26 жастағы Алматы облысының тумасы әуелі әуесқойлар арасында танылды. Бірқатар ірі халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, студенттер арасында әлем чемпионы атанды. 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, қатарынан 16 жекпе-жекте жеңіске жетті. 12 қарсыласын ұрып жықты. Осының елеулі табысының арқасында ол былтырғы жылдың соңында IBО нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке қарай, Ахмедов 12 раундта эквадорлық Карлос Гонгорадан нокаутпен ұтылып қалды. Міне, енді араға жеті ай салып жерлесіміз қайта шаршы алаңға шыққалы отыр.
АҚШ-тың Альбукер қаласында өтетін бокс кешінде Әли Перу елінің өкілі Давид Зегаррамен күш сынасады. «Пантера» деген бүркеншік есімге ие болған 36 жастағы қарсыласының кәсіпқой рингте жүргеніне 16 жылдан асты. Сол кезден бері 39 кездесу өткізіп, 34 рет жеңіске жетті. 21 бәсекені мерзімнен бұрын аяқтады.