Сұхбат • 29 Шілде, 2021

Қазақтың музыка өнері тірі тұрғанда, әкемнің аты өшпейді - Найля Рахмадиева

1476 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

КСРО халық әртісі, Қазақ­станның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің  қызы, А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық опера және балет театрының режиссері Найля Рахмадиевамен сұхбат.

Қазақтың музыка өнері тірі тұрғанда, әкемнің аты өшпейді - Найля Рахмадиева

– Найля Еркеғалиқызы, сіз­­дің талай жылдардан бері Қыр­­ғыз ұлттық Опера және ба­­лет театрының режиссері бо­лып келе жатқаныңызды есті­ген­де әрі қуанып, әрі та­ңыр­қап қалғанымыз рас. Қа­зақта «жақ­сының көзі» деген сөз бар, КСРО халық әртісі, Қазақ­станның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев секілді ұлтымыздың біртуар ұлының қызысыз. Әке­ңіз сіздің қандай адам еді?

– Біз әкеміздің анамызбен, аға­йын-туысымен, дос-жаранымен таза пейіл, адал көңілімен қа­рым-қатынас жасағанын көріп өс­кен­діктен болар, бұл мәдениет біз үшін эталонға айналып, өскенде өз жемісін берді. Адам болып өмір сүрудің алғашқы әліпбиін ұямызда жүріп үйрендік. Оның бойында жатырқау мінезі жоқ еді, кез келген адамға кең құша­ғын жайып ұмтылатын. Құрметін көрсету үшін кісіні үлкен-кіші, шен­ді-шенсіз деп бөліп-жарып жат­пайтын. «Ешкімнен алғыс күт­пеңдер, жақсылық жасағың келсе, өзің үшін жаса» дегенді жиі қай­талап айтатын. Әкем – менің ар-ұятым, намысым, алдымдағы айбарым, қандай теңеу айтсам да, бәрібір оған деген перзенттік сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкем биліктің барлық сатысын басып өтті, оның сыртында шығармашылығын өрістетіп отыруды да жадынан шығарған жоқ. Қауырт жұмысынан бір сәт қолы қалт ете қалғандай болса, ол демалысын бізбен, отбасы, бала­ларымен бірге өткізетін. Құт­ты ша­ңы­рағымыздың босағасы мен төрі бір күн қонақтан босап көрмеді. Әкем Президенттен бас­тап қарапайым пендеге дейінгі ара­лықтағы адамдар тобының әлеу­меттік мәртебесіне қарамастан бір­дей қарым-қатынас жасады. Бүгінгі шенеуніктерге тән өзі­нен мықтыға бас ұрып, өзінен тө­­менге шекесінен қарау дейтін жат мінезді бойына жуытпады. Әкем Жексенбек Еркінбеков, Пер­­небек Момынов, Әбдімәулен Дәуіт­баев, Кенжебек Күмісбеков, Мәм­бет Бестібаевтармен құшағы ажы­рамаған күйі дос болып өтті. Әкем­нің ең жақын досы Ғабит Мүсі­репов еді. Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевты біз бала күнімізден біліп өстік. Олар біздің үйге жиі келетін болғандықтан, оны қалыпты жағдайға балап, біз олардың ұлы адамдар екенін білмеген де, тіпті түсінбеген де екен­біз. Алда-жалда үйге еш­кім келмей қалса, көпшілікке, қо­нақ­қа әбден үйренген әкем есік­ке қарап елеңдеп отырып-ақ бі­реуді сол ниетімен шақырып алатын. Ғабит аға мен әкем таңды таңға ұрып преферанс ойнайтын еді. Әкем Кеңес Одағы өнері мен мә­дениетінің ең таңдаулы өкіл­де­рімен де жақсы жолдас болды. Қа­зақстанға іссапармен, кәсіби ша­руамен қонақ болып келетін қай мықты да біздің үйден дәм татпай кетпейтін. Кеңес Одағының халық әртістері Арам Хачатурян, Родион Щедрин, Мстислав Растропович, Ян Френкель, Валерий Гергиев, Тихон Хренников, бәрін санамалап айтып тауыса алмаспын, бірақ осы кісілердің бәрін де біз кіш­кентайымыздан танып өс­тік. Бұлардың бәрі де әкемнің өне­рін биік бағалады. Гергиев кейін әкемнің «Құдаша - думан» мен «Дайрабай» симфониялық күйлеріне дирижерлік жасады. Бұл мойындау мен бағалаудың арқасында әкем тірі кезінде-ақ тарихтағы тұғырын өз қолымен биік етіп қалап кетті, қастерленді, қайтыс болғаннан кейін де оған деген құрмет кеміген жоқ. «Әрбір адам өз өмір жолын менің әкем секілді жүріп өтсе ғой, шір­кін» дей­мін. Жылылыққа толы, жары­­ғы мол, бақытты өмір жолы.

– Әкеңіздің жолын қуып клас­сикалық өнердің жалынан ұстаған кәсіби музыка маманысыз, сізді қырғыз еліне жетектеп кеткен тағдырдың қандай тегеурінді күші екен?

– Әрине, отбасымыздың алтын қазығы, шаңырағымыздың ұйытқысы анам Клара Смағұлова дана әйел ғана емес, әкеммен елу бес жыл бірге отасқан сенімді серігі, адал жары бола білді. Не­бір жақсы мен жайсаң туған Баян­ауылда кіндік қаны тамған анам сұлулықты, жылылықты, ты­ныштықты жақсы көретін. Өз өмі­рімнің басым бөлігін жүріп өтіп, соңыма бұрылып қарасам, ата-ана­мыз бізді бақытты етудің бар­лық мүмкіндігін жасаған екен. Әкеміз қызмет биігінде жүр­ді ме, лауазым иесі болды ма, біз­ге, балаларына бәрібір еді, бас­тысы, біз олардың шүпілдеген ме­йі­рімге толы қамқорлығын се­зі­ніп, ма­хаббатына шомылып өстік. Әке-шешеміз үш бала тәрбие­леп өсірді. Әпкем Жанаргүл ма­ман­­дығы бойынша журналист, бір­неше тіл білетін эрудит, бі­рақ өмір бойы банк саласының мар­ке­тинг қызметінде болды. Інім Еді­ге Суриков атындағы Мәс­кеу көр­кемсурет институтын тә­мам­даған есімі елге белгілі мү­­сінші. Ал мен К.Байсейітова атын­­дағы музыкалық мектепті пиа­­нино класы бойынша бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының театр және телевизия режиссері ма­мандығына құжат тапсырдым. Оны бітірген соң ҚазМУ-ді тәмам­даған жолдасыма тұрмысқа шы­ғып, екеуміз қол ұстасып Біш­кекке келдік. Отыз бес жылдан бері осында тұрамын. Қайын атам Қырғыз Республикасы Үкі­мет басшысының орынбасары – Мем­лекеттік жоспарлау коми­тетінің басшысы болса да, біздің, ба­лаларының отбасына аралас­пайтын, екеуміздің де ата-анамыз біз үшін ойлап, не істеу керегін, қа­лай жасау керегін кесіп-шешіп, бұ­йырып көрсететін адамдар емес еді. Таңдауды өзімізге беріп, тек бақытты болуымызды тіледі.

– Еркеғали ағамыздың ар­­тында қалған музыкалық мұ­расы аса мол. Ұлттық клас­си­калық өнерімізді өрістетудің бас­тау-бұлағында тұрған, да­мыт­қан, ұлттық опера жазған ал­ғаш­қы композиторлардың бірі. Шығармашылығы қалай зерт­теліп жатыр?

– Мен опера режиссері ретін­де әкемнің соңына қалдырған мұрасының маңызына күн өткен сайын бойлап келемін. Ол кісі ком­позитор ретінде бай қазына қал­дырды. Бес опера жазды. 80-нен аса симфониялық шығарма, күйлер, яғни әр жанрдағы шы­ғармаларын жазып жүргенде, ол Құрманғазы атындағы ұлттық кон­серваторияның ректоры және Қазақстан Композиторлар ода­ғының төрағасы, КСРО Ком­позиторлар одағының хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің де­путаты сияқты негізгі жұмысы және қоғамдық қосалқы міндетін қатар атқарып жүрген кезі бола­тын. Сонда да «шығармашылық­пен шұғылдануға уақыт жетпеді» деп өкініп отыратын. Әкем Ком­позиторлар одағын табаны кү­ректей жиырма жылға жуық уақыт басқарды. Ол басқарған кезеңде үйсіз-күйсіз жүрген композитор болған жоқ. Біз күн сайын таңғы сағат 6-да әкеміздің роялінің дауы­сынан оянатынбыз. Жұмысынан кеш оралатын. Әкем қайтыс бол­ған соң маған музыка әлемінің есі­гі жаңадан ашылғандай, оның шы­ғармашылығын басынан бас­тап зерттеуге кірістім. Оның таңғажайып сиқырлы сазға толы шығармаларын күндіз-түні жатып алып тыңдаудан жалықпадым. Жас болдық, көзі тірісінде көп дүниесінің байыбына бара ал­мадық. Мықты композитор екенін біле тұра, оған ең алдымен әке, менің балаларымның атасы деп қарағаным үшін өкінемін. Бақилық болып бізден алыстаған кезде ғана оның ұлттық өнеріміздегі ұлы тұлғалардың бірі болғанын анық түсіндім. Оның музыкасындағы екпін ғажап, онда Американың блюз, Еуропа музыкасының ыр­ғағы бар, солай бола тұра, ол ұлт­тық әуенмен ерекше үйлесім табады. «Осының бәрін әкеме көзі тірісінде неге айтпадым?» деп кейде іштей мүжілетінім бар. Әкемнің кең масштабтағы әлеуетіне «талантты», «көрнекті» деген теңеу аздық етеді, ол шын мәнінде ұлы адам, ұлы композитор. Әлемдік деңгейдегі музыканттардың бәрі мұны бір ауыздан мойындаған, ен­деше әкемнің өнердегі, өмір­дегі биік болмысын «ұлы» деген теңеумен айшықтауға еш қысыл­маймын. Әкемнің тағдыры ұлттық музыканың тағдырымен тікелей байланысты. Қазақтың музыка өнері тірі тұрғанда әкемнің аты өшпейді.

– Лепсі, Матай өңіріндегі Бал­қаш көлінің жағасынан «Ер­кеғали Рахмадиев ауылы» деген қоршаулы мекенді кездестірген едім. Мұндағы ауыл адамдары ол кісінің мұнда жиі келетінін, тіпті айлап жататынын айтатын еді. Бұл сонда ағамыздың өмір бойы туған жерімен байланысын үзбегені ғой?

– Әкем мен анам жыл сайын Мәскеу түбіндегі санаторийге шы­ғармашылық демалысқа аттанатын. Ал соңғы «Абылай хан» операсын туған жері Балқашта жатып жазды. Жаз демей, қыс демей, суық пен ыстыққа қарамай, жапан даладағы жалғыз үйде оңаша жатып жұмыс істеді. «Басымды, жүрегімді тек бір ғана ой шырмап алды, не күндіз, не түнде маза бермейді, ұйқым келмейді» деп тек осы операсы туралы тол­ғанып күн кешті. Бірде опера туралы қалың ойдың құшағынан шыға алмай, шарықтаған қиял жетегінде қақпадан қалай шығып кеткенін білмей, талай жерге ұзап кетіпті. Кенет бүйірден қасқыр­дың ұлыған дауысы шыққанда барып ес жиғанын айтқаны бар. «Қасқырдың дауысын естігенде қорқып кеттім, кейін қарай жүгі­ріп, қашып құтылдым, Құдай сақ­тады» деп отыратын. Ал өмірде өте батыр адам еді. Шындықты айтудан қорықпайтын, тайсалмай тұрып, бетке айтқанда, анау-мынау адам шыдап тұра алмайтын. Ол басқалардан осы турашыл қасиетімен дараланып тұратын. Әкемнің балалық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, өте ауыр болған екен, сол қиындығы ұрпағының басында қайталанбағанын қала­ғандықтан болар, олармен әңгіме­лесуден, үйретуден жалықпады. Атам Рахмади ақын болған екен. Отбасы аштықтың азабын тартып, талғажау етер түк таппаған соң Семейдің Шұбартау жағынан «өзен жағалағанның өзегі талмай­дының» керімен Балқаш көлін жағалап келіп, осы Лепсі маңайын қоныс қылған екен. Балқаш бо­йында балық өндірісін жолға қоюға келген орыстардан балық аулауды үйреніп, балаларын аман алып қалыпты. Әкем «мен сонда екі жастағы бала екенмін, балығы тайдай тулаған терең көлдің бо­йында отырған қазақтар аштықтан шыбындай қырылып жатыпты. Бізді Балқаштың балығы аман алып қалды» деп есіне алып отыратын. Кейін жасы ұлғайып, зейнетке шыққан соң туған жерінің қасиеті тартқаны болар, әкем жұмақ мекендей болған Балқаштың бо­йынан үй салып алып, қаланың шуынан қашып, жазда сонда кетіп қалатын болды. Тынығып, тыңайып, қуат алып қайтатын.

– Ол кезеңде көпшілігі композитор деген ат иеленгенмен, нота да танымайтын еді. Ерке­ға­ли ағамыз рояльда ойнауды қай­дан үйреніп жүр?

– Ол өз алдына қызық хикая. Балалық шағы аштықпен, жастық шағы соғыспен қатар келген ол тылда жан аямай жұмыс істеп, 14 жасында бірінші медалін алған екен. Алматыға музыка мектебіне оқуға түсуге келгенде үстінде бү­тін киімі де жоқ, жеңі қолының басына түскен қолапайсыз үлкен жейдесінің етегін ескі шалбарға жасырып, ышқырын жіппен байлап келген көрінеді. Училищеде алдымен домбыра класында оқып, кейін консерваторияға түс­кен­нен кейін рояльді тікелей Бруси­ловскийдің өзінен үйренеді. Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев жаяу-­жалпы оқу іздеп келген ауыл ба­­ла­­сынан ақыл-кеңесін аямай, үне­мі үйретіп, қолдау көрсетіп оты­рады. Әкем «оларға өмір бойы қа­рыз­дармын» дейтін. Рояльға бала жеті жасқа жетпей отырады, ал әкем әбден естияр тартып, жігіт болған шағында меңгерген. Сөйтсе де, осы рояльмен-ақ сим­фониялық оркестрге арнал­ған барлық шығармаларын өмір­ге әкелді. Кейін Мәскеу консервато­риясының аспирантурасын бітірді.

– Еркеғали ағамыздың «Ал­памыс», «Қамар сұлу» «Дай­рабай» операларын жаңа кезеңге лайықтап қайта жаңғыртып қоюдың мүмкіндігі бар ма?

– «Қамар сұлу» операсын қай­та жаңғырту идеясы туындап отыр. Сондай-ақ Абай атындағы Ұлт­тық опера және балет театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай либреттосын Әбіш Кекілбаев жазған «Абылай хан» операсын қайта сахналамақ ниетте. Кезінде бұл опера үшін керемет костюмдер тігіліп, тамаша декорация да­йындалған болатын. Оның бәрі театрда сақтаулы тұр. Сондықтан «Абылай хан» операсының қайта жаңғыруы аса қиындық тудырмайды. Мұнымен бірге «Астана Опера» театры «Алпамысты» қолға алмақ. Олар дайындықты бас­тап та кетті. Осы «Алпамыстың» ал­ғашқы бөлімінде Рахмади атам­ның әні пайдаланылады. Қазақ­станның негізгі үш театрында Е.Рах­мадиевтің үш операсы қо­йылады. Тоқсан жылдық мерей­тойға жақсы тарту болады деп ойлаймын.

– Расында да, Еркеғали аға­мыз биыл 90 жасқа толып отыр. Тоқсан жылдықтың басты тартуы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс-холды Е.Рахмадиевтің атымен атау туралы мемлекет басшысының жарлығы жарияланды. Мерейтой аясында басқа қандай іс-шаралар жиынтығы жоспарланып отыр?

– Пандемияға байланысты 90 жылдыққа жоспарланған іс-ша­ралар легінің көпшілігі жүзеге ас­пай, қағаз жүзінде қалғаны жанымызды батады, әрине. Жоспар да, жоба да көп еді. Соған қарамастан әкем тұрған үйге мемориалды тақта ілінді. Шәкірттері, өнерді сүйетін, әкемнің шығармашылығын құр­меттейтін тілеулес адамдар Ер­кеғали Рахмадиев атындағы қор құрды. Басқарма құрамында Қа­жымұрат Нағыманов, Раиса Мұ­саходжаева, Айсұлу Тани, Қа­лып­берген Әбілжанов, Азамат Жыл­тыркөзов бар. Қор әкеміздің атындағы халықаралық байқау ұйымдастыруды, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуді, әкем­нің шығармашылығын насихаттауды мақсат етіп отыр. Қазақ ұлттық өнер университетіндегі үлкен залға әкеміздің аты бе­ріл­ді. Қарағандының кәсіби сим­фо­ниялық оркестрі Е.Рахмадиев атын иеленді. Дүйсен Қасейінов басқаратын ТҮРКСОЙ ұйымы­ның ұйытқы болуымен Түркияда әр республиканың өз Үйі ашылған ­болатын. Бұл – Шығармашылық Үйі. Сонда Қазақстанның атын иеленіп ашылған үй Е.Рахмадиев­тің атымен аталды. Онда Қазақ­станның туы, әкемнің портреті ілінген. Кон­серваториядағы үлкен орган залы да енді әкемнің атымен ата­латын болады. Өйткені кон­сер­ваторияның ректоры болып тұрғанда Қазақстанға бірінші орган аспабын Германиядан әкем әкелген болатын. Бастысы, Абай атындағы Опера және балет
теат­рында көрерменнің шағын ­бө­лі­гімен салтанатты мерейтой ша­расы аталып өтті.

– Белгілі адамдардың көп­ші­­лігі дер кезінде қызметінен ке­­туден, зейнетке шығудан қор­қатын сияқты. Қызметінен кет­се, қадірі қашып, керексіз бо­лып қалатындай сезінетіні де бар. Бірақ олардың әбден шың­далған, байытылған ішкі ресурсын кәдеге жарату қоғамға пайда бермесе, зиян келтірмейтінін астанада зиялы қауым ортасын қалыптастырғандар жақсы дә­лел­деді. Солардың бірі Ерке­ғали ағамыз еді, жаңадан ту тіккен бас қаланың өнері мен мәдениетінің жанынан табылғанына өзі де қуаттанған олар?

– Елбасы Н.Назарбаев жаңа астанада жұмыс істеуге әкемізді өзі шақырды. Әрқашан алдыңғы саптан көрінген әкем мұнда да қол қусырып қарап отырмай, Ұлт­тық өнер университетінің іргетасын қаласып, алғашқы шәкірттер ле­гін дайындауға кірісті. Жаңа оқу орнының басшысы Айман Мұ­са­ходжаева әкемнің өнер жолын жаңадан бастаған жас му­зы­канттарға дем беріп, қолдау біл­­діріп отыратын қасиетіне тән­ті екенін айтып еді. Талантты скрип­­кашының өзі де әкем үшін қо­лайлы жағдай тудырып, әрда­йым қолдау жасап отырды.

– Әкеңіз туралы әңгіменің таусылмасы белгілі. Дегенмен өз шығармашылығыңыз тура­лы да сөз қозғаудың реті ке­ліп тұр. Осы уақытқа дейін қыр­ғыз театрының сахнасын қан­дай шығармаларыңызбен байыт­тыңыз?

– Әлемдік классиканың жау­­һары саналатын «Тоска» спек­таклін көрермен жылы қа­был­да­ды. Барлық опера театр­ла­­ры­ның негізгі ұстынына айнал­ған «Сиқырлы флейта», «Кар­мен», «Севиль шаштаразы» спек­­такль­­дерін сахналау – өзіңді ре­жис­сер ретінде сынап көрудің маңызды алғышарты ретінде санаймын. Бұл жұмысым да сәтті қойылып, ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей келеді. Опера театрында 2010 жылға дейін жұмыс істедім. Қолға алған басқа жобаларым, қоғамдық жұмыстарым бастан асып, барлығын қатар алып жүру қиындаған соң қимасам да, амалсыз театрдан кетуге тура кел­ді. Ол жобалардың көпшілігі Астана, Алматымен байланысты болғандықтан, жиі сапарлауға тура келетін. Он жобаның ортасында жұмыс істеп жүріп бәріне үлгере алмайтынымды түсіндім. Бұл жобалардың бәрі дәл сол уақытта мен үшін маңызды болды. Ал театр таза шығармашылықты қажет ететін жұмыс болғандықтан, оған басыбайлы көңіл бөлмесең, өнерді ақсатып аласың. Ал қазір театрыма режиссер болып қайта оралдым.

– Қырғыз классикалық му­зы­касының басқа елдің өнері­нен, айта­лық, өзіңіз жақсы бі­летін қа­зақ операсы мен ба­летінен бас­ты ерекшелігі неде?

– Мен Алматы мен Бішкектің арасын жиырма жасымнан бері алтын көпірге айналдырдым. Кө­лікте келе жатып мидай жазық кең далаға көз саламын да, ойланамын. Сондай кезде, неге екенін білмеймін, қазақтың даласы мен қырғыздың тауларын жиі салыстыратынымды байқаймын. Ұлттың мінезі, сол ұлт тудырған музыка мінезі осы халық қоныс тепкен жердің жағрапиялық кеңістігімен, топырағымен тікелей байланысты болатынына көзім жетті. Қазақтың «аха-а-а-ау» деп басталып, әншінің шабыты қай жерге дейін шарықтатса, сол жерге дейін кедергісіз еркін қалықтап ұшатын халық әндері ұшса құс қанаты талатын шетсіз-шексіз жазира даласы секілді кең тынысты, аспаны сияқты биік. Ал Ала Тооны бөктерлеген қырғыз халқының әні мен күйі тауларды еске түсіреді. Тау дала секілді біртегіс емес, ол бірде биік, бірде еңіс, бірде тік, бірде жазық. Ендеше музыкасы да дәл сондай жоғары-төмен ырғаққа құрылған иірімді, сазды, сырлы әуен. Қазақ пен қырғыздың өнерінен, тілінен, тұрмыс салтынан айтарлықтай айырмашылық байқамадым. Екі елдің де клас­сикалық өнері кеңестік кезеңде бірдей деңгейде өркендеді. Кыр­ғыз опера әншілерінің атағы, би­шілерінің даңқы сол кезеңнен бастап-ақ дүркіреп шықты. Әлем­ге әйгілі Болат Минжилкиевтің өзі неге тұрады? Осы уақытқа дейін Болат Минжилкиев сияқ­ты бас дауыстың иесі әлі туылған жоқ. Өмірінің соңына қарай оны Санк-Петербургтегі Мария театры өз сахнасына алып кетті. Биші Бюбюсара Бейшенәлиева ше? Ком­позитор Калый Молдабасанов шы­ғармалары барлық уақыттың сы­нына төтеп бере алады. Ал Шыңғыс Айтматов әлем әдебиеті классиктерінің қатарынан орын алды. Халқының саны аз болса да, Құдай қырғызға мақтаныш тұ­тар талассыз таланттарды үйіп-төгіп молынан берген.

– Сіз қырғыз елінің арт-сала­сындағы мықты менеджер­лер­дің бірінен саналады екен­сіз. Мұндай іскерлік, ұйымдас­ты­ру­шылық қабілет анық әке­ңізден дарыған болды-ау, шамасы...

– Адамдармен жұмыс іс­теу, келісімдер жасау, қаржы кө­зін қарастыру, демеушілер та­бу, ауқым­ды жұмыстарды үйлес­тіріп, ұйым­дастыру өнері ра­сын­­да да, маған әкемнен бе­ріл­се ке­рек. Мен көп жылдар бойы Қыр­ғыз ұлттық опера театрын­да кон­серваторияның опе­ра кла­сы бойынша сабақ жүр­гі­зіп ке­лемін. 20 жыл бойы кон­сер­­ва­­торияның доцент дәре­же­сін­­де шәкірт тәрбиеледім. Бұ­ған қоса ірі музыкалық жобалар мен фестивальдер, концерттер ұйымдастырумен айналыса­тын қоғамдық қор жұмысын бас­қардым. Шетелдің ең мықты орын­даушыларын келісім-шартпен қыр­­ғыз еліне шақырып, оларды іріктеп 70 адамдық оркестр жа­сақтадым. Өте көп музыкалық бай­қау өткіздім. Кәсіби биік дең­гейде ұйымдастырылған бұл шара­лардың бәрі қырғыз елінің рухани-мәдени дамуына, деңгейінің өсіп, бағытын белгіленуіне өзіндік үле­сін қосты.

– Әңгімеңізге рахмет.