Тәуелсіздік • 01 Тамыз, 2021

Кабулдан басталған көш қазақ еліне қалай келді?

2339 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Газетіміздің өткен №138 санында (2021 жыл, 26 шілде) саяси шолушы Ол­жас Беркінбаевтың «Қырғыз-тәжік дағдарысы: Мүлт жіберілген мүмкіндік» са­раптамасы жарық көрді. Бұл сараптамада қазіргі таңда Ауғанстанда пайда бол­ған саяси тұрақсыздыққа байланысты 13-14 шілде күндері аталған елдің Бадах­шан өңірі Вахон уезіне қарасты Андемин елді мекенінен бас сауғалап, Тәжікстан шекарасына асып келген 345 этностық қырғыз туғандар жайлы мәлімет келтіріліпті.

Кабулдан басталған көш қазақ еліне қалай келді?

Ресми Бішкек болса «Талибан» содыр­лары­ның кесірінен жылы орнын тастап, босып келген бауыр­ларын қабылдайтыны жайында мәлім­деп, адамдарға үй-жай, малдарына жайы­лымдық жер қарастырып жатқаны жөнінде мәлімдеген болатын. Бірақ «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, Тәжікстан билігі шекара асып келген қырғыздарды келген жағына қарай кері асырып салды.

«Бұл іске «шекара бұзған босқын­дар­ға бұдан былай қауіп жоқ» деген Кабул тарапынан берілген кепілдеме себеп болды», депті шолушы. Бірақ оқиғаның осылай өрбуіне біраздан бері ширығып тұрған қырғыз-тәжік шекара дағдарысы әсер етуі де ықти­мал. Атам қазақ «көршіңмен тату бол­саң, іргең сөгілмейді» дегенді бекер айт­па­ған сияқты. Қалай десек те, 1991 жыл­дан бері атажұртына оралуды аң­саған ауғанстандық қырғыз ағайын­дар­дың кезекті қадамы сәтсіз аяқталды.

Осы орайда мына жайт ойға оралады. Соңғы 50 жылда бүліктен бас көтер­меген Ауғанстан елінде қазақтар да болды. Дүниежүзі қазақтар қауым­дастығын­да ұзақ жыл қызмет ат­қарған жазу­шы-драматург Сұлтанәлі Бал­ғабай­дың мәліметіне жүгінсек, 1990 жыл­дар­дың өзінде Ауғанстанның Балқ провин­циясының орталығы Мазари-Шариф пен ел астанасы Кабул қаласы маңында 30 мыңға жуық қазақ өмір сүрген. Осылардың барлығын тәуел­сіз Қазақстан мемлекеті 1991 жылдан бастап, бес жылдың ішінде түгелдей дерлік көшіріп алды. Егер ел ағалары ертерек қамданып, әрекет етпегенде ауған жеріндегі қандастарымыз қазір­гі қырғыз ағайындар секілді тар жолда, тайғақ кешуді бастан өткізіп жүрер ме еді, кім білсін! Нақ­тырақ айт­­қан­да, ауған жерінде тірлік жасап жат­қан қан­дас­­­тары­мызды марқұм ақын Жәр­кен Бөдештің «Жем қылмай ит пен қас­қырға, Қор қылмай қашқын-бос­қынға, Қазақты жисақ шіркін-ай, Бір ша­ңырақ астында» дегеніндей, бауыр­ларымызды бір шаңырақ астына жинап алғанымыз қандай жақсы болған.

 

* * *

Осы орайда, өткен ғасыр соңында Кабулдан басталған қазақ көшінің тарихына тереңірек үңілер болсақ, ең әуелі еліміз тәуелсіздігін жариялаған тарихи дата – 1991 жылы 16 желтоқсаннан дәл екі апта өткенде, яғни 1992 жылдың 30 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отан­дық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шетелдерде өмір сүріп жат­қан этностық қазақтарға арнап «Алыс­та жүрген ағайындарға ақ тілек» («Егеменді Қазақстан». №1 (20076).
01.01.1992 ж) атты тарихи сәлемін жолдады. Осы сәлем-сөзде: «Қымбатты отан­­дастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба же­ріне қайтып келе аламыз ба деген сұ­рақ алаңдатып келгенін мен жақсы бі­лемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақ­сатында адам правосы туралы елара­лық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа респуб­л­и­­калардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сон­дықтан атамекенге келемін деуші ағайын­дарға жол ашық. Ата-баба аруағы алда­рыңнан жарылқасын» дегені алыс­та жүрген ағайындарға атамекенге ша­қыр­ған үндеу іспеттес әсер етті.

Сөйтіп алыс және жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақтар көші бас­талды. Ресми дерекке жүгінсек, осы жылдары еліміз территориясынан тыс жерлерде 5 млн-ға жуық қандастар өмір сүріп жатты. Бұл әлемдегі барлық қазақтың үштін біріне тең. Осылардың ішінде қазақтар тығыз орналасқан елдің бірі – Ауғанстан еді. Бұл елдегі қазақтар негізінен Мазари-Шариф төңірегінде және Кабул қаласында және басқа жерде тыныш өмір сүріп жатқан еді. Бірақ 1978 жылғы сәуір төңкерісінен кейін мұндағы қазақтардың жағдайы күрделенді. Елдегі берекесіздік, әсіресе Кеңес әскерінің елге басып кіруі ондағы ағайындардың алаңсыз өмірін бұзды. Қым-қиғаш қақтығыс әлі жал­ға­сып жатыр. Оған дәлел – жоғарыдағы ауғанстандық қырғыз туғандардың жайы.

 

* * *

Бұл жерде бұған дейін көп айтылмай келген дүние – Кеңес Одағы ке­зін­де елімізде шетелдегі қазақтармен мә­дени байланыс орнату үшін құрылған «Қазақстан» атты қоғам болды. Бұл құ­ры­лым сырттағы қандастар ахуалын жіті қадағалап отырды. Аталған қо­ғам­ның президиум төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Шәнгерей Жәнібеков 1992 жылы 15 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевқа Иран және Ауғанс­тан елінде өмір сүріп жатқан қазақ­тар­дың жағдайын таныстырып ресми хат жолдаған екен. Осы құжатта, Иран жерінде 20 мыңнан астам қандасымыз өмір сүріп жатқаны туралы, олардың дені Горган, Бендер-Түркмен, Күнбет-Каус қалаларында тұратыны, бұлардың дені Ауғанстаннан ауып барған ағайындар екені, бұлар атамекенге ат басын бұрғысы келетіні жайлы хабардар етіп, оларды Түрікменстанның Гасан-Құли бақылау бекеті арқылы қабылдаудың тиімділігі зор екендігі жайлы мәлімдепті (75-Н-қ., 1-т 14-іс. 169-171-пп).

Шындығын айтқанда, от бүркіп, ойраны шығып жатқан Ауған елінен қандастарды көшіріп алу оңай іс емес еді. Билігі бүлініп, бірін-бірі тыңдамайтын басқару жүйесі қалыптасқан елден қазақ­тар­ды ресми жолмен алып шығу аса қиын болатын. Осы жайды білген біздің мемлекеттік мекемелер 90-жылдары Ауғанстандағы ағайындардың Ирак-Иран арқылы Түркия жеріне өтуіне ықпал етті. Бұл бұған дейін айтылмай келген шындық.

Дәл осы орайда, нақтырақ айтқанда 1992 жылы 28 қазан күні Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркия Рес­­­пуб­ликасына ресми сапармен барып, елі­міз тарихында тұңғыш рет шет мем­лекетте елшілік – дипломатиялық өкіл­ді­гін ашты. Одан кейін сапарын одан әрі жалғастырып, 31 қазан күні Иранға ат басын тіреді. Мемлекет басшысы осы сапарында Түр­кия және Иран жерінде бұрыннан өмір сүріп жатқан, сонымен қатар Ауғанс­таннан ауып барған қазақтар ахуалы­мен толық танысып, әсіресе босып жүрген қандастарды елге қайтару жайында аталған елдердегі дипломатиялық өкілдіктерге тапсырма жүктеді.

Жоғарыдағы тарихи сапар кезінде Елбасының қасында бірге жүрген, сол тұста Үкімет басшысының орынбасары Мырзатай Жолдасбеков 2007 жылы «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген сұхбатында: «1992 жылы қазан айының 30-ында Елбасымен бірге Қазақстан Республикасы делегациясы құрамында бірге бардым. Ирандағы қазақтар Прези­дент­пен кезігеміз деп үлкен бір мейманхана жалдап, өз үкімет басшыларына қолқа салып, кездесуге әрекет жасаған екен. Бірақ Елбасының қолы босамады да, орнына мені жіберді. Тегеран көшесінде бір машина жоқ, полицияның арнайы көлігімен қиқулатып жетіп бар­ғанымда қазакеңдердің қуаныштан естері шығып кетті. Бәрі Аллалап қарсы алды. Бір-ақ ауыз сөз: «бізді елге қайтар» деді. Көбі Ауғанстаннан босқан қазақтар екен» деп еске алады.

Осы оқиғадан кейін Түркия мен Иран аумағында босып жүрген осы қазақ­тарды Қазақстанға жеткізу туралы 1993 жылы 20 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің №6-11 санды өкімі шықты. Бұл іске ең әуелі, жергілікті әкімшілік құрылымдар тартылып, азаматтық авиация басқармасына, аталған елдердегі дипломатиялық өкіл­дік­терге, Сыртқы істер министрлігіне қарасты визалық рәсімдеу мекемелеріне нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар жұмысты ойдағыдай атқару үшін Еңбек министрлігі Халықтық көші-қон де­пар­таментінің төрағасы Ғ.Е.Есмұқанов басқарған жұмыс тобы құрылды.

 

* * *

Жоғарыдағы жұмыс тобының құра­мын­да болған көші-қон қызметінің ардагері Марат Тоқсанбаев: «1993 жылы күз айында Қазақстан Республикасы тарапынан Иран Ислам Республикасы жерінде босып жүрген қандастарды тарихи ота­ны – Қазақстанға көшіріп алу жөнінде Үкімет қаулысына сәйкес Түрікменстан Республикасының астанасы Ашғабад қаласына Еңбек министрлігі, Кеден ко­ми­теті және Шекара қызметі маман­дары іссапарға жіберілді. Осы құ­рам­да мен де болдым» деп еске алады бізбен сұхбатында. – Мұндағы босқын қазақтарды Түрікмен аумағы арқылы темір жолмен тасымалдау оңайға соққан жоқ. Иранның Горган, Бендер-Түркмен және Гомбат қалаларынан жинап алған отбасы мүшелерін автобуспен, жүктерін «КамАЗ» көлігімен тасымалдап, екі эшелон қандастарымызды Оңтүстік Қазақ­стан және Алматы облысына 20 күн дегенде зорға жеткізген едік. Одан кейін тағы бір айта кететін мәселе, Ауғанстанда болып жатқан талибандардың қақтығысы сал­дарынан бұл елдегі қандастарымызды соғыс ошағынан аман-есен алып шығу­дың жолын қарастырдық. Ақыры ел астанасы Кабул қаласы маңында орналасқан АҚШ әскери базасымен келісімге келіп, оқтың астында босып жүрген қазақтарды америкалықтардың бақылауындағы қауіпсіз аймаққа жинап, әскери базаға ұшақ қондыру арқылы 100-ден астам қазақты Қызылорда облысына алып кел­ген болатынбыз. Бұл сапарды сол кездегі Көші-қон департаменті басшысының орынбасары Мұхит Ізбанов оқтың астында жүріп атқарып шыққан еді, дейді Марат Есімқұлұлы.

Сол сияқты Иран жерінде босып жүрген ауғандық қазақтарды да ата­жұрт­ына жеткізу ісіне өте үлкен еңбек сіңірген адамның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Ол кісі өзінің естелігінде: «1993 жылы Иранға елші болып бардым. Елшілікке сәулетті ғимарат алдым. Үш автобус жіберіп 300 шақырым жердегі қазақтарды алдырдым. Нұришат деген қария бар еді, сол бастап келді. – Мырзатай шырақ, деді ол кісі: – Жа­сым тоқсанға келді, Нұрсұлтан екеуің Теге­ранның төріне үй, төбесіне ту тік­тің­дер, мұндағы өлген қазақты тірілт­тіңдер, шырақтарым екі дүниеде ризамын, дегенде жиналған жұрттың бәрі жылады. Бұл күзде болған оқиға еді. Келер жылы наурызда елшіліктің барлық қызметкерін алып, қазақтарға өзім бардым. Олар түрікмендермен бірге тұрады екен. Түрікменнің шалдары: «Әй, қазақтар, не деген бақытты халықсыңдар, сендерді елшілерің іздеп келді» деді. Осы басқосуда бір қария: «Шырағым, Мырзатай, шетте елін аңсап жүріп өлген қазақтың сүйегі көрде қызып жатады дейді. Сен мына қазақтардың сүйегі көрде қызбасын десең елге жеткіз» дегені. Осы сөз сай-сүйегімді сырқыратты. Бұлардың бәрі Ауғанстаннан қуғын көріп қашып келген қазақтар екен. Содан дереу елден үш ұшақ алдырып барлығын көшірдім. Олар климаты қолайлы Оңтүстікке қоныстанды» деп еске алыпты.

Осылай Кабулдан басталған көш 1991-1995 жылдары Пәкістан, Иран, Түркия және Сауд Арабиясы арқылы әртүрлі жолмен елге тасымалданды. Ресми дерекке жүгінсек, 1991 жылдан бері «ауғанстандық» деген атқа ие 13 282 қандасымыз атажұртына табан тіреген екен. Олардың дені, яғни 1 736 адам Ақмола облысына, 2395 адам Батыс Қазақстан облысына, 1 454 адам Нұр-Сұлтан қаласына, 1 115 адам Ақтөбе облысына, 1 480 адам Маңғыстау өңіріне, 1 059 адам Солтүстік Қазақстан жеріне, 874 адам Павлодарға, 915 адам Түркістан өлкесіне қоныстанып аман-есен ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Ал қалған бөлігі: Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарымен қатар Шымкент, Алматы қалаларына тұрақтаныпты.

 

* * *

у

Осы орайда, мына бір тарихи суретке назар аударған жөн сияқты. Бұл фотода жоғарыда сөз еткен ауғанстандық қандастардың атажұртына табаны тиіп, туған жерінің топырағын сүйіп жатқан сәті таспаланған. – Бұл оқиға 1994 жылы қазан айының 3-і күні Қызылорда қаласының әуежайында болған еді,  дейді көші-қон ардагері Марат Тоқсанбаев ағамыз. Бұлар Түркия арқылы ұшақпен жеткізілген ауғанстандық ағайындар екен. Қара топырақты құшырлана сүйіп жатқан ақсақалдың аты – Сағынтай Қарабазар. Қасындағы бәйбішесі – Шагүл апай. Бұлардың артында қолын ұмсына созып түрегеп тұрған жігіт – Шәрібай Тобжанов. Шәкеңнің де туған жері – Мазари-Шариф. Ата-анасы қуған-сүргін жылдары Ауған асып кеткен. Бірақ Сыр бойында қалған әкесінің ағайындары Мәскеуге арызданып жүріп 1972 жылы бұлардың отбасын көшіріп алған. Сөйтіп Шәрекең осында өсіп-өніп, 1986 жылы ҚазМУ-ді бітірген. Суреттегі жер сүйіп жатқан қария Шәрібайдың туысы. Яғни Шәкең ауғанстандық ағайындарын әуежайдан күтіп алып тұр. Фотодағы жер иіскеп жатқан Сағынтай қария ел ауғанда сегіз жастағы бала екен. Жарықтық туған топырағымен 60 жылдан кейін осылай қауышыпты. Бұл кісі алты жылдың алдында дүниеден өтсе, бәйбішесі Шагүл апамыз да жуықта бақилық болыпты. Қос қариядан тараған ұрпақ қазір Қаскелең қаласында аман-есен тұрып жатыр.

 

* * *

Қазақта «елге ел қосылса құт» деген тәмсіл бар. Ең соңғы ресми дерекке жүгінсек, тәуелсіздік жылдары елімізге сырттан 1 079 192 қазақ көшіп келіпті. Бұл сан тек шекара асып сырттан келген қандастарға ғана тән цифр екенін ескерсек, ағайындарымыз қоныстанғаннан кейінгі демографиялық қарқыны, олардың еліміздегі тілдік ахуал мен ұлт руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз екені анық. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде, «Шетелдерге барған сапарымда сол елдің басшылары тарапынан аталған мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақтар жайлы бірде-бір жаман сөз естімедім, барлығы дерлік жақсы пікір айтады» дегенін сырттағы бауырларымызға берілген баға деп түсінген жөн. Осы орайда айтпағымыз: біз еліміздің экономикалық әлеуетін көтеру үшін шетелдерден инвестор тартып жағдайымызды түзеудеміз. Ал ұлттық руханиятымыз мен тілімізге ешқандай шет мемлекет инвестор бола алмайды. Бірақ бұл сала бойынша қазақтың ұлттық инвесторы тілін, ділін, салт-санасын берік сақтаған – сырттағы қандастары.