Ranking дерегінше, елімізде әйел кәсіпкерлерге микроқаржы ұйымдары несие беріп отыр. Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығы 2020 жылы әйелдерге берілген микронесие үлесі 52 пайыз болған (ерлерге берілген несие үлесі – 48 пайыз) деген ақпарат жариялады.
«Микроқаржы ұйымдарының ішінде, әсіресе KMF әйелдерге ерекше назар аударып отыр. 2020 жылы гендерлік және экономикалық интеграция саласында жобаларды сәтті жүзеге асырғаны үшін компания Еуразиялық қайта құрылымдау және даму банкінен марапат алды. «Әйелдер бизнесте» жобасынан бөлек, KMF әйел кәсіпкерлерді, оның ішінде ауыл азаматтарын қолдауға бағытталған басқа да жобаларды қолға алған» делінген жоба хабарламасында.
Иә, әйелдердің бизнестегі үлесі төмен, ұлттық компания тізгінін ұстап отырғандардың басым көпшілігі – ерлер. Экс-депутат Меруерт Қазбекованың айтуынша, есесіне әйел азаматтар өздерін шағын және орта бизнесте аса жайлы сезінеді.
«ШОБ-тағы компаниялардың тең жартысынан астамын әйелдер басқарып отыр. Олар үлкен несиелер алмайды және ауқымды жобалармен айналыспайды. Себебі үлкен несиенің пайызы да үлкен. Қандай да бір ірі бизнесте, мәселен, мұнай-газ саласында жетекші рөлге ие болып отырған әйелді табу қиын. Ал орта бизнесте еңбек ететін әйелдер баршылық. Меніңше, олар орта және шағын бизнесте өздерін жайлы сезінетін сияқты. Яғни мейрамхана бизнесі, сән салоны, балабақша, сауда деген сияқты. Сондай-ақ қызмет көрсету саласында да әйелдер бар. Көбі үйде істей алатын қабілеттері арқылы ақша тауып жүр», дейді М.Қазбекова.
Ресми дерек бойынша әйелдер ел тұрғындарының 51 және экономикалық белсенді халықтың 48 пайызын құрайды екен. Ішкі жалпы өнімді қалыптастырудағы үлесі – шамамен 40 пайыз деңгейінде. Қазір елімізде жобамен 1 миллионнан сәл асатын жеке кәсіпкер (ЖК) жұмыс істесе, соның 47 пайызы – әйелдер. Олар негізінен мына салаларда шаруасын дөңгелетеді: әлеуметтік және денсаулық сақтау қызметін көрсету; жылжымайтын мүлік операцияларымен айналысу; үй шаруашылығы; білім беру; тамақ өнімдерін дайындау; көтерме және бөлшек сауда.
Ал дәл пандемия кезінде неліктен әйелдер бизнесі ерлер бизнесіне қарағанда, көбірек залал шекті (64%-52%)? БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің пайымдауынша, олар бала тәрбиесіне мән береді, үйде зорлық-зомбылыққа жиі тап болады және бизнестің онлайнға ауысу процесін ауыр өткереді. Міне, осы себептер олардың бизнестегі позициясын да әлсіретті. Сондай-ақ жалпыға ортақ проблемалар – қаржы тапшылығы, ақпарат пен білімге деген қолжетімділіктің болмауы, қатаң шектеу салдарынан жұмыстың біраз уақытқа дейін тоқтауы сияқты түйткілдер әйелдер бизнесін де айналып өткен жоқ.
Әйелдер бизнесіне орай арнайы зерттеу жүргізген Visa компаниясының сауалдамасына қатысқан кәсіпкерлер бизнес ашуына себеп болған факторларды атайды. Бірқатары жеке іс бастау арқылы қаржылық тәуелсіздікке ие боламын десе, енді біразы көп ақша табу үшін бизнеске келгенін айтыпты. Дегенмен қай-қайсы да жеке кәсіп бастауды ерлікке балайды. Бизнес жасаймын деген әйелдер үшін ең бірінші кезекте өзіне деген сенімділік, стреске қарсы тұрушылық, бастамашылдық және жұмысқа деген қабілеттілік керек дейді. Сонымен қатар әйелдердің кәсіп жүргізуіне кедергі келтіріп отырған себептер де тізбеленген: Олар – жақсы команда қалыптастыру, бизнес пен үй шаруашылығын қатар алып жүру және бизнесті бастап кету үшін ақша табу. Тиісінше, біраз әйелдер – шешімталдық қасиеттің болмауы, жұмсақтық, сенім арту және эмоционалды болуы кәсіптің адымын аштырмайды деп санайды.
Әйелдер бизнесі әлемде өрістеп келеді. Қазір жер-жаһанда жеке кәсіппен айналысатын әйел азаматтар саны 252 миллионға таяпты. Десе де олар әлі күнге жеке кәсібіне кедергі болатын гендерлік және мәдени кемсітушілікке ұшырап келе жатыр.