Экология • 29 Шілде, 2021

Құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратады

828 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының ауасы тарылмауы – ұдайы қадағалауды қажет ететін мәселе. Жаңа нысандар көптеп салынатын елордада қоқыстың біршама бөлігін құрылыс қалдықтары құрайды. Сондықтан қала экологиясын жақсарту бағытындағы жүйелі іс-шаралар аясында биыл құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң іске қосылмақ.

Құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратады

Осы жылы астанада «Солтүстік жотасы» карьерін одан әрі рекультивациялай отырып, құрылыс қалдықтарын жинайтын әрі өңдейтін арнайы алаң жұмысы жолға қойылады. Бұл алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары сияқты құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Мұнда құрылыс қалдықтарының 50%-ын қиыршық тасқа, 10-15%-ын арматураға және басқа да материалға өңдеуге болады.

Жалпы, шаһарда қоқыс өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл кәсіпорын қуатын екі есеге – жылына 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке жинау үшін арнайы контейнерлер, сондай-ақ құрамында сынабы бар шамдарды жинауға арналған контейнерлер орнатылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу деңгейі 75%, қайталама шикізатты алу 17% көрсеткішіне жетті.

Нұр-Сұлтан әкімдігі қала экологиясын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Соның ішінде қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және болдырмау бойынша жұмыстар қолға алынған. Жыл басынан бері экологиялық полициямен бірлесіп 100-ден аса рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Полигонға 70 мың тоннадан аса қалдық шығарылды.

Қоқысты белгіленбеген орындарға жинап қойғаны және заңсыз түсіргені үшін 1000 құқық бұзушы (құры­лыс ұйымдары, кәсіпкерлер және т.б.) әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Құқық бұзушылар iKomek қызметінің арқасында жауапқа тартылады. Бірнеше рет қайталанған жағдайда құрылыс жұмысы тоқтатылады.

Елордалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, жуырда Ақмола облы­сының Айналма жолы аумағында, сондай-ақ Бай­қоңыр ауданында ведомство инспекторлары апатты қоқыс үйінді­лері бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейд барысында полигондар жойылды.

Өткен жылмен салыстырғанда рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар саны әкімдік тарапынан күшейтілген бақылаудың нәтижесінде 533-тен 385-ке дейін, яғни үштен бірі азайған. Биыл астанада 42 мың тоннадан астам қоқыс кәдеге жаратылып, 100-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды.

Ал рұқсат етілмеген қоқыс орындары жыл сайын «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» АҚ Геопорталының ғарыштық мониторин­гі арқылы табылып, жойылып жатқанын атап өткен жөн.