30 Сәуір, 2010

ӨЛГЕНДЕР СӨЙЛЕЙ АЛМАЙДЫ

836 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының назарына Бұл іске қатысты құжаттармен алғаш танысқанда айтылып отырған мәселе қиын әрі күрделі сияқты көрінген. Кейін зерттей, зерделей келе істің солқылдақ тұстары көп екеніне көз жеткіздік. Олай дейтініміз, әу баста адам өлімі болған кезден күні кешеге дейінгі аралықта жиналған құжаттар бұл мәселеге әлі де болса нақты баға берілмегенін байқатады. Атүсті жауаптар, күмәнді қорытындылар... “ Бұл оқиға 2008 жылы 12 қара­шада Оңтүстік Қазақстан об­лысы, Түлкібас ауданы, Тас­тұмсық ауы­лын­да кешқұрым болған еді. “Опель-вектра” маркалы, мемле­кеттік нөмірі Х326DON автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, со­ның салдарынан жүргізуші Т.Үсе­нов оқиға орнында қайтыс болған. Ал көлік ішіндегі жолау­шылар Жандаров Ержан, Елібаев Бағдат, Тұрғынбаев Талғат, Сарым­­сақов Ғалымжан Түлкібас аудандық ауруханасына жеткізіл­ген. Осы жердегі ең басты күмән “жүргізу­ші Т.Үсенов” деген бір ауыз сөз. Негізінен көлік иесі – Жан­даров Ержан, қалғандары оның жолдас­та­ры. Ержанның осы оқиға бойынша түсінігінде сол күні, яғни 2008 жыл­дың 12 қараша­сында сағат кешкі же­тілерде бірге оқитын жол­дастары Бағ­дат, Тұр­сын­жан, Талғат, Ғалымжан бесеуі Т.Рыс­құлов ауы­лындағы “Али Асқар” дәм­хана­сында отырып, одан кешкі ондар шамасында шыққанын айтады. Жол­да Тұр­сын­жан “көлікті мен жүр­гізейін­ші” деп сұраған соң Ер­жан оған рүлді береді. Көліктің алдыңғы орнында, яғни жүргізу­шінің оң жағына өзі отырады, арт жақта Ғалымжан, Бағдат, Талғат отыра­ды. Содан Тұрсынжан кө­лікті қатты жыл­дамдықпен жүр­­гізген­­дік­тен қарсы бетке шығып кетіп, талға соқтығыс­қан. Соның сал­дарынан Тұрсынжан оқиға ор­нын­да қайтыс болып, қал­ған­­дары әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Жаңа айттық, бұл – көлік иесі Ер­жан Жан­даровтың берген түсінігі. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер депар­таментінің анықтау бас­қар­масы­ның анықтау­шы­сы, поли­ция капитаны Н.Сүйеу­беков­­тің қыл­­мыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысында “осы оқиға бойынша сұралған Ғ.Сарым­сақов, Т.Тұрғынбаев Е.Жандаров­тың түсі­нігімен ұқсас түсінік берді” де­лін­ген. Жөн дейік, ал осы оқи­ғаға тіке­л­ей қатысы бар, апатқа ұшы­раған көлік ішінде осылармен бірге болған Бағдат Елібаевнің түсінігі қайда? Ол жазған түсінік іске неге тіркелме­ген? Ол айтқан уәждер не­ге қапер­ге алынбаған? Бұл сұрақ­тар­­ға кейінірек қайта оралатын боламыз. Жол-көлік оқиғасы болған­дық­тан және ол апатта адам өлімі орын алғандықтан сот-меди­ци­налық са­рап­тамасы жүргізілуі тиіс. Мәсе­ле­нің ақ-қарасының шешілуі де осы сарап­та­маға тікелей қатысты болуы мүмкін. Өкінішке орай, сот-медици­налық сарапта­ма­сын жүргіз­ген сарапшы И.Мат­лапов мәйітті кесіп, сараптама жүргізбеген. Сараптаудың бас­талуы 2008 жылы 13 қараша деп, аяқ­талуы жылдың 12 желтоқсаны деп көрсе­тілген. Ал Түлкібас аудан­дық ішкі істер бас­қарма­сы­ның анық­таушысы, поли­ция лей­тенанты К.Түймебаев сот-меди­ци­налық са­рап­­тама өткізуге қаулыны 2008 жыл­ғы 6 желтоқсан­да шығар­ған. Сарап­тама қорытын­ды­сына көңілі толма­ған марқұмның анасы Ш.Үм­бетә­лиева сот-меди­ци­налық сарап­та­ма­сын қайта жүр­гізуін сұрап, аудан прокурорына арызда­на­ды. Оңтүстік Қазақстан облыс­тық ішкі істер департаменті анық­тау басқар­масы­ның тергеу бөлімі­нің анықтау­шысы Н.Сүйеу­бековтің қаулысы негізінде сот-меди­цина­лық сарапта­ма комис­сия­сы құры­ла­ды. Төрағасы К.Құл­маханов, мүшелері Е.Ерболат және іс бойынша баян­да­машы Е.Әйтелі болған бұл комиссия 2009 жылы 20 тамызда сарапта­маны бастап, осы жылғы 18 қыр­күйекте аяқтаған. Сарапшылардың қоры­тын­ды­сында көрсетілгенін­дей, ең басты мәселе – Т.Үсенов­тің дене­сінде дене жа­ра­­қаттары бар ма, бар болса олар­дың саны қан­ша, түсу жайы, орна­ласу тәр­тібі, мерзімі жә­не дәрежесі қандай деген сұрақ­тар­ды анықтау. Сондай-ақ Т.Үсенов­тің алған жа­ра­қаттарына сай, оның соқтығыс бары­сында автокөліктің қай бөлі­гінде отыр­ғанын анықтау қажет болған. Қабірден қазып алын­­ған Т.Үсеновтің мәйітін зерт­­теу­­дің, оның екі қабыр­ғасын, қа­нын, ішкі ағзаларының тері қабат­тарының кесінділерін зерт­хана­лық зерттеу­дің, бастапқы сот-меди­цина­лық сарапта­ма қорытын­ды­сы­ның және іс құжа­тының дерек­­теріне сүйене отырып, сарап­шылар ко­мис­сиясы мынадай тұ­жы­рымға келеді: “Қа­бір­ден қазып алынған Т.Үсенов­тің мәйтін зерт­теу бары­сын­да оның жұмсақ ұлпа­ларының, ішкі ағза­ларының іріп-шірігендігі анықтал­ды. Сол жақ самай-шүйде айма­ғының тері қаба­тының соғыл­ған жарасы, айнала­сы­ның қанта­лауы, бет-сүйек­терінің оң жағында үш бұрыш пі­шін­ді, сол жағында сыза­тылған сы­зық­тар, тері қабаты­ның қанталауы анық­талған. Кеу­де­сі­нің сол жақ бүйірі­нің төс аймақ­та­рын­­да жұмсақ ұлпалар­дың қанта­лауы, төс сүйегі­нің 3 жері­нен көл­денең сынуы, оң жақ 9-10-11-ші қабыр­ғалардың орнынан ығыс­пай артқы қолтық сызығы бойын­да, сол жақ 8-ші қабырға­ның алдың­ғы қолтық сы­зы­ғы бойында орны­нан ығыс­пай сынуы байқал­ған. Бауы­ры­ның со­ғы­лып жыртыл­ған жара­сы, соның салдарынан құрсақ қуы­сына қан құйылуы, жамбас сүйек­терінің 3 жерінен сынуы анықтал­ған. Осы және бас­қа да жарақат­тарды анық­тай келе, “Са­рап­тамаға жол-көлік апа­тына ұшы­раған авто­көлік жет­кі­зілме­ген­­­діктен, жәбір­ленуші Т.Үсе­нов­тің оқиға болу ме­зетінде авто­көлік са­ло­нының дәл­ме-дәл қай орын­дығында отыр­­ған­дығын анық­тауға мүмкіндік бол­мады, бірақ жоғары­да көрсетіл­ген дене жарақат­тары­ның орналасуы, олар­дың пайда болу жайы және іс ма­териа­лын­дағы деректерге сәйкес­тігі жәбір­ле­ну­шінің жол-көлік оқиғасы ме­зе­тінде автокөлік­тің салонының алдыңғы сол жақтағы орынды­ғында – рүлде отыруының мүмкін екен­дігін есеп­­тен шығаруға бол­май­­ды” делін­ген. Күмәннің де, кү­дік­­тің де көкесі осы бір ауыз сөзде. Нақты­лық жоқ. Бір сөйлем­нің өзінде кереғар екі пікір айты­ла­ды. Әуелі “...Үсеновтің оқиға болу мезетінде автокөлік салоны­ның дәлме-дәл қай орындығында отыр­ғанын анықтауға мүмкіндік болма­ды” десе, іле-шала “...жәбір­ленуші­нің жол-көлік оқиғасы мезе­тінде авто­көлік салонының ал­дың­ғы сол жақ­тағы орынды­ғын­да рүлде отыруының мүмкін екен­дігін есеп­тен шығаруға болмайды” деп дол­бар­лай салады. Осы істе көңіл бөлінуі тиіс екінші мәселе – апатқа ұшыраған көлікке сот-автотехни­калық сараптама жасал­маған. Бұған байланысты арыз иесі “мүрдеге эксгумация жасар алдын­да Қойшы­баевқа апатқа ұшыраған көліктің сатылып кет­кен­дігін айт­қанмын, ол менің айт­қаныма на­­зар аударған жоқ, сон­дай маркалы мәши­немен экспери­мент өткізе сала­­мыз, деп бұл мәсе­леге нем­құрай­ды жауап бер­ді”, дейді. Осы­дан келіп, тағы да күмән­ді сұрақ туындайды: Апатқа ұшы­­раған көлік неге сатылып кете­ді? Қашан іске нүкте қойыл­ғанша айғақ ре­тін­де сақталуы тиіс көлікті ие­лері­не қайтарып беруге кім рұқсат берген? Мақаламыздың басында ай­тыл­ғанындай, анықтаушы Н.Сү­йеу­бековтің қылмыстық іс қоз­ғаудан бас тарту туралы қаулы­сын­дағы “Осы оқиға бойынша сұрал­ған Ғ.Са­рымсақов, Т.Тұр­ғын­баев Е.Жан­даровтың түсінігіне ұқсас түсінік берді” деген уәжіне қайта оралайық. Осы орайда сол апатқа ұшыраған көлік ішінде Бағдат Елібаев деген азамат та болған еді ғой. Енді соның берген түсінігіне назар аударайық: “Ма­ған қойылған сұрақтарға төмен­дегідей жауап беремін: 2008 жылы 12 қарашада мен, Тұрсын, Талғат, Ер­жан, Ғалым­­жан бесеуіміз “Али Ас­қар” дәмханасына барып, арақ-пиво ішіп отырдық, ал Тұрсынжан 3-4 күріжке пиво және вино ара­ласты­рып ішіп отырды. Содан “Мирас” дәмханасына барып, ол жерде пиво іштік. Өйткені, сти­пендиямызды жудық. Содан үйге қайтып Опель вектра көлігіне отырдық, көлікті Ержан басқарды. Сөйтіп жолда Өтегенов Қайрат деген баланың Ниссан көлігімен жарысты. Сол кезде сол көлік бізді қысып, біз тал­ға соқтығыс­тық. Ол кезде көлікте алдыңғы жүр­гізуші болып Ержан, ал жа­нын­да Талғат, артқы ортада мен, оң жағымда Тұр­сынжан, сол жағымда Ғалым­жан отырған бола­тын. Мен соқты­ғыстан соң есімді жоғалтып, ауру­ханада ояндым. Сұрақ: Тұрсынжан сіздер отырған көлікті басқарды ма? Жауап: Жоқ. Ол отырған жоқ. Сұрақ: Сіз ол жігіттерді қайдан танисыз? Жауап: Ол жігіттердің барлығы менің группаластарым, ал ішінде Тұр­сынжан менің жақын жолда­сым” (түсінік грамматикасы сақ­тал­ған күйінде беріліп отыр – Ш.Ә.). Бұл түсінікті Бағдатқа ешкім жалынып немесе мәжбүрлеп жаз­дырған жоқ. Бұл түсінікті жазған­да марқұм Тұрсынжанның әкесі не шешесі Бағдаттың қасын­да болған жоқ. Түсінікті жаздырған – анықтаушы Сүйеубековтің өзі. Сонда бұл түсінік неге іске тір­келіп, ондағы айтылған уәждерге неге назар аударылмаған? Осы орайда тағы бір түсінік хатқа назар аударғанды жөн көр­дік. “...Баламның жол апатында ауыр жарақат алғанын естіп, Т.Рысқұлов аулына келдім. Аудан­дық аурухана­да бір бейтаныс әйел маған “бұл жол апатында менің де балам ауыр жарақат алған еді. Балаларымыз бір группада оқы­ған, сіз Жандаров Ержанның атына арыз жазбай-ақ қойыңыз. Шешесі жесір әйел екен. Мен кешірім бердім. Сіз сөйтіңіз”, деді. Таныса келе Сарымсақов Ға­лым­жанның шешесі екенін білдім”, деп жазады Бағдаттың анасы Елібаева. Бұл түсінік те көкейдегі күмәнді одан әрі қоюлата түседі. ...Жоғарыда айтқанымыздай, осы істің солқылдақ тұстары да аз емес. Алғашқы сарапшы И.Мат­лаповтың өз ісіне немқұрайды қа­ра­ғаны, апатқа ұшыраған көлік­тің сатылып кетуі, куәгер Елібаев Бағ­даттың түсінігінің қаперге алын­бауы сияқты күмәнді жәйт­тер арыз иесі Үмбетәлиева Шол­пан­ның шырылдауына негіз болып отыр. Осы уәждерге нақты жауап алын­байынша жалғызынан айырылған ананың жүрегі тын­­шы­майтын да шығар. Бір жарым жылдан бері арыз иесін әуре-сарсаңға салған осы бір істе жасырын сыр, белгісіз құпия бар сияқты. Ол қандай сыр, нет­кен құпия, оны тек істі былық­тырып жүргендер ғана біледі. Ал марқұм болған Тұрсынжанның рухы әл-әзір тынышталмайтын болар. Бірақ ол ештеңе айтпайды ғой. Өйткені, өлгендер сөйлей алмайды. Шарафаддин ӘМІР, Оңтүстік Қазақстан облысы.