«Армения да
біздің жер»
Араға біраз уақыт салып, Еурокубок бәсекелеріне қайта оралған Қарағандының «Шахтері» екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Бухарестте (Румыния) өткізіп, жергілікті «Стяуа» ұжымынан 1:0 есебімен жеңіліп қалған еді. Өз елімізде қарымта қайтаруды ниет еткен «Шахтер» пандемияның салдарынан өз алаңындағы ойынын Армения астанасы – Ереванда өткізуге мәжбүр болды. Себебі эпидемиялық ахуал бойынша Қазақстан Румынияның «қызыл аймағына» еніп, 25 шілдеден бастап коронавирус өршіген елдердің қатарына кірген. Бұл – біздің елден Румынияға барғандар 14 күндік карантинге жатқызылады деген сөз.
Конференция лигасының Регламентінің 1к жиынтығының талаптарына сәйкес, бұндай жағдайда алаң иесі болып отырған клуб бейтарап алаң тауып, матчын сол жерде өткізуі тиіс. Осыдан кейін «Шахтер» футбол клубы румын клубымен келіссөздер жүргізіп, ойынды Армения астанасы – Ереванда өткізетін болып келісті.
Екі матчты да сырт алаңда өткізуге мәжбүр болған «Шахтер» Еревандағы ойынға тыңғылықты дайындалып, шарасыз күйге қалдырған Румыния командасын қалай да жеңуіміз керек деп аттанған болатын. Сөйтіп, «кеншілер» командасы Вазген Саргсян атындағы стадионда өткен ойында өздерінен әлдеқайда деңгейі жоғары «Стяуаны» сан соқтырып кетті. Кездесудің негізгі уақыты 2:1 есебімен аяқталса да, екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басы теңесті. Ары қарай матч экстра-таймға, одан әрі пенальти сериясына ұласты. Ал 11 метрлік нүктеде қарағандылық команданың бағы жанып, қарсыластарынан басым түсті. Бұл жерде футболшылардан бөлек, «Шахтер» қақпашысы Игорь Шацкийдің де еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қарсылас ойыншының соққысын қайтара білген ол командасына маңызды жеңіс сыйлады.
Осылайша Арменияда алаң қожайыны болып ойнаған «Шахтер» қарсыластарына мінез көрсетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Енді Қарағандының командасы жарыстың үшінші айналымында Украинаның «Колос» клубымен кездеседі. Былтырғы Украина чемпионатында 4-орын алған «Колос» бірден Конференция лигасының үшінші кезеңіне жолдама алған. Алғашқы ойын 5 тамызда сырт алаңда, қарымта кездесу 10 тамыз күні Қазақстанда өтеді деп жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, «Шахтер» өз алаңындағы матчты «Астана Аренада» өткізеді.
«Тобыл» тартысты ойын көрсетті
Қостанайдың «Тобылы» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтан кейін қазақстандық командалар арасында ең нашар өнер көрсеткен ұжымның бірі еді. Хорватияның «Хайдук» командасымен кездескен былтырғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіліп, келесі кезеңге шығу үшін жағдайларын тым нашарлатып алған-ды. Тіпті, футбол мамандары «Тобыл» биыл да Еуродода бәсекесін ерте аяқтайды деп болжамдарын жасап, қостанайлық ұжымға сенімсіздіктерін білдірген болатын. Алайда «Тобыл» Хорватиядан Қазақстанға бір бармағы бүгулі келген екен.
Қостанайдағы Орталық стадионда өткен қарымта бәсекеде алаң иелері мүлде басқа ойын көрсетіп, барша қазақстандық футбол жанкүйерлерін де, «Хайдук» футболшыларын да таң қалдырып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жауапты кездесуі алдында алдыңғы ойыннан сабақ алған «Тобыл» клубының бас бапкері міндетін атқарушы Александр Москаленко құрамға тактикалық өзгеріс жасап, ұтымды шешім қабылдады.
Яғни сырт алаңдағы ойында қосалқы құрамнан шығып, «Тобылдың» ойынына қан жүгірткен Серікжан Мұжықов, Рубен Брижиду, Игорь Сергеев, Душан Йованчич және Зоран Тошич Қостанайдағы қарымта мачта бірінші минуттан бастап алаңға шығып, командасын алға сүйреді. Аталған ойыншылар бірінші таймда көзге түсе қоймаса да, екінші таймда кездесудің басты қаһармандарына айналды.
Екінші таймның 56-минутында Д.Йованчичтің айып алаңының сыртынан тепкен добы қорғаушылардың біріне тиіп, қақпа торында тулады. Арада бес минут өткенде Зоран Тошичтің керемет пасынан кейін Игорь Сергеев есепті еселеді. Ал 67-минутта өзбекстандық шабуылшы Серікжан Мұжықовтың әуелете асырған пасына бірінші жетіп, баспен тамаша гол соқты. Осылайша «Тобыл» айналдырған 11 минуттың ішінде қарсылас команданың қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Екі ойынның нәтижесі бойынша «Тобыл» 3:2 есебімен келесі кезеңге шығуға бір табан жақын тұрған еді. Алайда 94-минутта Эмир Сахити «Тобыл» қақпасының маңындағы қарбалас сәтті тиімді пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты. Осыдан кейін ойын экстра-таймға ұласты. Қосымша таймның екінші 15 минуты аяқталар тұста алаңға тыңнан қосылған Азат Нұрғалиев және Асхат Тағыберген тандемі өз нәтижесін берді. Азаттан пас алған Асхат айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 4:1. Бұл матчта да қазақстандық қақпашы нағыз ерлік жасады. 70-минутта «Хайдук» футболшысы Филип Кровиновичтің он бір метрлік айып добын Александр Мокин қайтара білді.
Енді Александр Москаленко шәкірттері үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Жилина» командасымен кездеседі. Алғашқы матч 5 тамызға, қарымта кездесу 12 тамызға жоспарланған.
Қосымша тайм
күш берді
Елорданың «Астана» клубы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Грекияның «Арис» клубын өз алаңында қабылдап, 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Бұл есеп қарымта ойын алдында жерлестерімізге біраз басымдық сыйлаған еді. Алайда «Астана Аренада» өте нашар ойнаған «Арис» өз еліндегі «Клеантис Викелидиса» стадионындағы қарымта бәсекеде «Астананың» адымын аштырмады. Оның үстіне, сырттағы ойында елордалық ұжымға бірінші матчтың үздік ойыншысы болған Марин Томасов көмектесе алмады.
Матчтың басталуына бір сағат қалғанда Томасов алаңға шығатын негізгі құрам ойыншыларының тізімінде болған еді. Өкінішке қарай, дене қыздыру сәтінде хорватиялық легионер аяғынан жарақат алып, ойынға қатыса алмайтыны белгілі болды. Дегенмен Еурокубок ойындарында бірнеше жылдық тәжірибесі бар «Астана» қиыншылықпен болса да келесі кезеңге жолдама алды.
Грекиядағы матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ойынның 36-минутында Дмитриос Манос командасын алға шығарса, 78-минутта Лукас Саша есепті 2:0-ге жеткізді. Сөйтіп екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басы теңесіп, бұл ойын да қосымша таймға ұласты. Абырой болғанда, «Астана» сапына жуырда ғана қосылған 24 жастағы қорғаушы Энео Битри айып добынан асырылған пасты қақпаға дәл бағыттап, жеңісті голдың авторы атанды. Осылайша елордалық ұжым екі ойынның қорытындысы бойынша Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
«Астана» келесі айналымда Финляндияның «КуПС» командасымен кездеседі. Алғашқы ойын 5 тамызда сырт алаңда, қарымта кездесу 12 тамыз күні «Астана Аренада» өтеді.