Экономика • 30 Шілде, 2021

Ashyq-қа қосылуға көмектесетін пункттер ашылды

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі кәсіпкерлер Ashyq жобасына белсене қосылып жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, өңірдегі филиалдарда бизнесмендерге QR-код алып беруге көмектесетін пункт­­­тер ашылды.

Ashyq-қа қосылуға көмектесетін пункттер ашылды

Бұған дейін Ұлттық кә­сіп­­керлер палатасы мен Цифр­­лық даму министрлігі бір­ле­сіп, Ashyq қо­сым­шасын InfoKazakhstan.kz сайтында тір­кеу рәсімін жеңілдеткен еді. Өтінімдер оңайлатылған алгоритм бойынша қабылданады. Егер бұрын өтінімді өңдеуге 7 күнге дейін уақыт кетсе, бүгінде жүйе автоматтандырылған және QR-код­ты алуға екі сағаттан ар­тық уақыт кетпейді. Әрі бұл жұ­мыс­тар­дың бәрі тегін.

Кеше өңірлік кәсіпкерлер пала­тасының мамандары қара­ғандылық кәсіпкерлерге көмек­тесті. «Қаланың үлкен базар­ла­ры­ның бірінде 77 жалға алушы өтінім берді, олардың 22-сі QR-код алған. Қарағанды об­лы­сын­дағы көмек көрсету пунктері бүгінде өңірдің 18 ауданында және ірі қалаларында жұмыс істейді. Жалға алу­шылар өте белсенді, барлығы қо­­сыл­ғысы келеді. Қазірдің өзінде 100-ге жуық өтінім келіп түсті», – деді базар әкімшілігінің өкілі Ирина Мишанова.

QR-кодты алуға өтінім берген кә­сіп­керлердің бірі Лидия Чернышова «Самал» базарында сөмке мен баскиім сатады. Ол бұған дейін өтінім бергісі келген, бірақ өздігінен жасай алмапты. Лидия Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының көмек көрсету пунктін ашқаны жақсы мүм­кін­дік екенін айтып отыр.

Ал Алматыда апта басынан бері Ashyq жобасына қо­сы­лу үшін 2 мың жаңа өтінім келіп түскен. Осыған бай­ланысты Алматы қаласының Кә­сіпкерлер палатасында да бизнес субъектілеріне көмек көрсету пункті ашылды.

«Егер маусымның ба­сын­да­ғы жағдай бойынша Алматы қаласында барлығы 1 700 қа­ты­сушы болса, бүгінгі күні олар­дың саны шамамен 3 000 объектіні құрайды» делінген Па­ла­таның берген ақпаратында.

Соңғы статистикаға сүйен­сек, Қазақстан бойынша бүгінде 21,9 мың бизнес субъектісі Ashyq жобасына қосылған. Егер кәсіпкерлер тарапынан Ashyq жобасына қосылуға қатысты сұрақ туындаса, Өңірлік кә­сіп­керлер палатасына немесе бизнес нысаны орналасқан мекенжай бойынша ӨКП филиалдарына хабарласып, ақпарат алған жөн. Ал көмек көрсету пунктерінің мекенжайын білу үшін «1432» бірыңғай нөміріне хабарласуға болады.