Қоғам • 29 Шілде, 2021

Отбасындағы ойран азаяр емес

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отбасының ойранын шығарып, қит етсе әйеліне жұдырық ала жүгіретін еркектердің 80 пайызы тұрақты жұмыс істемейді. Ал елімізде тіркелетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысына жуығы ішімдіктің салдарынан туындайды. Көңілге қаяу түсіретін мұндай статистиканы онлайн өткен брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк жариялады.

Отбасындағы ойран азаяр емес

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданған 12 жылдың ішінде бұл құжатқа 12 рет өз­­герістер мен толықтырулар енгізіл­ген екен. Ал өткен жылдан бастап Мем­ле­кет басшысының тапсырмасымен тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық үшін жауап­кер­­шілік тағы күшейтілді. ІІМ өкілі­нің мә­лім­деуінше, жыл басынан бері по­ли­ция қыз­мет­керлері 47 мыңнан ас­там қорғау нұс­қа­масын шығарса, тағы 6 мың­ға жуық отбасы ти­ранына сот арнайы талаптар белгі­л­еген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбі­не-көп жасырын сипатта болатынын айтқан спикер әдетте әйелдердің отба­сындағы дау-жанжалды сыртқа шығар­май, іште тұмшалап, жасырып қа­латынын жеткізді. «Отбасылық тиранның озбырлығынан қорғану үшін олар тіпті полицияға да барғысы келмейді», деді А.Милюк.

Елімізде тұрмыстық зор­лық-зомбы­лық­қа қарсы күрес күшей­тіл­ді, заң талап­тары да қатаңда­тылды. Алай­да заң­дық тұрғыдан осындай әдіс­терді бел­сенді қолдану екінші бір мәсе­лені туын­датып отыр. Соңғы уақыт­та елімізде ажы­расу кө­бе­йіп кеткен. Статистика­ға сәйкес, 2020 жылы елі­мізде 14700 от­басы­лық жұп ажы­рас­са, олардың дені – 1 жы­лдан 4 жыл­ға дейін ғана некеде бол­ған­дар. Ал 2300 ша­ңы­рақ тіпті бір жыл­ға жетпей шайқалған.

«Мұндай жағдай елдегі тірі жетімдер қатарын қалыңдатып, толық емес және аз қамтылған отбасылар санының артуы, алимент төлеуден жалтарған жа­уап­сыз әке секілді онсыз да күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелерді күрделендіріп отыр», деген спикер тұрмыстық зорлық-зомбылықты бөгеу үшін, ең алдымен, оған жол беретін себептердің алдын алу керек екенін тілге тиек етті. Осыған орай Ішкі істер министрлігінің өкілі: «Жақындарына күш көрсететін құқық бұзушылармен де, зорлық-зомбылық құрбандарымен де кешенді оңалту және психокоррекциялық жұмыстар жүргізуге бет бұруымыз қажет», деді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ажырасудың алдын алуда отбасылық құндылықтарды арттырып, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Осыған орай ІІМ қазіргі уақытта де­пу­­таттық корпуспен бірлесіп құқық бұзу­шылар үшін оңалту бағдар­лама­ларын енгізу мәселелерін жан-жақты қарастыру үстінде. Ал бұл бастамаларды отбасы институтын нығайтудың жекелеген мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде іске асыру жос­парланып отыр», деген ведомство қызметкері отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін үкімет­тік емес ұйымдардың әлеуетін тиімді пайдалану керектігін де атап өтті. «Мұндай ұйымдар тұрмыстық зор­лық-зомбылық құрбандарына бас­пана беріп қана қоймайды, оларға құқықт­ық, медициналық, әлеуметтік, сон­дай-ақ психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді, тренингтер мен консультациялар өткізеді», деген А.Милюк өз шаңырағында ерінен зорлық көріп, зом­бы­лықтың құрбаны болған кез кел­ген жан осындай ұйымдарға жүгіне ала­­тынын, болмаса полиция қызметкер­лері­нің тікелей көмегімен дағдарыс орталық­тарына орналаса алатындығын айтты.

Ал бүгінде еліміз бойынша 49 дағ­дарыс орталығы жұмыс істесе, оның 39-ы арнайы баспанамен қамтамасыз етіл­ген. Биылдың өзінде полиция қыз­мет­керлері отбасынан жылу таппай, таяққа жығылып, қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталықтарына орналастырған.