Аймақтар • 01 Тамыз, 2021

Ізгілік ұялаған Сандықтау

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалпақ елге жаман індет шеңгелін салғалы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы күшейіп келеді. Ізгі ниет індеттің жүгін жеңілдетіп, сенімді арттырып, ертеңгі күнге деген үміт отын лаулатып тұр.

Ізгілік ұялаған Сандықтау

Көп көңілін демдейтін көп-көрім жанашырлық туралы құ­лақтанған қауым өздері де қарап отырмай, қолда бары­мен бөлісіп, бірін-бірі қи­ын шақта қолтығынан демеп, бір­ліктің тінін бекемдей түс­кен. Аудандағы барлық ауылдық округ­те жағдайға түсі­ніс­тікпен қарап, көпбалалы от­басылар мен жалғызілікті жан­дарға демеу болуда. Атымтай жомарттардың ақ ниетінен туын­даған жүрек тебірентер қам­қорлықтың шапағатына бөлен­гендер өздерінің ешуақытта иықтарына түскен қиындықты жалғыз көтермейтінін сезініп, еңсесін тіктей түскен. Негізінде бірін-бірі қолдап, көп болып жұ­мылып жатқан жұмысты әр­бір ауылдық округтегі жастармен жұмыс істейтін мамандар ұйым­дастырып отыр. Олар ауда­н тұрғындарына мыңдаған бетперде таратты, азық-түлік се­беттерін тарту етті. Індеттен қа­лай қорғануға болатынын түсін­дірді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Сандықтаулық еріктілер қа­уіптің қаншалықты зор екенін жетелеріне жеткізе отырып, сақ­тық шараларын бұлжытпай орын­даудың қажет екенін қаперге салатын мыңдаған ақпараттық парақша таратқан. Вакцина алудың қаншалықты маңызды екенін ел ішінде тәптіштеп тү­сіндіруде.

Өткен жылы ауданда жан жа­дыратар жақсылық істер Во­лонтер жылына байланысты ұй­ым­дастырылған марафонмен басталды. Ондағы басты мақ­сат – ерікті болу әркімнің қолынан ке­летінін айта отырып, жал­пақ жұртты жақсы істерге жұ­мыл­дыру. Жыл бойы қолы ашық, пе­йілі кең еріктілер әрбір ауылдық округтегі тұрғындардың хал-ахуа­лын көздерінен таса еткен жоқ. Алдымен қамқорлықты қа­жет ететін отбасылардың тізімі жа­сал­ды. Бұл тізімге қариялар, мүм­кіндігі шектеулі адамдар  енгізілді.

Қамқорлық аясында, әсіресе медициналық бағыттағы шаруалар пысықталып, кем-кетігі толтырылып, қатерлі індетпен күресетін қауқар нықтала түсті. Бұл шаруаның барлығы ел бір­лігіне арналып отырғанын ек­пін түсіріп айта кеткен ләзім. Туған топырақтың мерейі де ұмыт қалған жоқ. Мәселен, ерік­тілер қатерлі індет буып тұр­ған кезде де ауыл-аймақты абат­тан­­дырып, санитарлық таза­лық­­ты мінсіз етуді қолға алды. «Ту­ған жер» бағдарламасы бо­йын­ша аудандағы іскер жандар ауыл-аймақтың ахуалына жа­нашырлықпен қарап, демеу­шілік көмек көрсете бастады.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін «Байдалы» серіктестігінің бас­­шысы Марат Оразалиннің атқарып отырған қыруар шаруа­сы туралы айта кеткеніміз орынды. Өткен жылы серіктестік жұмысшысы Иван Поперчактың отбасына көлемі 190 шаршы метрді құрайтын бес бөлмелі үй салып берді. Әдемі шатырмен көмкеріліп, көзтартарлықтай етіп қапталған еңселі үй алыстан менмұндалайды. Шаруашылық есебінен мешіт, наубайхана салып, жылу қазандығын іске қосып, фельдшерлік-акушерлік пунктті жабдықтап, мектеп оқу­шыларының барлық жағдайын жасауда. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген 7 мұғалімді құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жайлы бас­панамен қамтамасыз етіпті. Кә­дімгі екі қабатты, еңселі үй. Орталықтандырылған жылу ар­қылы жылытылады. Фельд­шер­лік-акушерлік пунктті де қам­қорлығына алған. Серіктестік сыйға тартқан аппараттар – медицина саласындағы ең соңғы үлгідегі құралдар. Тіпті ауыл тү­гіл, аудан орталығынан да табыла бермеуі әбден мүмкін. Таяуда анализ жасайтын америкалық аппаратураларды 13 млн теңгеге алып берген.

– ФАП ауылдық округтегі Ве­селое, Жыланды, Барақпай, Но­воселовка ауылдарының тұр­ғын­дарына, шамамен алғанда 1,5 мың адамға қызмет көрсетеді. Серіктестік әперген ЭхоКГ аппаратын орнатып алдық. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан білікті мамандар келіп, қалай жұмыс істейтінін көрсетіп берді. Гемотологиялық анализатор, био­химиялық аппарат арқылы бар­лық талдауды жасай аламыз. Ауыл тұрғындары анализ үшін аудан немесе облыс орталығына бармайтын болды, – дейді дәрі­гер, медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Оразалина.

Өткен жылы серіктестік су жаңа жедел жәрдем көлігін сыйға тартқан. Ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудан, облысқа жеткізуге қажетті жанар-жағармай серік­тес­тіктің мойнында. Биыл кең­шар­дың бұрынғы кеңсесін сатып алған. Енді оған толығымен жөн­деу жұмысын жүргізіп, ауылдағы емдеу мекемесіне бермекші. Сол кезде станционар да жұмыс іс­тей­тін болады. Ол ғимаратқа учас­­келік инспектор, пошта ор­на­ласпақ.

Ауыл мектебіндегі 124 оқушы серіктестік есебінен ыстық та­мақпен қамтамасыз етілген. Ас­­пазы да серіктестік есебінен жа­­лақы алады. Оқушыларға қа­жет­ті спорттық құрал-жаб­дық­­­тар түгел. Хоккей команда­сын жұтындырып киіндіріп қой­­ған. Екі жыл бұрын шағын фут­болға арналған сапалы, жа­санды жамылғысы бар спорт алаңын салып беріпті. «Мектеп­ке жол» акциясы аясында 1-сы­ныпқа баратын барлық бала­ оқу құралдарымен, әлеу­мет­тік жа­ғынан аз қамтылған от­ба­сы­лар­дың балалары мен мүм­кін­дігі шектеулі оқушылар толық ки­ім-кешекпен қамтамасыз еті­леді.

«Сандықтау астық» серік­тестігінің басшысы Атлан До­каев Бірлік ауылдық округінің тұр­ғын­дарына әрқайсысы елу кило болатын 241 қап ұнды те­гін таратып берген. Балкашин ауылдық округіне 256, Жамбыл ауылдық округіне 30 қап ұнды сыйға тартқан. «СХП 1 май» серік­тестігінің басшысы Маго­мед-Сали Абуев зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға елу килолық 100 қап ұн жеткізіп беріп, қамқорлық көрсетіп отыр. «Свободное» және «Максимовское» серіктес­тік­­терінің басшылары әкелі-ба­лалы Александр Закусиловтер зейнеткерлерге, Ауған соғысының ар­дагерлеріне ұзын-ырғасы ал­пысқа таяу адамға тегін ұн таратып, өсімдік майын үлестірген. Максимовка ауылының бұрынғы тұрғыны Николай Мещеряков зей­неткерлерге азық-түлік себет­терін сыйлаған.

Міне, осылайша адамдар бір-біріне қайырымдылық жасап, қанаттандыруда. Бұрынғының «елде болса ерніңе тиеді» дейтін сөзі рас-ау шіркін. Ел ішіндегі берекенің бесігін тербетіп, аялап тұрған да жомарт жүректі жан­дардың жұмыла атқарып отырған шаруасы.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы