Саясат • 02 Тамыз, 2021

Уәделер мен өтініштердің орындалуы қалай?

342 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы «Өзге­ріс­­тер жолы: Әр азамат­қа ла­йықты өмір!» сайлауалды бағ­дар­­ламасын жүзеге асыруға ба­ғыт­талып, әрбір өңір, қала және аудан бо­йынша қабылданған 217 жол картасы аясында бүгін­де берілген уәделердің республи­калық деңгейде 7 пайызы, ал өңірлерде 5 пайызы орындалды.

Уәделер мен өтініштердің орындалуы қалай?

Партияның баспасөз қыз­метінің мәліметінше, өңірлерде 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 37,6 мың пәтер салынды, сондай-ақ 8,4 мың орындық 25 мектеп және 4 мың орындық 66 балабақша, 800 келушіге арналған 9 медициналық нысан ашылды. 630 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 48 кәсіп­орын іске қосылып, 107 мың­нан астам адам тұрақты жұмыс орын­дарына орналасты­рылды. 

Сайлауалды уәделерді іске асыру аясында Ақтөбе облысында 104 ауылдық елді мекен газбен қамтамасыз етіле­ді. Атап айтқанда, Мұғалжар ауда­­ны­н­ың Жұрын ауылында құ­­ры­­лыс жұмыстары басталып кет­ті. Жақында бұл елді мекенге таза ауыз су жеткізілді, енді тұр­ғындар «көгілдір отын­ның» игілі­гін көретін болады. Өйт­кені Қан­ды­ағаш – Жұрын – Қаракөл бағыты бойынша газ құбырын салуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Шымкент қаласында 32 мек­тептің құрылысы басталды. Жаңа оқу жылында үш ауысымда оқытатын орта білім беру ұйымдарының саны 14-тен 9-ға дейін қысқаруға тиіс.

Қызылорда облысында жыл соңына дейін 5 апатты көпір­ді жөндеу жоспарланған. Өңір­де облыстық маңызы бар тас жолдағы көпірлердің біріне қайта жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. 2018 жылы көктемгі су тасқыны салдарынан Жалағаш ауданында облыстық маңы­зы бар «Жалағаш – Жосалы» авто­көлік жолын су басқан. Жыл сайын облыстың Жалағаш, Қар­мақшы, Қазалы, Арал аудан­дарының 200 мыңнан астам тұрғыны облыс орталығына осы тас жол арқылы барады. Биыл бұзылған учаскелерді қалпына келтіруге 98,2 млн теңге бөлінді, 1 километр тас жол төселіп, 4 су өткізу құрылғысы орнатылды.

Алматы облысында пар­тиялық уәдеге сай Сарыбай би, Долан және Еркін ауылдарында үш амбулатория ашылды. Еркін ауылында жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын жаңа екі қабатты ғимаратта сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа амбулаторияда УДЗ, ЭКГ-ден өтуге, сондай-ақ тіс дәрі­герінің қабылдауына келуге мүмкіндік бар. Амбулатория Еркін және Көктал ауылдарының тұрғындарын қоса алғанда, барлығы 18 мың адамға қызмет көрсететін болады.

Долан және Сарыбай би ауыл­дық округтеріндегі жаңа амбула­торияларда дәрі­герге дейін­гі және дәрігер­лік қа­был­дау, ги­не­колог, тіс дәрі­гері, емшара және физио­те­ра­пиялық қабыл­дау кабинеттері, емшара бөлмесі бар.

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 8 мыңға жуық отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оралда 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек, облыстың әрбір ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құры­лысы басталды, оның екеуі Жал­пақтал және Подстепное ауылдарында маусым айының басында есіктерін айқара ашты. Оларда күрес, волейбол, футбол, баскетбол секілді спорт түр­леріне арналған жаттығу зал­дары, 160 орындық көрермен залы қарас­тырылған. Нысанның аумағында шағын футбол және жүгіру алаңдары салынды.

Сонымен қатар жыл басынан бері Nur Otan-ның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде депутаттар, партия мүшелері – мем­лекеттік органдардың басшы­лары 14 мыңнан астам қабыл­дау өткізіп, 74 мыңнан астам қазақ­­стандықты қабылдады. Өті­ніш­тердің 96 пайызы бойын­ша оң шешімге қол жеткізі­ліп, кон­суль­тативтік, құқықтық және бас­қа да көмек көрсетілді. Қал­ған 4 пайызы орындалу үстінде.

Өткен жылдың соңында онлайн-режімде өткен қабыл­дау­лардың бірінде  партия Төр­ағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Ақтөбе облы­сы­ның 24 жастағы тұрғыны Айбек Қос­мағам­бетовтің өтіні­шін тыңдаған бола­тын. Қобда ауданының Талдысай ауы­лы­­ның тұрғыны сол кезде елді меке­нде жолдың жоқтығын айтып, шағымданған.

Бауыржан Байбек өз кезегін­де Айбек Қосмағамбетовке депутаттар таяу уақытта өтетін сессияда елді мекендегі жолды жөндеуге қаражат бөлу мәсе­лесін қарайтынын айтқан еді.

Nur Otan фракциясының депутаттары өтінішті қарағаннан кейін биыл ауылдағы жалпы ұзындығы 2,6 км болатын екі жолға орташа жөндеу жүр­гізілді. Ә.Молдағұлова атын­дағы көшені жөндеуге об­лыс­тық бюджеттен 65,5 млн тең­ге, ал Абат Байтақ көшесіне – 140,2 млн теңге бөлінген. Бүгін­де асфальт төсеу және жүргін­ші­лер жолдарын жайластыру жұ­мыстары атқарылуда.

Сондай-ақ Nur Otan-ның елор­далық филиалына «Қазақауыл» шағын ауданы­ның тұрғыны газдандыру мәсе­лесін шешу туралы өті­ніш айтқан. Өйткені осы аудан­ның 150 үйі газ желісін тарту жо­басына кірмей қалған екен. Ас­тана­ны және ел өңір­лерін газдандыру­дың ауқым­ды жо­ба­сына Тұңғыш Прези­дент – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі бастамашы болға­нын ес­­ке­ре отырып, Партиялық ба­қы­лау комиссиясы елорданың Отын-энергетикалық кеше­ні және коммуналдық шаруашы­лық басқармасының бас­шы­сы Төлеген Құлұшев пен тұр­ғын­дар­дың кездесуін  ұйым­дас­тыр­ды. Нәтижесінде «Қазақ­ауыл» ша­ғын ауданын газ­бен қамту же­лісін тарту үшін жобалық-сме­та­­лық құжаттама әзірлеу және газ­­дандыру жұ­мысын биыл­ғы төр­тінші тоқсан­да бастау ұйғарылды.

Батыс Қазақстан облысында нұр­отан­дықтар Орал қаласынан 140 шақы­рым қа­шықтықта орналасқан Сырым ауда­нының Жымпиты ауылы тұрғында­рының көлік мәселесін шешуге көмек­тес­ті. Олар­дың өтінішіне орай қазір Жым­­питы – Орал бағытында тұ­рақ­ты ав­тобус қатынай бастады және мүм­кін­дігі шектеулі, тұр­мысы төмен отбасы­лар­дың бала­лары тегін тасымалданатын болды.

Маңғыстау облысының Жаңа­­өзен қаласындағы үйлер­дің бірінің тұр­ғындары жарты ғасырдан бері табиғи газ тартуды сұрап келген. Ғимарат сонау 1965 жылы жатахқана ретінде пайдалануға берілген, ал 90-жылдары тұрғындар пәтер­лерін жекешелендіріп алған. Осы мәселені шешу үшін тұр­ғындар Nur Otan партиясының жергілікті филиалына жүгінді. Нәтижесінде қалалық бюджеттен қаражат бөлініп, барлық пәтерге газ тартылды.

Nur Otan партиясының Рес­пуб­­ликалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесіне келесі байланыс арна­ларының бірі арқылы жүгіне аласыз:

- Call-центр: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

- WhatsАpp: 8 700 800 4441

- E-mail: komek@nurotan.kz.

- Отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет бойынша «111 Жедел қызметі».