Экономика • 28 Шілде, 2021

9 ай «толғатқан» 9 пайыз

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның Ұлттық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздан 9,25 пайызға қымбаттатты. Базалық пайыздық мөлшерлеме – орталық банктің екінші деңгейлі банктерге несие берер кезде қолданатын пайыздық ставкасы. Осыған сәйкес қаржы институттары орталық банктен алған несиесін заңды және жеке тұлғаларға таратып, одан пайда көру үшін базалық ставканың үстіне тағы пайыз үстемелейді. Сөйтіп өз пайдасын ажыратады.

9 ай «толғатқан»  9 пайыз

Базалық пайыздық мөлшерлеме банктер арасындағы ақша айналымын реттеу және банктер жұмысының тиімділігін сақтау үшін қолданылады. Оның тағы бір маңызды міндеті – инфляция деңгейін мемлекеттің ыңғайына сәйкес ұстап отыру (инфляция – та­уарлар мен қызметтер бағасының ұзақ мерзімде қымбаттауы), яғни базалық ставканың мейлінше төмен болуы төл валютаны құнсызданудан қорғайды. Түсінгеніңіздей, Ұлттық банк ставканы көтерсе, банктердің де қарызы қымбаттайды. Бұл кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың қалтасына салмақ салады. Сөйткен ставка 9-дан 9,25 пайызға қымбаттап отыр.

Ұлттық банк былтыр 21 шілдеде базалық мөлшерлемені 9,25-тен 9 пайызға төмендеткен еді. Долларды кең көлемде пайдаланудың өсу тәуекелдері айтарлықтай азайып, бұл базалық ставканы төмендетуге себеп болған. Содан бері 9 айға жуық уақыт бойы база­лық мөлшерлеме 9 пайыз деңгейінде сақталды. Бұған дейін бірқатар сарапшы ставка төмендеуі керек, сонда несие де арзандайды деген ой айтқан. Алайда экономист Жалғасбек Ақ­болат­тың пайымы басқаша.

«Базалық мөлшерлеме төмендесе, несие де арзандайды, тиісінше азаматтар арзан несие ала бастайды. Тұтынушылық мақсатта техниканы да көптеп сатып алады. Бір кезде техникаға деген сұраныстың артуына байланыс­ты оның бағалары өседі. Бағаның өсуі инфляцияға алып келеді. Ал біздің базалық ставканың мақсаты – инфляция­ны барынша тежеп ұстап, оның өсуіне жол бермеу», дейді сарапшы.

Ставканың жоғары болуы инвести­ция­лық климат үшін де тиімді дейді ол. Сарап­шының сөзіне сүйенсек, базалық мөлшерлеме жоғары болса инвестор­лардың кірісі де көбейеді. Ал ақшаның көп келуі – ел экономикасы үшін пайдалы.  Бірер күн бұрын телеграмдағы RiskTakersKZ каналы базалық ставка өсуі керек деген пікірді жария еткен еді.

«Айырбас курсын, осыған дейінгі инфляцияларды есепке ала отырып 2021-дің қорытындысы бойынша инфляция 7,2-7,4 пайызға жетеді деп болжаймыз. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, маусымда тауарлар мен қыз­меттер 1,1 пайызға қымбаттап, жыл­дық мәнде 7,9 пайызға жеткен. Инфля­цияның ең басты компоненті – азық-түлік тауарларының қымбаттауы 10,6 пайызға дейін көтерілген. Біздің бағалауымызша, Ұлттық банк ставканы өсіруі керек және оны 9,25 пайызға көтереді деп болжаймыз. Бұл Ұлттық банктің келесі кезеңдерде инфляциялық тәуекелдерге ден қоюға және нарықтағы реакцияны баға­лауға дайындығын көрсетуге мүм­кін­дік береді» деп жазады.

Бұл ретте канал Ұлттық банк дәл қазір­гі несиелеу қарқынын төмендетуге бол­май­тынын жақсы түсінуі қажет, сон­дық­тан ставканы 0,5 пайыздан жоға­рыла­тып жіберуге де болмайды деген байлам жасайды.

Маусым айында елдегі инфляция дең­гейі 7,9 пайыз болды (мамыр айын­да 7,2 пайыз болған еді). Қазақстан баға­ны бақылаудай-ақ бақылап отыр. Бірақ нәтиже шығар емес. Мемлекет баға­ны бақылаудың бірнеше механизмін қол­данды. Олар – сауда желілеріне жергілікті бюджеттен пайызсыз займ беру арқылы азық-түлік тауарларын төмен бағамен сатқызу. Бірақ несие тоқтағанда не болады деген сұрақ туады. Екінші механизм – тұрақтандыру қорын қалыптас­тыру. Алайда соңғы кезде бұл қорлардың жұмысы көп күмән туғызуға себепші болып жүр. Мәселен, жазда көкөніс пен жеміс-жидек тапшылығы кезінде қорлар көмекке келе алмады.

Иә, инфляция бізде ғана емес, бір­қатар елде байқалуда. Осы­ған орай Қазақ­станнан бас­қа ЕАЭО-ға мүше ел­дер­дің бар­лығы ақша-несие саясатын қа­таң­­датты. Мәселен, Ресей Ор­та­­лық банкі инфляцияның кү­шеюіне байланысты маусымда база­лық пайыздық ставканы 5,5 пайызға дейін көтерді. Одан бөлек Түркия, Чили, Украина, Грузия, Армения, Беларусь, Қырғызстан елдері де базалық па­йыздық ставканы өсірді. Бұл шара­ны олардың барлығы баға өсі­міне қарсы дайындалған шектеу шарасы ретінде түсіндірген. Сарапшылардың айтуынша, бұдан әрі қарай ЕАЭО елдерінен ке­ле­тін капитал ағыны мен инфляция им­портына жол бермес үшін ұлттық валю­таны жоғары пайыздық ставка арқылы бәсекеге қабілетті етуге тура келмек.

AERC аға сарапшысы Евгения Пак­тың айтуынша, базалық ставканы көтеру­дің пайдасы көп болып тұр. Тура қазіргі қымбатшылық жағдайында.

«Негізі инфляция мамырдың қоры­тын­­дысы бойынша-ақ 7,2 пайыз дең­гейінде тұрды. Бірақ базалық ставка 9 па­йыз деңгейінде сақталып қала берді. Сірә, комитет экономикалық қалпына келуді әлі де тұрақты емес деп бағалап, ставканы өзгертпеген секілді. Алайда күтпеген жерден «Дельта» штамм пайда болды. Енді базалық ставканы көтермесе болмайды. Базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға дейін көтеру елдегі инфляция қарқынын төмендетеді» дейді Е.Пак.

Ұлттық банктің хабарлауынша, мөл­шерлеменің артуы тең­ге­лік активтер­дің тартымды бола түсуі­не жол ашады.

«Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы маусымда 10,6 пайызға дейін жылдамдап, жалпы инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастырды. Бұл – көкөністердің, атап айтқанда, картоп, сәбіз бен қызыл­шаның күрт қымбаттауына байланысты. Жалпы алғанда, азық-түлік бағасының көтерілуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын компоненті 2021 жылғы маусымда 6,9 пайызға дейін үдеді. Өндірушілер бағасының өсуі, сондай-ақ сұраныстың қалпына келуі жағдайында бензин ба­ғасының жылдық өсу қарқыны үдеуін жалғастырды. Қалпына келе бас­та­ған тұтынушылық сұраныс киім-кешек­тің, аяқкиім­нің, автомобильдердің, тұр­мыс­тық техника мен жиһаздың қым­бат­­тауына ықпал етті. Сауда әріп­тес ел­дер­дегі инфляцияның жедел­деуі және шикізат пен ара­лық материалдарға әлем­дік баға­­ның өсуі жағдайларында им­порт­тық жет­кізілімдер бағасы­ның өсуі азық-тү­лікке жатпай­тын та­уар­лар­ға қо­сым­ша проинф­ля­ция­лық қысым көрсетуде» делінг­ен ҰБ хабарламасында.

Халықаралық валюта қоры­ның болжамынша, биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 6 па­йыз деңгейінде болып, 2022 жылы 4,4 пайызға дейін баяуламақ. Сонымен қатар сауда серіктес елдерде де экономикалық өсім қалпына келе бас­тайды деп күтілуде: 2021 жылы ЕО эко­­но­микасы – 4,4, Ресей – 3,8, Қытай 8,4 па­йызға өспек. Дегенмен «Дельта» штам­ының едәуір таралуы, соған бай­ланысты шектеу шараларының қайта күш алуы өнеркәсіп пен қызмет көрсету сала­ларындағы іскерлік белсенділікке теріс әсер етеді. Дәл осы «Дельта» штамм мұ­най на­рығындағы бағаны да күніге мың құ­был­тып тұрған жайы бар. Бұл орайда ҰБ инфляцияға қарсы факторлар ұл­ғая берсе ақша-несие талаптарын одан әрі күшейтуге дайынбыз дейді. Яғни жыл­дың екінші жартысында инфля­ция одан әрі үдей түссе, ҰБ базалық ставканы да тағы да жоғарылату туралы шешім қабыл­дауы әбден мүмкін. Базалық мөл­шер­лемеге қатысты келесі шешім 13 қыр­кү­йекте қабылданады. Телеграмдағы Tengenomika каналының жүргізген сауална­масында оқырмандардың 37 пайызы ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті келесі отырыста ставканы тағы да көтеруі мүмкін деп болжам жасаған. Ал 31 пайызы «сөзсіз көтереді» деген жорамал айтыпты.