Экономика • 02 Тамыз, 2021

Тауар айналымында өсім бар

953 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронадағдарысқа қарамастан, еліміздің өзге мемлекеттермен тауар айналымы өскені байқалды. Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен осы саладағы көрсеткіші жылына 35%-ға артқан, экспорт көлемі де үш есе ұлғайған.

Тауар айналымында өсім бар

2021 жылдың қаңтар-мамыр ара­лы­ғында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 2,3 млрд долларды құрап, былтырмен салыстырғанда бірден 34,7%-ға өскен, деп хабарлайды finprom.kz ресурсы. Ал осы елдердің сыртқы саудадағы үлесі 4,7%-дан 6,3%-ға артқан.

Қазақтардың әсіресе, өзбектермен сау­да­сы қызып тұр. Деректерді сөйлетсек, Қа­зақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2019 жылғы қаңтар-шілде айларында 11,1% ұлғайған және 1,6 млрд долларды құрапты. Ал биылғы алғашқы жартыжылдықта екі елдің тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 46%-ға өсіп, 1,5 млрд долларға жеткен. Өзбекстанның еліміздегі жалпы тауар ай­на­лы­мындағы үлесі бүгінде 4,1% па­йызды құрайды.

Одан кейін Қазақстанның тауар айналымына Тәжікстан үлес қосып отыр: 426,1 млн доллар, бір жылда 22,9%-ға артқан, содан кейінгі кезекте – Қырғызстан (328,7 млн доллар, бір жылда +8,2%).

Ал еліміздің Түрікменстанмен тауар айналымы 74,6 млн долларды құраған, бұл да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 49%-ға артық. Еліміздің тұрғындары түрікмендердің маталарын, көрпе-жас­тығын көбірек тасымалдай бастаған. Бұл сол елдегі бағаның арзандығынан болса керек.

Енді Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттеріне экспортын сараласақ, бұл көрсеткіш 2021 жылдың қаңтар-мамыр айын­да 1,7 млрд доллардан асқан. Мұны да былтырғыға қарағанда, жоғары көрсеткіш деп бағалауға болады. Бұл салада да басқалардан қарағанда қазақ пен өзбектің алыс-берісі көбірек екені байқалды. Сыртқа жіберілген тауардың 65,9%-ы Өзбекстанға жөнелтілген. Ақшамен есептесек, осы елге экспорт көлемі 1,1 млрд долларды құраған. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 58,4%-ға артық.

Тәжікстанға жалпы сомасы 297,1 млн доллардың тауарын жіберіппіз. Ал Қыр­ғыз­с­танға – 227,2 млн доллар, Түрік­менстанға 48,6 млн доллар көлеміндегі тауар тасы­мал­данған.

Жалпы алғанда, Қазақстаннан Орталық Азия мемлекеттеріне жөнелткен тауарлары сыртқы нарыққа шығатын жалпы экспорттың 7,7%-ын құрайды екен. Ал Орталық Азия мем­ле­кеттерінен елімізге келетін тауар кө­лемі жалпы импорттың 4,2%-на жеткен. Айталық, жыл басынан бері Орталық Азия­дан Қазақстанға 624,2 млн долларды құрайтын тауар әкелініпті. Бұл – былтырғыдан 33%-ға көп. Соның ішінде Өзбекстаннан келетін импорт 367,7 млн долларды құраса, Тәжікстандікі бірден 2,4 есе ұлғайып, 129 млн долларға жеткен.

Биылғы алғашқы бес айдағы Қазақ­станның экспорт көлемі Орталық Азия мемлекеттеріне жіберілетін импорттан 2,7 есе асып түскен.