Аймақтар • 04 Тамыз, 2021

Жазасын өтеп жүрген жас қыздар көп

2249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта ОВ 156/1 тергеу изоляторына есірткі заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау сияқты қылмыс жасаған 19-28 жас аралығындағы жас қыздар көп түсіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жазасын өтеп жүрген жас қыздар көп

Өрімдей қыздардың өмірлері темір торда өтіп жатқаны өкінішті. Соңы неге әкеліп соғатынын біле тұра неге осындай іске барады? Мекеменің жедел бөлімі қызметкерлері темір торға тоғытылған қыздардың бірінен мұндай әрекетке қалай барғандығы туралы сұраған. Неге дегенде, осыны оқып отырған жастарға ой салсын, ондай іске араласпасын деген мақсатта.

– Мен 21 жастамын. Қазіргі уақытта жастардың көбі букмекерлік компанияларда ставкалар қояды. Жеңіске жеткен сайын, баурай бастайды. Бірде үлкен ақша жоғалттым. Бұл туралы ата-анама айтуға қорықтым. Қала көшелерін кезіп жүріп,  «курьер қажет, жұмыс кестесі жылжымалы, жалақысы жоғары» деген үйдің қабырғасына жабыстырылған хабарландыруға көзім түсті. Қуанып кетіп, көрсетілген нөмірге қоңырау шалдым. Алайда, жұмыстың неге апарып соғарын білмеген едім. Түсінгенім, синтетикалық есірткі заттарын бір жерден екінші жерге апаруым керек екен. Бар ойым, ақша тауып, қарызымды жауып, кейін курьер жұмысынан бас тартамын деп ойладым. Біраз курьермен жұмыс істегеннен кейін, есірткі заттарын салу кезінде полицияға ұсталдым. Бұл мекемеге түскенде, жастық шағым темір торда өтетінін білдім. Өкініштісі, 297-бап 3-бөлім бойынша, ең аз дегенде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алдым. Егер уақытты қайтарса, мен есірткі құралдарын тасымалдамас едім, – дейді сотты болған азаматша.

Мұндай оқиға қаншама?! Осы мақаланы оқыған жастар жаза басып, жазаланып жүрмейді деп үміттенеді мекеме қызметкерлері.