Аймақтар • 03 Тамыз, 2021

Мегаполисте 241 бала емделіп жатыр

186 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күнде бір ғана тәулікте Алматыда індетке шалдыққандар саны 1 500-ден асып жығылып жатқаны белгілі. Ендігі жерде коронавирустың «Дельта» штамы көбіне екпе салдырып үлгермеген жастарға, тіпті емізулі балаларға жұғып жатқаны тосын жаңалық емес. Вирус жұқтырғандардың 37%-ы 20-40 жас аралығындағылар екенін Алматы қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы мәлімдеді.

Мегаполисте 241 бала  емделіп жатыр

Коронавирустың жаңа түрін жұқ­тырғандарда аурудың симптом­да­ры өзгерген. Науқастардың иіс, дәм сезбеуге деген шағымдары азайып, аурудың басқа залалдарын бай­қағандар көбейді. Коронавирус жұқтырғандар арасында асқазан-ішек кеселдері асқынған.

«Соңғы екі аптадағы жас құры­лы­мын талдау жасөспірімдер арасында КВИ таралуының үлесі 0,7%-ға, ал 40-59 жастағы азаматтар арасында 0,8%-ға өскенін көрсетті. Негізінен, коронавирус жұқтыру 20-40 жас аралығындағы жастардың – 37%, 40-59 жастағы азаматтардың – 25%, 60 жастан асқан адамдардың – 19% және 14 жасқа дейінгі балалардың 13% үлесінде кездеседі», дейді Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Індет ошақтары немесе қала ма­ңына қыдырулар кезінде инфек­ция­лардың өсуі – 2%, демалыс саябақтары мен жаяу жүргіншілер көшелерінде – 1%, банктерде, пошта бөлімшелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 0,9%, дәрі­ханаларда – 0,9%, отбасылық шара­ларға қатысқанда – 0,7%, қоғам­дық тамақтану орындарында – мейрамханалар, кафелер мен түнгі клубтарда 0,2%-ға көбейді.

Алматыда тек шілде айында жұқтырғандар саны 25 500-ден асса, жыл басынан бері індетке шал­дыққандар 82 мыңға жетті.

Айтуға қиын болса да, қала эпи­де­­мио­­логтері тамыз айында КВИ инфек­циясын 34,5 мың, ал қыр­күйек­те 4,5 мыңдай адам жұқтырады деген болжам айтып отыр. Бір апта ішінде Алматыда КВИ ауруын тіркеу 1,5 есеге өсті – 6 397-ден 9 852 жағдайға дейін, күнделікті өсім 1,7%-ды құ­ра­ды. Өткен аптаға қарағанда симп­томды науқастар үлесі 90%-дан 92%-ға өсті.

«Бүгін біз жастар арасында дерт­тің асқынғанын және аса ауыр жағ­дайларды тіркеп отырмыз. Бұл ви­рус­тың жаңа, жұқпалы штамдарына байланысты. Инфекция тез таралады және жиі ауыр асқынуға әкеледі. Оның таралуын тоқтатудың, тұр­ғындардың денсаулығы мен өмі­рін сақтап қалудың жалғыз жолы – коро­навирусқа қарсы вакциналау», дейді СЭДБ өкілі.

Мегаполистің осындай жағдайға душар болуына той-томалағын доғар­май отырған тұрғындардың өзде­рі де себепші, кәсіпкерлердің де «үлесі» бар. Мәселен, Алматыда Ashyq «көшбасшылары» мен «аут­сайдерлерінің» жаңа тізімін жария­лау­ға мәжбүр.

Алматы қалалық Кәсіпкерлер пала­тасының директоры Айтуар Қош­мамбетовтің айтуынша, бизнес қауым­дастығы індетті ауыздықтау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады десек те, кейбір кәсіп­кер­лер келушілерді сканерлеуде жа­уап­сыздық танытады. Қазірдің өзінде 900-ден аса аутсайдер бар.

Дегенмен Ashyq-пен жұмыс істегісі келетіндердің саны күн са­­йын артып отыр. Егер маусымның басында 1 700 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 6 419-ға жеткен. Айтуар Қошмамбетов Алматыда жеке кәсіпкерлердің 37 пайыздан астамы жобаға қосылғанын айтты. Әдетте, қоғамдық тамақтану мен қонақүйлердің иелері барынша бел­сенділік танытуда. Бұл ретте жобаға ең көп қатысушыны тіркеген қызметтің ТОП-5 түрі анықталды. Бұл – 22 242 қоғамдық тамақтану объектісі, 1 117 базар, СОО, сауда орталықтары, 835 сұлулық салоны, шаштараз, 491 балаларды сауықтыру орталығы және йога орталықтарын қосқанда 426 фитнес-клуб.

«Биылғы 30 шілдеде біз әкімдіктің сайтындағы тізімдерді жаңарттық, онда жауап­сыз қатысушылар да, жоба көшбасшылары да көрсетілген. Ashyq жобасында барлығы 152 көшбасшы бар. Біз барлық ақпаратты апта сайын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен аламыз. Егер жобаға қатысушылар өз мін­деттемелерін орындамаса, олар шы­ғарылады және преференциялармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Екі аптаның нәтижесі бо­йынша Ал­­ма­тыдан 61 қатысушы жобадан шы­ға­рылды», деді А.Қош­мам­бетов.

Эпидемиологтердің мәліметі бо­йынша, Алматыда Ashyq сканер­ле­уінің арқасында өзін өзі оқшаулау режімін бұзған 170 адам анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды.

 

АЛМАТЫ