Депутат инфрақұрылым жобаларының жүзеге асуы, атап айтқанда, кәріз желілері мен тазарту құрылғыларының, сондай-ақ 50 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Ерік Сұлтанов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген қоныс аударушылармен де кездесті. Сенатор бірнеше маңызды міндетті, оның ішінде елдің солтүстік облыстарындағы еңбек ресурстарының тапшылығы проблемасын шешуге мүмкіндік беретін осы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар еліміздің басшылығы қазір қоныс аударушыларға лайықты жағдай жасауға баса назар аударып отырғанын және сенаторлар бұл мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Ерік Сұлтанов ауыл еңбеккерлерімен ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу мәселелерін де талқылады. Айыртау ауданындағы жергілікті сүт өңдеу кәсіпорнында өткен фермерлермен кездесу барысында сенатор барлық өңірде жергілікті өнімді өткізу нарығын кеңейтудің маңызды екеніне тоқталды.
«Аудан тұрғындарынан қабылданатын сүт лайықты бағамен сатып алынуға тиіс. Ауданның барлық сауда орнын жергілікті сүт өнімдерімен қамту қажет», деді сенатор.
Депутат сондай-ақ ауа тірегі технологиясы бойынша салынып жатқан облыстағы жалғыз көпфункциялы спорт кешені құрылысының барысымен де танысты. Сенат депутаты құрылыс алаңын қарап шығып, қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылау қажеттігіне, сондай-ақ спорт нысанының уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуге назар аударды.