Қоғам • 03 Тамыз, 2021

Ауылдағының ақшасы аз

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда қай саланың да жалақысы жарып тұрмағаны белгілі. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жұмысшыларының еңбекақысы елдегі орташа айлықтан екі есе төмен болып шықты.

Ауылдағының ақшасы аз

Energyprom мәліметінше, ауыл, орман және балық шаруа­шылығы саласында еңбек қы­латын кәсіпорындар саны 8 жыл қатарынан көбейіп отыр екен. Әрине, бұл – әрі таңғаларлық, әрі қуанарлық құбылыс. Биыл ондай кәсіпорындар саны 15,3 мыңға жеткен. Онда жұмыс істейтін адам саны 69 мыңнан асады. Бұл – бірінші тоқсанның соңындағы көрсеткіш. Олардың көбі, 56 мыңнан аса адам негізінен өсімдік және мал шар­уашылығы, аңшылық және қызмет көрсету саласында кә­сіп етіп, күн көреді екен. Тағы 2 мыңдай адам орман және ағаш кесудің айналасында маң­дай терін төгіп жүр. Ауыл шар­уа­шылығының мамандары әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында көп. Ал осы саладағы орташа жалақы бірінші тоқсанда 116,1 мың теңгені құраған. Бұл елдегі орташа жалақы көр­сеткішінен екі есе төмен.

«Қазақстан Респуб­лика­сын­да соңғы жылда жалақы 15,2 пайызға өсті, ал ауыл, орман және балық шаруа­шылығы са­ласындағы жала­қы небәрі 10,4 пайызға ғана көбейді. Бұл саладағы жала­қының сатып алу қабі­летінің өсімі 2,9 пайызды құраған. Оның өзінде сатып алу қабілетінің өсімі тек қана өсімдік және мал шаруашылығы саласында ғана байқалып отыр. Ауыл шаруашылығындағы ең жоғарғы орташа айлық жалақы орман және ағаш кесу саласында байқалады – 127,3 мың теңге», деп жазады Energyprom.

Өсімдік және мал шаруа­шы­лығында, аңшылық пен қызмет көрсету салаларындағы азаматтар орташа мәнде 115,9 мың теңге алса, балық және аквамәдениет саласында еңбек етушілер 81,1 мың теңгені қа­нағат тұтады.

Дәл қазіргі кезеңде ауыл шаруашылығы – күйреудің аз-ақ алдында тұрған, елеулі көмек пен қолдауды қажет ететін сала. Үкімет сөзіне сенсек, салаға қаржы жетудей-ақ жетіп жатыр. Нақтылағанда – инвестиция. 2021-дің қаңтар-мамырында саланың негізгі капиталына келген инвестиция 213,8 млрд теңгені құ­ра­ған. Finprom дерегінше, бұл былтыр­мен салыстырғанда 47 па­йыз­ға көп. Осы айдың басында Премьер-Министр Асқар Мамин де шаруашылықтарға ірі көлемде қаржы берілетінін баса айтқан.

«Биыл ауыл шаруа­шы­лығына 700 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Тамақ өнімдері өндірісіне бе­рі­летін инвестиция да 18,8 па­йыз­ға артып, 124 млрд теңгеге жетеді. Қазір жалпы сомасы 335 млрд теңге болатын 285 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Аталған шара 8,4 мың жұмыс орнын құруға мүм­кін­дік береді», деген еді Үкімет басшысы.

Мемлекет ауыл шаруа­шы­лығын қолдаудың тағы бір тетігі ретінде ауыл шаруашылығын қолдау қаржылық қорын құрған еді. Қор директоры Әмірхан Смаилұлының айтуынша, қор мал шаруашылығын дамыту үшін 16 пайызбен 30 млн теңге несие береді. Qoldau.kz бағдарламасы арқылы сы­й­­ақы­ ставкасын арзандату мақ­сатында субсидия рәсім­деуге болады. Сонда 10 пайызы субсидия есебінен қайтарылады да, шаруашылық иесі 6 пайызды ғана төлеуге мүмкіндік алады.

Қазақстанның кең-байтақ даласы, ежелден аңшылық пен малшылыққа деген икемділігі, өсімдік пен дала табиғатының қыр-сырын меңгергендігі – ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті факторлар. Десе де даму үшін бұл факторлар аздық етері сөзсіз. Мемлекеттің тиімді қолдауы қажет. Сала қашан аяғынан тік тұрып кеткенше.