Білім • 30 Шілде, 2021

Ертең бірінші сыныпқа құжат қабылдау тоқтатылады

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда бірінші сыныпқа қабылдау үшін 325 мыңнан астам өтініш түсті. Құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Ертең бірінші сыныпқа құжат қабылдау тоқтатылады

«Ата-аналарға ертең құжат қабылдаудың соңғы күні екендігіне назар аударуды сұраймыз. Бұл мерзім болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын ала анықтап, қажет құжаттарды уақытылы тапсырып, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етуі үшін берілді» деп ескертеді Білім және ғылым министрлігі.

Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтау, оқулықтардың қажетті көлемін сатып алу, мұғалімдер арасында сағаттарды бөлу және сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтау жұмыстарын атқарады. Осыған байланысты министрлік өтініштерді уақытылы берудің маңызын еске салады.

«Құжат қабылдау 4 айға созылды. Бұл ата-аналарға да, мектеп әкімшіліктеріне де оқу процесіне дайындықты алдын ала ойластыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 10 тамыздан кейін мектептерде дайындық тобы жұмысын бастайды, оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге бармаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады», деп атап өтті ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Еске сала кетсек, өтініш қабылдау Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі.

Мектепке қабылдану үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет: баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар (баланың денсаулық паспорты №026/у-3, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама); баланың 3х4 см көлеміндегі цифрлық фотосуреті.

Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

«Қызыл» аймаққа енген өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтаманы оқу жылының басталуына дейін ала алады.