Әлем • 03 Тамыз, 2021

Еуропаға кіру талаптары өзгертілді

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропа елдеріне кіру талаптары өз­гер­тілді. Сондықтан осы бағытта саяхаттай­тын жолаушыларға барар елге кіру талаптарымен алдын ала танысуға және жағдайды бақылып отыруға кеңес беріледі.

Еуропаға кіру талаптары өзгертілді

Германия жексенбіден бастап екпені толығымен алмаған туристерден коронавирусқа тестілеудің теріс нәтижесі мен жақында ауырғаны туралы анықтама талап ете бастады. Бұл он екі жас­тан асқан барлық адамға, сонымен қатар елге автокөлікпен келушілерге де қатысты. Берлинде тамыздың алғашқы күндері жүздеген демонстрант санитарлық шектеулер мен вакциналауға қарсы наразылық акциясына қатысты. Оны өткізуге үкімет рұқсат бермеген.

Кейбір адамдардың қолында «Еркіндік!», «Корона-диктатураға жол жоқ!» деген жазулар бар плакаттар болды. Демонстранттар тобы полиция­мен қақтығысты. Соған орай тәртіп сақшылары бірнеше адамды ұстады.

Дания шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. 500-ден жоғары орны бар театрлар мен кино­театр­ларға бару үшін енді «денсаулық паспорты» талап етілмейді.

Португалияда бірінші тамыздан бастап эпиде­мия­лық ахуалдың нашарлауына байланысты кейбір аудандарда енгізілген комендант сағаты алынып тас­талды. Дүкендерге, мейрамханалар мен барларға түнгі екіге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Францияның Марсель қаласында «Орандж Велодром» стадионына отыз мыңға жуық көрермен қайта оралды. Мұнда «Олимпик Марсель – Вильярреал» жолдастық матчы өтті.