар тақырыбына жазған, жазып жүрген қаламгерлер бізге ауадай қажет. Сіз балаңызды кітап оқуға осы шығармалар арқылы ынталандыра аласыз. Балаңыздың алдына кітап қойған соң оны бірден оқып тауысуға мәжбүрлемеңіз. Ол мұндайда кітапты парақтап қана шығады. Сондықтан ұлыңыз не қызыңыз кітапты ашпас бұрын «Мұнда мынадай қызық оқиға бар. Бұл сені мынадай қасиеттерге баулиды» деп көріңіз. Әдепкі күні балаңыз бес бет қана оқысын. Ертеңіне тағы бес бет. Одан әрі оқиға желісімен өзі-ақ алып кетеді. Кітапты оқып болғаннан соң міндетті түрде қандай әсер алғанын сұрап біліңіз. Екеулеп кітапты талдап көріңіз. Міне, осыдан соң балаңыз тағы қандай кітап оқу керектігін сізден өзі-ақ сұрайды. Ал мұнан кейінгі нәтиже тіптен керемет! Ұрпағыңыз руханият ор­дасы – кітапханаға өзі кетіп бара жатады. Мұны баланы шабыттандыру деп біліңіз.

Ал баланы шабыттандыру үшін не істеу керек? Ең әуелі ата-аналардың өзі кітап оқып үйренулері тиіс. Күні бойы компьютерде отыру, телефонға телміру ми қатпарларын талқандап, көздің көру қабілетін нашарлатады дегенді бізсіз де оқып жүрсіз. Балаңызға қастығыңыз болмаса, оны әлеуметтік желілерден ажыратыңыз. Ой-өрісі кең, сұлу сөйлем құрай алатын, ойын анық та тұжырымды жеткізе білетін қай баладан да ертең лидер шығады. Осыны ұмытпайық.

Түгесілмейтін телесерияларға телмі­ру, көк тиындық пайдасы жоқ интернет ойындарына шұқшию, әлеуметтік желілерге тәуелділік үлкендердің де сана­ларына салмақ түсіреді, ойларын тежейді. Олай болса сіздің өмір­лік сұрақтарыңызға жауап беретін кітап­тарды оқыңыз. Ой түйіңіз.

Сонымен сізге сұрақ: балаңыз кітап оқи ма? «Оқиды». Ендеше, сіз – ұлағатты ұстаз, жақсы ата-анасыз.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ