Әлем • 01 Тамыз, 2021

Түркиядағы алапат өрт

1482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияның біраз қаласы өртке оранды. Сенбіде ел президенті Режеп Тайип Ердоған өрт шыққан оңтүстіктегі қалаларды апатты аймақ деп жариялады.

Түркиядағы алапат өрт

Сәрсенбіде басталған апат орманды, елді мекендерді шарпып, енді үлкен курорттарға жет­кен. Ел билігі азаматтарды эвакуациялауға мәжбүр болды. Ауыл шаруашылығы және орман министрі Бекир Пакдемирли сенбіде тіркелген 98 өрттің 88-і сөндірілгенін хабарлады.

Қатты желдің әсері мен ауа температурасының жоғары­ла­уы­нан тілсіз жауды бақылауға алу мүмкін болмады. Манавгат қала­сында 5 кісінің, ал Мар­ма­рис­те 1 адамның өртте күйіп, қаза болғаны мәлім болды. Екі қала да – Жерорта теңізіне жақын орна­ласқан туристік мекен.

Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа бір ғана Манав­гат­тағы өрттен 400 адам зардап шекті деп хабарлады. Олардың 10-ы әлі де ем қабылдап жатыр. Ал Мармаристе 159 адамның денсаулығына зақым келген. 1 адам күйік шалып, ауруханаға жат­қызылды.

Хатай қаласына жеткен өрт те қатты желдің салдарынан бақы­лау­дан шыққан. Оның үстіне тіл­сіз жау адам көп шоғырланған орындарға дейін жеткен.

Түркия бұқаралық ақпарат құ­ралдары Эгей теңізінің жа­ға­сын­да орналасқан Бодрум­да­ғы қонақүй тұрғындары да эвакуа­циялауды сұрағанын жазады. Оларды құтқару үшін жеке яхталар мен кемелер шақырылған.

Өрт болған жерлерді президент Ердоған тікұшақпен аралап шықты. Одан кейін ол аймақ­тар­ды ресми түрде апатты аймақ деп жариялады.

«Халықты құтқару үшін қажет шараларды, қолдан келгеннің бәрін істейміз. Азаматтардың шығынын жабу, мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып отыр», деді мемлекет басшысы.

Түркияның оңтүстігіндегі Манавгат қаласында өткен бас­па­­сөз мәслихатында Ердоған Ан­ка­ра оқиғаны саясаттандыруға тырыспаса да, әдейі ұйым­дас­ты­рыл­ды деген нұсқаны да жоққа шығармайтынын және өрттің себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. «Біз өрттің себептерін мұқият зерт­тей­міз. Егер өз Отанын өртеуге тырысқан сатқындар болса, олар ең ауыр жазаға тартылады», деді Түрік елінің басшысы.

Түркия бұрын орын алған орман өрттерінде «Күрдістан жұмысшы партиясы» мен басқа да тыйым салынған топтарды айыптаған еді.

Ердоған үкіметтен үйлерін не­месе ауылшаруашылық жерле­рін жоғалтқан отбасыларға өтем­ақы төленетінін хабарлады. Оның айтуынша, зардап шеккен­дер­ге салықтар, әлеуметтік қам­сыз­дан­дыру және несие төлем­де­рін кешіктіріп төлеуге рұқсат беріліп, шағын бизнеске нөлдік па­йыздық несиелер ұсынылады.

«Қайтыс болғандарға Құдай­дың рақымын тілеуден басқа еш­теңе істей алмаймыз, бірақ біз өр­тенген дүниені басқамен алмас­­­тыра аламыз», деді ол.

Ердоған өртпен күресетін ұшақ­­тардың саны 6-дан 13-ке де­йін жеткізілгенін мәлімдей келе, Украина, Ресей, Әзербайжан және Ираннан ұшақтар жібе­ріл­ге­нін және мыңдаған түрік әскері, сондай-ақ ондаған тік­ұшақ­тар мен қашықтан бас­қа­ры­латын ұшақтар өрт сөндіруге жұ­мылдырылғанын айтты.

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда болған алапат өрт салдарынан елдің экономикасы мен туристік базасына ора­сан зор шығын келгеніне және азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізгеніне бай­ла­ныс­­­ты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға ниеттес­тік біл­дірген жеделхатын жолдады. Сонымен қатар бауырлас ха­лыққа гуманитарлық көмек көр­се­туге дайын екенін атап өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдары Түркия полициясы Манавгат қа­ла­­сында орман өртіне қаты­сы бар деген күдіктілерді ұста­ға­нын хабарлады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, күдік­ті­лерді жергілікті тұрғын байқап қал­ған. «Азаматтар күдіктіні сот­қа беруді талап етті», деді Сырт­­қы істер министрі Мевлют Чаву­шо­глу.

Президент тергеу ісіне барлау қызметкерлерін де жұмылдырып, үлкен зардап әкелген өрт себебін жедел анықтауды тапсырды.