Тарих • 29 Шілде, 2021

Жеңіс дауысы

638 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заманның зары аңқиды. Өйткені бұл дауыста қайғының табы бар. Уақыттың көз жасы, дәуірдің дабылы сіңген. Мен қорықпаймын ғой, үйдегі әжем естіген сайын бір тыжырынып қалады. Шалынан айырған соғыстың қайсібір қылығын жақтыра қойсын. «Атамашы сол пәлені» деп арыдан үркиді. Ал біз осы үннен ізгілік іздейміз. Іздеп қана қоймай, жеңістің дәмін сездірген ырғақты нотадай радиоға ынтыға қалатынымыз бар. Бұл қилы ой сілеміне салатын көрініс.

Жеңіс дауысы

Қара жер хабар бермесін, кө­зі тірісінде көрші атамыз ылғи Ста­линді боқтап отыратын. Бала болып мән бермеппіз, кейін кө­ңіл төріне қонды. Аласапыран қу­ғын-сүргін авторының адамсүйер қы­лығы жоқ екен ғой. Тарихта тек жауыз Гитлерді жеңген жан есе­бінде адақталды. Әрісі басқа әңгіме. Сол Сталиннің соғыстағы үлкен олжасы дауысы жер жарған диктор Юрий Левитан еді. Сіз оны танымауыңыз мүмкін. Есіңізге салу үшін, мақаламыздың түйінін орысша тарқатайық.

«Внимание! Говорит Мос­к­ва!… сегодня, в четыре часа ут­ра, без всякого объявления вой­ны, германские вооружен­ные силы атаковали границы Совет­ского Союза! Началась Великая Отечественная война! ... Наше дело правое! Враг будет разбит! Победа будет за нами!» Бұл тра­гедияға толы ащы дауысты хал­қымыз алғаш 1941 жылы 22 маусымда естіді. Фашистік әс­кердің КСРО-ға шабуылын Ке­ңес радиосының дикторы Юрий Бо­рисович Левитан елге жеткізді. Ал қалғаны тарих. Біз бүгін сол талайлы тарихты қайта көтеріп көрмекпіз.

Жаздың жұпарлы жексенбісін әдеттегідей қарбалас құшағында өткізіп жатқан қоғамның төбесі­не біреу тас тастағандай болды. Жан түршігерлік жаңалық, бірақ шегінерге жол жоқ. Ұлы майданға алдын ала дайындалған фашистік Германия жайбарақат жатқан Ке­ңес өкіметін оп-оңай жаулап аламыз деп ойлады. Әйтсе де бұл әре­кеттері қысты күні көк шөпті аң­саған қозының маңырағанын­дай болды да қалды. Сол өліара тұс­та радиохабарлардан «Кеңес­тік ақпарат бюросынан» деген сөз күнде сайрап тұрды. Кейін бұл фраза әзілге ұласып кетті. Де­ген­мен Левитанның дауы­сы Екін­­ші дүниежүзілік соғыс сим­во­лы­­ның біріне айналғаны даусыз.

Мақаламыздың тақырыбын «Же­­ңіс дауысы» деп қоюымыз­дың өзіндік себебі жоқ емес. Сұм соғыстың хабаршысындай кө­рін­ген диктор Левитанның май­дан барысындағы қайғылы ақ­па­раттарды жеткізген бірде-бір дауысы сақталмаған. Есесіне мұ­рағатта қоюланған кеңес әс­кері­нің жеңіске жеткен сәтін желпіне айтқан үні әлі күнге ойнайды. Неге кеңестік идеология осындай қам-қарекет жасады деп ойлайсыз? Себебі мағынасыз майдан ерлік оқиғасы ретінде ел жадына енген жоқ. Соғыстан кейін қарапайым халықтың бәз-баяғы қалпына келуі үшін сондай ауыр естеліктерді өшіруге тырысты. Тек 1960 жылдан бастап үлкен жетістік есебінде кеңінен насихаттала бастады. Сол сәттен бастап Левитан кеңестік ақпараттық бюроның ең маңызды әскери есептерін жазып отырды. Кейін бұлар көптеген радиохабарда, деректі және көркем фильмде қолданылды.

Оның дауысындағы рухты жі­гер сарбаздарды жеңіске жете­леді. Бұл тылсым күш Гит­лерге ұна­ма­ды. Өйткені кеңес хал­қы үшін Ле­витанның дауысы бос­тан­дық­тың бұлбұлындай сезілетін. Фа­шистер мұны қуатты ақпараттық қару ретінде қарастырды. Тіпті ­ә, дегенде жеңісіне сенімді бол­ға­ны соншалық, фашист көсемі Гер­ма­нияның жеңісі туралы ақ­жол­тай хабарды Левитанның же­ке өзі хабарлау керек деген идея­ны біл­дірді. Ол диктордың есеп­терін тың­дай отырып, оның дауысының қан­дай қорқынышты күшке ие екенін түсінді. Сөйтіп дикторды ұрлау туралы шешім шығарды. Бірақ іс ыңғайға көнбеді. Кеңес әскері Гитлердің кедергісіз жеңіс туралы арманын сейілтіп, жоспарының тас-талқанын шығарды.

Қызықты қараңызшы, Ле­ви­тан Гитлердің жеке жауына айналды. Оның басы үшін фюрер үлкен сыйақы тағайындайды. Де­ректерге сүйенсек, бұл сома 250-100000 марканы құрайды. Тіпті не­міс қолбасшылары кеңес дикторын құрту үшін диверсия жос­парларын да құрған екен. Мұны Сталин жақсы түйсінді. Дикторға көзінің қарашығындай қарап, ұлт құндылығы ретінде қадірледі, көзден таса қылмады. Оған тәулік бойы кезекшілік ететін бірнеше күзетші қойды.

1944 жылы Левитан Радио­ко­митеттің негізгі дикторы бол­ды. Бұған Еңбек Қызыл Ту ор­денімен марапаттау стенограммасы дәлел. Тіркелген сипаттамада «барлық маңызды материал­дарды оқуға тапсырылған жоғары санаттағы спикер» деп жазылған. Сондықтан 1945 жылы 9 мамырда жеңісті және соғыстың аяқталғанын бі­рінші болып өзі жариялады. Ал­ғашқы хабарламасын сол түні түн­гі сағат екіде жеткізді. Бірақ бұл жайдарлы жаңалықты кеңес халқы тек Левитаннан ғана естіген жоқ. Таңғы алтылар шамасында оның әріптесі Ольга Высоцкая Берлиннің кеңес әскері қолында екенін егжей-тегжейлі баяндады. Бірақ оның дауысын ел ұмытқалы қашан. Бізге Левитан ыстық!

Жеңістен кейін Юрий Бори­совичтің радиодағы қызметі сая­быр­сыды. Бұрынғыдай көсіле сөй­лейтін кез келмеске кетті. Оның дауысы қайғылы оқиғалармен тіке­лей байланысты болғандықтан кеңес азаматтары естігісі келмеді. Ақыры, өмірінің соңына дейін мез­гіл-мезгіл теледидарда әртүрлі бағ­дарламаларға қатысып, жас тележурналистермен жұмыс істеді. Сталиннің сүйікті дикторы осы­лай өмірден көшті.