Өйткені бұл өңірде аса қауіпті «Дельта» штамының таралуы мен карантиндік талаптардың сақталмауынан коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар саны күрт өскен. Мәселен, былтыр осы уақытта орта есеппен 5 830 жағдай тіркелсе, биылғы көрсеткіш 7 767-ге жеткен. Күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған 400-ден аса науқас анықталуда. Қазір 1,5 мыңдай адам инфекциялық стационарларда оқшауланған. Оның ішінде 102 жүкті әйел, жас босанған 4 ана мен 18 жасқа дейінгі 13 бала бар. Амбулаториялық ем қабылдап жатқандар саны 4 мыңға жуықтаған. Жансақтау бөлімінде 80 адам ауыр халде жатыр.
– Соңғы төрт күнде коронавирус инфекциясынан 24 адам қайтыс болды. Бәріміздің салғырттығымыз қайтыс болғандарға, ауруханада жатқан жандарға себеп болуы мүмкін. Той мен садақаны тоқтатпау, санитарлық талаптарға қатысты қарапайым қағидаларды орындамаудың соңы үлкен өкінішке ұласуда. Олай дейтінім, науқастардың басым көпшілігі қауіпті инфекцияны той-томалақ, садақа, адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мейрамхана-дәмханалардан жұқтырғаны анықталды. Бүгін садақа, той өткізген отбасында келесі аптада жаназа шығарылуы әбден мүмкін, – дейді М.Досмұхамбетов.
Әкімнің айтуына қарағанда, ауруханаларда бос орын азайған. Кейбір ауруханалар инфекциялық стационарға айналдырылып жатыр. Алайда мұндай мәжбүрлік созылмалы сырқаты бар тұрғындардың жоспарлы емделуіне кесірін тигізеді. Медициналық қызметкерлердің жүктемесі артып отыр. Тіпті короновирус инфекциясын жұқтырудың көбеюінен жатақханалардан қосымша инфекциялық орындар дайындау қажеттігі туындады.
– Бізге әр тұрғынның өмірі мен қауіпсіздігі қымбат. Біреудің жауапсыздығы үшін екінші бір адамның өміріне қауіп төнбеуі керек. Коронавирус инфекциясынан құтылатын жалғыз жол – вакцина салдыру. Әртүрлі қауесет таратушылар тұрғындардың денсаулығына кепіл бола алмайды. Былтырғы жағдайдан сабақ алдық, тәжірибе жинадық. Ең басты-
сы, сақтық пен тәртіп керек, – дейді М.Досмұхамбетов.
Дегенмен Атырауда жалған вакцина паспортын жасаған медбике анықталып отыр. Бұл туралы әуелі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев мәлім етті.
– Қазір жалған вакцина паспортын жасауға жол бермеу үшін барлық екпе бекетінде бейнебақылау камералары орнатылды. Медицина қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан Атырау қаласындағы емханалардың бірінде медбикенің жалған вакцина паспортын жасағаны анықталды. Бұл – жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп төндірген әрекет, – дейді Қ.Абдалиев.
Ал облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 31 шілдеде тәртіп сақшылары облыстық әкімдік және прокуратура қызметкерлерімен бірге жедел іздестіру іс-шарасын жүргізген. Сол кезде жалған вакцина паспортын жасау күдігіне ілінген 40 жастағы медбикені ұстаған.
– Ақ халатына дақ түсірген медицина қызметкері еgov.kz ақпараттық жүйесіне коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу туралы ақпаратты нақты егілмеген адамдардың атына ақшалай сыйақы үшін енгізумен айналысқан. Күдікті жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын мойындады, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған медбикеге қатысты Қылмыстық Кодекстің 206-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Атырау облысы