Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Талдықорған қаласында коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі мониторингтік топтың пара алумен айналысқан мүшелерін ұстағандығы жайлы хабарды естігенімде баяғы «Ақ молда» еріксіз есіме түсті. Өйткені бұл шенеуніктер де қазіргі мылтықсыз майдан – күн сайын талай адамның өмірін жалмап жатқан тажал індет кезінде жұртқа сақ болу жөнінде ақыл айтып жүргенімен, шын пиғылдары ел басына түскен қасіреттен пайда тауып қалу болғаны ғой. Антикор жариялаған мәліметке қарағанда, Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы мен оның қарамағындағы бас маман сыбайласып, көп адамның қатысуымен өтетін той-думанға, ас беруге тыйым салынғанына қарамастан, мейрамханалардың иелерінен және рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаушылардан жүйелі түрде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алып, жол беріліп жатқан заң бұзушылықтарды көрсе де көрмегенсіп жүрген.
Былтыр індет үдеп, бүкіл қаланың шетіндегі жолдарға бақылау-өткізу пункттері орнатылып, кіруге де, шығуға да қатаң шектеу қойылғанда алыстағы ауылда тұратын бір қарапайым әйелдің 650 шақырымдай жердегі Қарағанды қаласында болған тойға барып келгенін естігенімде сенер-сенбесімді білмеп едім. Кейін оның жолдағы бөгісендерден қалай өткенін сұрастырып білгенімде жағамды ұстадым. Сөйтсем, бақылау-өткізу пункттерінде кезекшілік атқарып, тексеріс жүргізетін кейбір шенеуніктер карантин жағдайында тойшылап жүрген ағайындарға басында қабақтарын түкситіп, ұрса жөнелгендерімен, «көпті көрген» пысықайлар: «Көке, шақырған туыстан ұялғаннан соң шықтық жолға. Жағдайымызды түсініңізші. Мүмкін, «келісерміз»...», дегенде күлімсіреп сала беретін көрінеді. Ал араларынан ондай «келісімпаз» ағайын табылмай, кері бұрылғандар болса, аяқастынан пайда болатын бір «делдал» соңдарынан қуып жетіп, «қатал» шенеуніктермен «келісуге» болатынын, оның аса қымбатқа түспейтінін айтып, тойшылардың бақылау-өткізу пункттерінен кедергісіз өтуіне «көмектесіп» жатады екен. Өткен жылы бірнеше шенеунік осындай «ақылы қызметі» үшін ұсталып, абыройлары айрандай төгілген. Мәселен, Антикор қызметі былтыр сәуір айында Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімі аппаратының екі бас маманы төтенше жағдай кезінде бақылау-өткізу пунктінде кезекшілік жасау барысында азаматтарды оңтүстік астанаға кедергісіз өткізгені үшін бірнеше мәрте пара алды деген күдікпен ұстап, сот санкциясымен қамауға алған болатын. Сондай-ақ Алматы қаласы Полиция департаментінің патрульдік полициясының инспекторы «Филтрь» бақылау-өткізу пунктінде жүргізушілердің қалаға еш кедергісіз кіріп-шығуы үшін пара алғандығы үшін тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса, Антикор қызметіне карантин жағдайында бақылау-өткізу пункттеріндегі полицейлердің парақорлығы, олардың көңіл көтеру орындарының қызметін қорғаштаушылығы туралы сигналдар түскен.
Түйіндей айтқанда, ел өңірлеріндегі індетке қарсы құрылған мониторинг топтарының жұмысы күткендегідей нәтиже бермей, тіпті «қызыл аймақтарда» да көп кісі шақырып, той-томалақ өткізу, ас беру тыйылмай тұрғандығының бір себебі – парақорлық десек, жаңылыспаймыз. Олардың жұмысында ашықтық жетіспейтіндігі де содан болар. Сондықтан да мониторингтік топтардың көбіне көз бояу үшін жүргізетін рейдтеріне БАҚ өкілдері мен блогерлерді қоспайынша, жағдай түзеле қоймас. Ал жергілікті мемлекеттік органдардың сөзі мен ісі қабыспай, «қолдарында барда қоныштарынан басып», құлқынының құлы болып жүрген кейбір қызметкерлерінің ел басындағы қилы кезеңдегі опасыз тірлігіне қарап, ескі нақылды сәл өзгертіп: «Аңқау елге – арамза шенеунік» десек, артық айтпаспыз.
...Кеше «қызыл аймақта» орналасқан Петропавл қаласынан тағы бір суық хабар келді: жергілікті мейрамханалардың бірінде берілген аста коронавирус жұқтырған бір әйел аяқастынан қаза болып, жұбайы аурухананың жансақтау бөліміне түсіпті...