Оқиға • 02 Тамыз, 2021

Жалған вакцина паспортын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Полиция Шығыс Қазақстан облысында 30-дан астам адамға жалған вакцина паспортын сатқан медицина қызметкерлерін ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалған вакцина паспортын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтты.

«Шығыс Қазақстан облысының полицейлері вациналау паспортын қолдан жасап, сату әрекетінің жолын кесті. Семей қаласында жедел іздестіру шарасын жүргізу кезінде екі медициналық қызметкердің жалған құжат сатып, ақша таппақ болғаны анықталды. Ол үшін қаладағы медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін бір қызметкер өзінің есепшотына жекелеген азаматтардан 15 мың теңге көлемінде ақша қабылдап отырған. Ол ақшаның 10 мың теңгесі мен құжатқа тапсырыс берген азаматтың жеке куәлігінің көшірмесін жедел медицицналық жәрдем орталығындағы таныстарына берген. Олар әлгі азаматтардың жеке мәліметтерін вакцина алған адам ретінде деректер базасына енгізген», деді ІІМ өкілі.

Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жалған паспорт жасатқандардың нақты санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

«Қылмыстық іс аясында заңнан аттаған азаматтар анықталып, тергеліп жатыр. Ұсталған мамандардың айтуынша, олар 30-дан астам қала тұрғынына жалған вакцина құжатын сатқан. Бірақ тергеуші мамандардың пікірінше, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тергеу қорытындысы бойынша заңсыз жолмен базаға енгізілген жалған мәліметтердің бәрі жойылады. ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев айтқандай, медициналық қызметкерлердің бұл әрекеті Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қаралып жатыр. Бұл бап 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», деді Шұғыла Тұрлыбек.