Оқиға • 03 Тамыз, 2021

Атырау облысында жыл басынан бері 21 адам суға батып кетті

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері су айдындарында 21 адам қайтыс болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында жыл басынан бері 21 адам суға батып кетті

Жантәсілім еткендердің ішінде 7 бала бар. Ал, құтқарылған 3 адамның екеуі – бала. 

«Жедел құтқару жасағының құтқарушыларына кеше, 2 тамызда сағат 19:14-те Атырау қаласының маңындағы Томарлы ауылының тұсында 17 жасар жасөспірімнің суға батқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Сүңгуірлер кешкі сағат 21:03-те суға батқан жасөспірімнің денесін тауып, жағаға шығарды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Биылғы шомылу маусымы басталғаннан бері 356 профилактикалық рейд өткізілген. Оның ішінде 218 рейд полиция қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген.

«Соған қарамастан, құтқарушылар мен полицейлердің ескертуін елемей, арнайы белгіленбеген орында суға түсушілер азаймай отыр. Полиция қызметкерлері белгіленбеген орындарда шомылғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, 200 мың теңгеден астам айыппұл сомасын құраған 369 хаттама толтырды», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.