Қоғам • 03 Тамыз, 2021

Аңқау елге – арамза шенеунік

1228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала кезімізде ауылымызда қолынан таспиғы түспейтін ақ сәлделі молда болды. Ақсары кескініне қарап, ауылдағылар «Ақ молда» деп кеткен. Өзі фашистермен соғысқа қатысқан ардагер еді. Майданда жүргенінде қайдан олжалағаны белгісіз, бір алтын жалатылған қымбат самауырды арқасындағы қапшығына тығып ұстап, соғыс біткен соң елге ала келіпті. Осыны естігенде өз басым сол молданың қанкешудің ішінде жүрсе де дүние-мүлікке қызыққанына қайран қалып, оның имандылық жайлы жұртқа айтқан уағызының шынайылығына сенбеуші едім. «Аңқау елге – арамза молда» деген мақал сол кісіге қарата айтылғандай көрінетін...

Аңқау елге – арамза шенеунік

 

 

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қыз­мет­керлері Талдықорған қала­сын­да коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі мониторингтік топ­тың пара алумен айналысқан мү­ше­лерін ұстағандығы жайлы хабар­ды естігенімде баяғы «Ақ молда» еріксіз есіме түсті. Өйткені бұл шенеуніктер де қазіргі мылтықсыз майдан – күн сайын талай адамның өмірін жалмап жатқан тажал індет кезінде жұртқа сақ болу жөнінде ақыл айтып жүргенімен, шын пиғылдары ел басына түскен қасіреттен пайда тауып қалу болғаны ғой. Антикор жариялаған мәліметке қарағанда, Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы мен оның қарамағындағы бас маман сыбайласып, көп адамның қатысуымен өтетін той-думанға, ас беруге тыйым салынғанына қарамастан, мейрамханалардың иелерінен және рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаушылардан жүйелі түрде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алып, жол беріліп жатқан заң бұзушылықтарды көрсе де көрмегенсіп жүрген.

Былтыр індет үдеп, бүкіл қаланың шетіндегі жолдарға бақылау-өткізу пункттері орнатылып, кіруге де, шы­ғу­ға да қатаң шектеу қойылғанда алыс­тағы ауылда тұратын бір қара­па­йым әйелдің 650 шақырымдай жер­дегі Қарағанды қаласында болған тойға барып келгенін естігенімде сенер-сенбесімді білмеп едім. Кейін оның жолдағы бөгісендерден қалай өткенін сұрастырып білгенімде жа­ғам­ды ұстадым. Сөйтсем, бақылау-өткізу пункттерінде кезекшілік атқа­рып, тексеріс жүргізетін кейбір ше­неу­ніктер карантин жағдайында той­шылап жүрген ағайындарға басында қабақтарын түкситіп, ұрса жөнелгендерімен, «көпті көрген» пысықайлар: «Көке, шақырған туыс­тан ұялғаннан соң шықтық жолға. Жағдайымызды түсініңізші. Мүмкін, «келісерміз»...», дегенде күлімсіреп сала беретін көрінеді. Ал араларынан ондай «келісімпаз» ағайын табылмай, кері бұрылғандар болса, аяқастынан пайда болатын бір «делдал» соңдарынан қуып жетіп, «қатал» шенеуніктермен «келісуге» болатынын, оның аса қымбатқа түспейтінін айтып, тойшылардың бақылау-өткізу пункттерінен кедергісіз өтуіне «кө­мек­тесіп» жатады екен. Өткен жылы бірнеше шенеунік осындай «ақылы қызметі» үшін ұсталып, абыройлары айрандай төгілген. Мәселен, Антикор қызметі былтыр сәуір айын­­­да Алматы қаласы Жетісу ауданы әкі­мі аппаратының екі бас маманы тө­тен­ше жағдай кезінде бақылау-өткізу пунктінде кезекшілік жасау барысында азаматтарды оңтүстік астанаға ке­дергісіз өткізгені үшін бірнеше мәр­те пара алды деген күдікпен ұс­тап, сот санкциясымен қамауға алған болатын. Сондай-ақ Алматы қаласы Полиция департаментінің патрульдік полициясының инспекторы «Филтрь» бақылау-өткізу пунк­тін­де жүргізушілердің қалаға еш кедергісіз кіріп-шығуы үшін пара ал­ғандығы үшін тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса, Антикор қыз­метіне карантин жағдайында ба­қылау-өткізу пункттеріндегі поли­цей­лердің парақорлығы, олардың көңіл көтеру орындарының қызметін қорғаштаушылығы туралы сигналдар түскен.

Түйіндей айтқанда, ел өңірлеріндегі індетке қарсы құрылған мониторинг топтарының жұмысы күткендегідей нәтиже бермей, тіпті «қызыл аймақ­тар­да» да көп кісі шақырып, той-томалақ өткізу, ас беру тыйылмай тұр­ған­дығының бір себебі – парақорлық десек, жаңылыспаймыз. Олардың жұмысында ашықтық жетіспейтіндігі де содан болар. Сондықтан да мони­то­рингтік топтардың көбіне көз бояу үшін жүргізетін рейдтеріне БАҚ өкіл­де­рі мен блогерлерді қоспайынша, жағдай түзеле қоймас. Ал жергілікті мемлекеттік органдардың сөзі мен ісі қабыспай, «қолдарында барда қо­ныш­тарынан басып», құлқынының құлы болып жүрген кейбір қыз­мет­­керлерінің ел басындағы қилы кезең­дегі опасыз тірлігіне қарап, ескі нақылды сәл өзгертіп: «Аңқау елге – арамза шенеунік» десек, артық айтпаспыз.

...Кеше «қызыл аймақта» орна­лас­қан Петропавл қаласынан тағы бір суық хабар келді: жергілікті мей­рам­ха­налардың бірінде берілген аста корона­вирус жұқтырған бір әйел аяқастынан қаза болып, жұбайы аурухананың жан­сақтау бөліміне түсіпті...