Оқиға • 03 Тамыз, 2021

Атырауда жылқышыны өлтірген үшеуге сот үкімі шықты

2394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Жылыой ауданында жоғалған малын іздеген жылқышы жоғалып, артынан оны өлтірген үш күдікті ұсталған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда жылқышыны өлтірген үшеуге сот үкімі шықты

Жақында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) Т., ал, аталған Кодекстің 432-бабымен (қылмысты жасырып қалу) М., Қ. кінәлі деп танылды.

«Сот талқылауында сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, мүрдені табу хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелін тапты. Сот Т.-ның бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, сол үкіммен тағайындалған 17 жыл мерзімін толық өтелмегенін  ескеріп, оған түпкілікті 15 жыл 10 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алғашқы 3 жылын түрмеде өтеуді белгіледі. Сотталушы М.-ның жазасын жеңілдететін, ауырлататын мән-жайларды анықтамай М.-ға 5 жыл, Қ.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.