Қоғам • 03 Тамыз, 2021

Айнабеков апелляциялық сотта ақталып шықты

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы Айнабеков апелляциялық сотта ақталып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айнабеков апелляциялық сотта ақталып шықты

Айнабеков Е. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы бола отырып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталды. 2017 жылдың ақпан-сәуірінде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының улы химикаттарымен химиялық өңдеу қызметтерін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың жеңімпазы өз міндеттемелерін тиісінше орындамады, техниканы уақтылы тапсырмады. Бұл Марокко шегірткесінің қаптап кетуіне себеп болды.

Айнабеков бұл туралы біле тұра, ЖК мүддесінде әрекет етіп «Фитосанитария» РМК басшысы - Төлебаевты РМК-ға 520 855 теңге мөлшерінде шегірткеге қарсы күрес бойынша қосымша жұмыс жүргізу үшін арнайы техниканы беруге мәжбүрледі. Сондай-ақ, Айнабеков ЖШС басшысын қосымша алаңдарды өңдеу үшін ЖК-ге 18 100 000 теңге сомасында улы химикатты тегін беруге заңсыз мәжбүрледі деп айыпталды», деді сот өкілі.

Бұдан бөлек Айнабеков Астана МАЭС-тің қызмет мүдделеріне қайшы әрекет ете отырып, 30 040 695 теңге сомасында бюджет қаражатын заңсыз ЖК-ға бөлді деп айыпталды.

«Нұр-Сұлтан сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 тамыздағы үкімімен Айнабеков өзінің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тағылған айып бойынша ақталды.

Сот Айнабековтың әрекеттерінде артық өкілеттіктер мен оларды теріс пайдалану болған жоқ, өйткені техниканың уақтылы келуін және алқаптарды шегірткеден өңдеуді бастауды бақылау АШМ комитетінің аумақтық инспекциясы басшылығының міндетіне кіргенін анықтады», деп толықтырды сотта.

Сот талқылауы барысында Марокко шегірткесінің Жамбыл облысы аумағында жаппай тарауының себептері: 2016-2017 жылдарға келген табиғи циклдерден туындаған зиянкестердің биологиялық белсенділігі, зардап шеккен аудандарды өңдеу мүмкін болмайтын қолайлы ауа райы жағдайлары, сондай-ақ Айнабековтың құзыретіне жатпайтын АШМ диагностика орталығының 2016 жылы оның таралуын дұрыс болжамау (ол бұл орталықты 2016 жылы басқарды, кейін комитетке тағайындалды, бірақ ол болжамға өңірлердің деректері негізінде қол қойды).

Сондай-ақ сот мәліметінше, айыптаушы тарап Айнабековтың арнайы техника мен улы химикатты жеткізу кезінде РМК мен ЖШС басшылығына қысым көрсету дерегі дәлелдеген жоқ.

«РМК техникасын директор ерікті түрде, кәсіпорын жарғысына сәйкес оның өкілеттігіне кіретін, өзара тиімді шарттарда ЖК-мен жасалған ынтымақтастық туралы шарт негізінде ұсынды. ЖШС «Гюхарад» препараты Жамбыл облысына да көмек ретінде жеткізілді.

ЖК-мен қосымша келісімдер жасасу мемлекеттің экономикалық және экологиялық мүдделеріне қауіп төндіретін шегірткелердің тез таралуына байланысты аса қажеттіліктен туындады. Айнабековтың қосымша келісімдер жасасуының заңдылығы және олардың төлемі АШМ комитетінің сомаларды өндіріп алу туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартылған заңды күшіне енген сот шешімдерімен расталды, өйткені қосымша келісімдер бойынша төлем жүргізу кезінде ЖК қосымша жұмыстарды аяқтады. Алқаптарды шегірткеден өңдеу бойынша қосымша жұмыстар жүргізу туралы АШМ басшылығы сотта бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Рахымбековтың растағанын білді», деді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Айнабековке қатысты жедел іс-шаралар бір жарым жыл жүзеге асырылғанына қарамастан, оның ЖК немесе оның басшысы Қалмұратовтың пайдасына заңсыз іс-әрекеттер жасау дерегі анықталған жоқ. Қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-тармағы 4-бөлігі және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы үшін міндетті зиянның елеулілігін немесе ауыр зардаптарды айыптау органы дәлелдеген жоқ.

Ақтау үкімі заңды күшіне енді.

2020 жылдың мамырында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы 6 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте болу құқығынан айырылған болатын.