16 Қаңтар, 2014

Шапағат шуағы

510 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Әңгіме Оразай Батырбеков туралы. Әркім біреу туралы білгенін айтады. Білу үшін жақын жүруің керек, көп естуің керек, зерттеуің керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, менің Орекеңді жақсы білем деуім артықтау да көрінер. Бірге қызмет істеген де емеспіз. Отбасымыздың да араласы бола қоймаған. Рас, біраздан бері таныспыз, шұрқырасып амандасамыз, біразға созылар әңгімеміз бар, бұл кісінің отбасы туралы, сүйікті жары Шәмшиябану апамыз туралы, өзі туралы біршама естігенім де, оқығаным да бар. Жалпы, бұл азамат жайында біршама білетін сияқтымын. Білген соң, айтқың келеді.

Әңгіме Оразай Батырбеков туралы. Әркім біреу туралы білгенін айтады. Білу үшін жақын жүруің керек, көп естуің керек, зерттеуің керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, менің Орекеңді жақсы білем деуім артықтау да көрінер. Бірге қызмет істеген де емеспіз. Отбасымыздың да араласы бола қоймаған. Рас, біраздан бері таныспыз, шұрқырасып амандасамыз, біразға созылар әңгімеміз бар, бұл кісінің отбасы туралы, сүйікті жары Шәмшиябану апамыз туралы, өзі туралы біршама естігенім де, оқығаным да бар. Жалпы, бұл азамат жайында біршама білетін сияқтымын. Білген соң, айтқың келеді.

Жалпы, Орекеңді елімізде біле­тіндер көп. Оған ағамыздың қыз­меті себепші. Өзі айтқандай, «...1950-1990 жылдарда Алматы, рес­пуб­лика аумағында партия-совет­ ұйымдарында басшылық еткен бас­шылардың қызметке қалай ке­ліп, қалай кеткенін жақсы білді». Олар­дың да Орекеңді жақсы білгені анық. Өздерінің қызметі үшін. Отыз жылдай уақытта көптің көз алдында жүрген, қызметінің мәнінің өзі кадр­ларды зерттеу, олардың қабілет-қарымын, азаматтық келбетін пайым­дау болған соң, адамның таныстары көп болатыны заңды. Және олардың көбінің бұл кісіге ісі түскендей жағдайда болуы оны басқаларға еріксіз танытады.

Қазақстан Компартиясы Орта­лық Коми­­теті ұйымдастыру-партия­лық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Оразай Батырбековті біз 1972 жы­лы Мәскеуде Жоғары партия мек­­тебінде оқып жүргенде көр­дік. Кадр мәселесімен айналысатын адам бол­ған­дықтан, ол біздің жағ­­­да­­йымызды білуге келіпті. Жап-жақ­­сы әсер қалдырған. Басқалардай тым ресми емес, әсіресе, сөзіне әзіл-қалжың араластыра сөйлегені ұна­­ған.

Ал жақынырақ танысудың реті арада ширек ғасырдан аса уа­қыт өткеннен кейін келген. Бұл кезде Орекең – зейнеткер. 1999 жылы Қаныш Имантайұлы Сәт­баевтың 100 жылдығы атап өтіл­д­і. Осынау үлкен оқиғаға байланыс­ты «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті «Ұлылыққа – тағзым» акция­сын өткізбек болдық. Ол маған жүк­телген. Павлодар қаласынан Қа­­­некеңнің туған жері Баянауыл ауда­нындағы Теңдік ауылына жаяу сапар өткізу алдында академиктің Ал­матыдағы зиратынан қос уыс топы­рақ алмақ болдық. Оны Имантай ата­мыздың зиратына апарып қосу­ды ойладық. Ал Қанекеңнің зиратынан топырақ алу үшін, аруақ­ты бейсар мазаландырмау үшін шелпек пісіріп апарып, құран оқы­туды жөн санадық. Міне, осы шараға Қаныш Имантайұлының ұрпағын қатыстыруды ойлап, оның қыздарына – апайларымызға хабарластық. Ханиса, Мейіз апаларымыз ұсынысты қуана қарсы алды. Ал Шәмшиябану апайымыз сырқат екен, ниетімізге үлкен ризашылығын білдіріп, шарамызға жездеміздің қатысатынын айтты.

Алғаш рет Оразай Батырбек­­ұлымен осылай жақынырақ кезік­кен­біз. Бұл кісі бізбен бұрыннан таныстай әңгімелесті. Сөз арасында біздің газетте бала кезінде өзі де жұмыс істегенін айтты. «Демек, әріп­теспіз» деп аңқылдап жатыр. Сол зират басындағы бір сағаттай уақытта Орекең­мен кәдімгідей танысқандай болдық. Қаныш атасының аруағына бағышталып қызметкеріміз Оңғар қажы оқыған құранға орай «Редакцияларыңызда молдалық қызмет те бар ма?» деп қағытқаннан кейін-ақ әңгімеміз жарасып кете барған.

Осы тұлғаны толығырақ тану үшін оны кейінгі үлкен лауазымды қызметтерінен бұрын алдымен алғашқы өмір бастауына үңілу қажет сияқты. Үлкен азаматтық жол сол балалық шағынан, оның шыққан тегі, алған тәрбиесінен басталады. Негіз сонда жатыр. Сол негіз болмаса, талант туа бітеді дегендей, Оре­­кең үлкен қоғам қайраткері дең­ге­йіне көтеріле қоймастай көрінеді.

Көп адам жетім өстім, балалы­ғым қиындықпен өтті деп жатады. Оразай да жетім өсті, қиындықты да көрді. Бірақ ол әсте де өмірдің қатыгездігін көрдім деп айт­пай­ды. Өйткені, ол жасынан адами мейірімнің шәрбатын қанып ішті. Өз анасы Хатша дүниеден ерте өтсе, екінші анасы Сақыптың мейірімін көрді. Кейін әкесі Батырбек қайтыс болып, одан соғыстың қиын-қыстау кезеңі туғанда, апайы Қати­раның қолында тарықпай өмір сүрді. Ең бастысы – осы кезде ол қазақ отбасының асыл қасиеттерін: ата-анаға, жалпы, үлкенге құрмет, ба­уырға қамқорлық, ағайынға рақымшылық, азаматтық әліппелері – адалдық, әділдік, мәрттік сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өсті.

Осы жерде апайы Қатира туралы айт­пасқа болмайды. Бағаналы найман Бабастың бір жақсы баласы Баржақсы болса, оның жеті перзентінің үлкені – Батырбек. Сол Батырбектің үлкені Қатира да, кенжесі – Оразай. Ерекше дарын, таланты бар Қатира қазақ драма театрының студиясын бітірген соң, біраз театрда қызмет істеп, тез-ақ көз­ге түседі. Сәбира Майқанова сияқты тарландармен ажырамас құрбы, дос болып қана қоймай, өнерде терезесі тең жүрді. Бірақ дәл осы кезде соғыс басталып, оған шиеттей екі баласын, інісі Оразайды асырау тауқыметі жүктеліп, өнерді тастап, азын-аулақ нәпақасы бар ет комбинатына жұмысқа кіруге тура келеді. Қалайда театрға қайтаруға келген Сәбира құрбысына: «Бір кісідей өнерім бар екеніне өзім де сенімдімін. Бірақ, амал нешік, мына екі баламды, анау Оразай інімді әртістің 5-10 тиынымен қалай асырамақпын» дегенін Оразай өз құлағымен естіген.

Кейінірек Орекең апайы туралы естелі­гінде былай жазғаны бар: «Апамның ой-өрісі кең, жігерлі, қайсар мінезді, аса мейі­рімді еді. Ел басына, өзінің отбасына түскен қиын-қыстау кезеңде де мойымады, болашаққа сенді, үміті мол болды. Бізді осылай тәрбиеледі. Осының бәрін бүгін ойлап қарасам, марқұм өзі үшін емес, өзгелер үшін біздер үшін, өмір сүрген екен ғой. Қазір ойласам, апамның мейірімділігіне, жойқын қайсарлығына қайран қаламын».

Сол Қатира апасының бір бөлмелі үйін­де талай марқасқалар бас қосып, жас Оразайға өнеге болған. Ағайын-жамағаты деп Баубек Бұлқышев, Мұқан Иман­жа­новты үйіне тоқтатып, Баубек май­данға осы үйден ат­танған. Мұқанға жазған хаттарын осы үйге жіберген. Елден келгендер де осы үйге түс­кен. Көңіл сыйған бір бөлмеге талай адам сыйған.

Сол апайы қаршадай Оразайға жай қарнын ашырмай, асырап қана қоймапты, азамат болуға баулыпты. Соған бір мысал – алтыншы сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққанда інісін «Социалистік Қазақстан» газетіне хат тасушы жұмысына кіргізіпті. Сонда ол оқып жүріп те жұмысын атқара берген. Елгезек, тілалғыш, тындырымды бала редакция ұжымының сүйіктісіне айналады. Орекеңнің өзі: «Жұмысты ойнап жүріп, редакция қызметкерлеріне еркелеп жүріп істедім» деп жазатыны бар. Еркелей білу де, еркелету де екіжақты нәрсе ғой. Сол қиын-қыстау соғыс кезін­дегі редакция ұжымындағы ынты­мақты жағдайды Орекең үлкен ризашылықпен елжірей еске алады.

Жалпы, Орекең өз өмірінде кезіккен адамдарының барлығына демегенмен, көпшілігіне ризашылық көңілмен жүретін адам. Бәлкім, олай да емес шығар, аяқтан шалғысы келгендер де болған шығар, ал Орекең оларды емес, тек жақсы адамдарды ғана еске сақтайтындай. Содан да мынау қатыгездеу заманның өзінде айналаның бәрі тек жақсы адамдардан тұратындай көреді.

Жақсы адамдардың алдындағы өз борышын, жауапкершілігін осылай түсінген адам да жаман болмауға тиіс қой. Әдетте адамдар жақсы адамға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Оларға сенеді. Оразайға сенгендер көп болды. Алдымен дайындық кур­сында оқып, кейін тарих факультетіне қабылданған университетте ол жастардың жетекшісіне айналды. Жастар жақсыға жайдан жай үйір болмайды. Аңқылдаған ақкөңіл, аузынан әзілі түспейтін жайдарлы жігіт, кіршіксіз таза, досқа қоң етін кесіп бергендей мәрт. Үнемі жақсы істің басында жүретін ұйым­дастырушылық қабілеті жоғары адам қасындағылардың ғана емес, жоғарыдағылардың да көзіне түсетіні заңды. Оразай университетте оқып жүріп-ақ аудандық комсомол комитетінің екінші хат­шы­лығына, ал бітіре салысымен бірінші хатшылығына сайланады.

Бұл – ол кезде әжептәуір үлкен қызмет. Оқуды бітіре салғанға мұндай сенім артыла бермейді. Алдымен өзіңді басқа жұмыста көрсетіп барып, мұндай сенімге жетесің. Ал Оразай Батырбеков бір­ден жетті. Бірақ алда оны өмір­дің бір сыны күтіп тұр еді. Сол сын Оразайға қаттырақ тиген. Аудан­ның бір пионер лагерінде бір жас­өспірім суға кетеді. Бұл мәселе комсомолдың Орталық Комитетінде талқыланады. Республикалық басшылар ауданның жаңа болған хатшысына түсіністікпен қарап, оны талқылаумен шектелмек болғанда, оған Мәскеу араласып, жұмыстан босатылуын қасарысып талап етеді. Босатады.

Қатты таяқ. Әсіресе, өмірін жаңа баста­ған адамға ауыр. Біреулерді жолынан тайдыратын соққы. Оразай соған шыдаған. Бір жақсысы – жас жігіттің біраз ауқымда танылып қалған беделі бар. Ол далада қалған жоқ, бірден аспирантураға түсіп, онда екі жыл оқып, ғылымға біржола бет бұрғандай болғанда, оны саяси-ұйымдастырушылық жұмысқа қай­та шақырады. Жақсы адамды іздеушілер табылады. Бұл жолғы іздеуші ерекше бір жұрт қадірлеген азамат – Алматы қаласы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бектенбай Қосы­нов еді. Тұла бойы ізгілікке толы бұл адамның бір қасиеті – адам та­ны­­ғыштығы. Екі жыл бұрын ком­сомол жұмысынан жазықсыз «ұры­лып» кеткен жігітті тауып алып, бас­шылық жұмысқа қайта тартуы да сол адам танығыштығы еді. Оған ұсынылған қызмет – аудан­дық партия комитетінің үгіт-наси­хат бө­лімінің меңгерушілігі. Ел аста­на­сындағы рухани-мәдени меке­мелер, ғылым-оқу орындары шоғыр­ланған аудандағы саяси жұмыс­тың тізгінін ұстау аса жауапты да маңызды еді.

Орекең қашанда тапсырылған істі ойдағыдай орындайтын әдетімен сол 50-жылдардың екінші жартысында кәдімгідей көзге түседі. Аудандық көлемнен көтеріліп, Алматы қалалық партия комитетіне жұмысқа ауысады. Оның өміріндегі ең үлкен оқиғаның бірі – сүйікті жарын тауып, отбасын құруы. Орекең Шәмшиябану Қанышқызындай жар тапқан тағдырына ризашылығын өмір бойы айтып келеді. Сол отбасын құру оның өмір мақсатына жаңа бір мән бергендей еді. Сол отбасындағы береке арқасында біраз қиындықтарды жеңеді, жайсаң жандармен танысып, керемет дос­тар табады, біртіндеп қызмет сатыларымен биіктейді.

Қамқор адамдар, берекелі отбасы, Орекеңнің өзі айрықша атап айтатын тамаша достары оның қызметте абырой биігінде жүруіне негіз болды-ау дейсің. 1961 жылдан ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жұмысқа ауысты. Бұл мекеме туралы қазір әркім әртүрлі пікір айтуға құмар. Ұшқарылауы көбірек. Коммунистік жүйеге сын айтамыз. Кадр мәселесін іріктеуде, олардан жауапкершілік сұрауда сол кезде қалыптасқан тәртіп дәл қазір болар ма еді деп біраз жұрттың армандауында да негіз бар. Ілуде біреулер болмаса, онда кездейсоқтарға есік жабық еді. Орталық Комитет дегенде, Оразай Батырбеков сол үлкен мекеменің кадрмен айналысатын бөліміне барды. Сондағы барлық сатыдан өтті: нұсқаушы, жауапты ұйымдастырушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, сонан соң 1971-1977 жылдарда – бөлім меңгерушісі.

Орталық Комитет Компар­тия­ның ақыл-ой орталығы болса, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімі, яғни кадр бөлімі ондағы жүректей сезілетін. Бүкіл республикадағы барлық басшы кадр­лар есебі осы бөлімнің қолында, соның сүзгісінен өтеді. Ол кезде қазіргідей командамен жүру жоқ, тамыр-таныстық жоқ, кейбір мансапқорлар, пысықайлар осы сүзгіден-ақ өте алмас еді. Содан да бұл бөлімнің орны ерекше болды.

КСРО дейтін алып елді бір уыс­та ұстап отырған Компартияның күші де сол кадрларға барып тірелер еді. Содан да Мәскеу оған қатты мән берді. Республикалық, тіпті облыстық деңгейдегі басшылықты өзі бекітіп отыратыны өз алдына, ел аймақтарындағы кадрға жауап беретін адамдар да айрықша назарда ұсталды. Оған бір мысал – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кадрлармен айналысатын бөліміне Батырбековке дейін қазақ азаматы басшылық еткен емес еді. Бұл да Орекеңнің жауапкершілігін арттыра түскендей. Алыста сенің жұмысыңды жіті қадағалап отыратын қалғымайтын көз бар. Бәрін көреді. Мүлт басқан қадамыңды қапы жібермейді. Сақтық қана емес, жұмысыңды жоғары деңгейде атқаруың керек.

Сол жұмысты қалай атқарғанын килограммен, метрмен өлшей алмайсың. Тіпті, алған орден, медальдар да өлшем болмайды-ау. Әйтпесе, оның кеудесіне тағылған төрт ордені, біраз медалы бар. Грамоталар мен атақтар да аз емес. Талай рет республика Жоғары Кеңесіне депутат та болып сайланды, партияның басшы органы – Орталық Комитеттің мүшелігіне талай рет енді. Бұл қызметті атқарған адамдарға, ол қандай болса да, сондай сенім артылатыны заңдылық. Содан да оны жұмысқа берілген баға деу де қиын. Басты баға – жұрттың бағасы, тағдырына қатысы болған адамдардың бағасы. Орекеңмен қызметтес болғанымыз жоқ. Сол тұста араласпадық та. Сөйтсе де ол туралы әңгімелер естіліп жатар еді. Бөлімінің беделінен де болар, бүкіл республикадағы басшы кадрлардың оның алдынан өтетінінен де болар, оған қатысты жұрттың Орталық Комитеттің бесінші хатшысы деген де сипаттамасы айтылар еді.

Орекеңнің сол кездегі қызметі туралы көп әңгімені кейінірек есті­дік. Жұрттың жазғанынан оқыдық. Оның алдына келген адамның бірі, Махамбет аудандық атқару комитетінің төрағасы Д.Шененов былай дейді: «Менің бағыма бірінші қабылдаған Батырбеков деген шешен сөзді, ашық та жайдарлы мінезді жігіт екен, бұрыннан білетін танысындай бірден бауырына тартып, әзіл-шыны араласқан жағымды әңгімесімен көңілімді көтеріп, бойыма батылдық бітірді. Соның арқасында өмірімде бірінші рет Орталық Комитеттің хатшысына барғаным еді, тізем дірілдемей, қолым қалтырамай шықтым ғой». Мұндай әңгімені талайлар айтқан. Оған үлкен қай­рат­кер азаматымыз Саламат Мұқа­шев куәлік етеді: «Орекеңнің жұ­мыстас, жолдас болған, жиі кездескен кісілерінің бәрі бірдей оның іскерлігін, кішіпейілділігін, қара­па­йымдылығын шын ықыласпен айтатынына айғақпын және өзім де сол әділ бағаға қосыламын. Ұзақ жылдар бір салада қызметтес болып жүргенде оның сынға ілінгенін естіген емеспін», – дейтіні бар.

Ал Орекеңнің өз аузынан мен біреуге жақсылық жасаған едім деген сөзді ешқашан да естімейсің. «Менің өмірім коммунистік пар­тияның аппаратында кадр және ішкі саясатымен байланысты болды. Бұл өте ауыр іс екені белгілі. Мен кадр мәселесін шешкем жоқ», дейді. Орекеңнің бұл сөзіне қосы­­­лу­ға да болады, қосылмауға да болады. Кадрларды бюро бекітеді, ұсы­натындар негізінен басшылар. Бірақ сол бюроға мәселені дайындай­тын – бөлім, оның қызметкерлері. Кадр­ларды ішек-қарнын ақтарып, зерт­тейтін де солар. Жақсы адам­ның аяғы­нан шалуға да болады, кейбір пы­сықайларды өткізіп жіберуге де болады.

Орекеңнің алдынан ондаған, жүздеген емес, мыңдаған адам өтті. Алғашында кейбіреулері аптығын баспаған жас болса, кейін байсалды басшыға айналып, көз алдында өсті. Солардың көпшілігі Орекеңді ақ батасын берген абыздай санайды. Әркез жолы түскенде, арнайы келіп, сәлем беретіні де бар. Өз орнын тапқанын Орекеңнің арқасындай көретіндер қаншама?! Ал Орекең болса, қызмет солай болды ғой, солай етуге тиісті едік қой деумен шектеледі. Сол адамдардың өмірі, тағдыры, оған өзінің қалай араласқаны туралы жазса, ол бір ғибратты дүние де болып шығар еді-ау дегенді оған талай достар айтқан. Біз де айтқанбыз. Орекең ат-тонын ала қашады. Сондағысы – біреудің өскеніне өзі себепші болғандай көрінермін, біреулер мақтанды деп айтар деп, оған аяқ баспайды. Ал қазір өз өмірінен естелік жазып, әйтпесе біреуге жаздыртып, кітап шығарып жататындар көп. Орекең олардың ауылынан емес. Жазатыны, айтатыны көп-ақ. Айту өз алдына, жазу да оның қолынан келеді. Оған апайы Қатира, сүйікті жары Шәмшиябану туралы мөлдіретіп жазған естеліктері, дос­тары туралы мақалалары куә. Ал қызметі туралы жазғысы жоқ. Біраз тарих бүркеулі қалды-ау деп өкінесің. Бұл адам көп нәрсені көрген, көп нәрсені білген. Өзі жазғандай, «Өмір мені талай жақсы-жайсаңдармен жүздестірді. Тіпті, кейбір ұлы адамдармен дәм­­­дес, сырлас болдым, ақ ниет ба­та­ларын алдым. Аттарын атауды қажет көрмеймін, кейбіреулер мақ­танды дер», – деп ақталатыны бар.

Кадр мәселесімен айналысты дегенде, Орекеңнің бұған қатысты қызметі партияның Орталық Комитетімен шектелмейді, ол 13 жыл бойы республика Жоғарғы партия мектебінің ректоры болып, нағыз кадр даярлау ісінің тізгінін ұстады. Мұның, сірә, Оразай Батырбековтің бұған дейінгі жұмысына бір жағы баға десе де болғандай-ау. Ол ОК-те кадрларды іріктегенде, қалай талап қойса, енді сол талапқа сай адамдарды даярлаумен айналысты. Бұл мектепті бітіргендердің жадында да ректордың жар­қылдаған жайдарлы көңілі жүретіні анық.

Сол өзін сыйлаған, құрметтеген ұжымнан Орекеңнің кетуі де оның азаматтық келбетін аңғартқандай еді. Жасы алпысқа толған соң, ол зейнеткерлікке шығу жөнінде ОК-ға өтініш берген. Сол өтінішті оқығанымыз бар. Сондағы басты себеп – жастарға жол берген жөн дейді. Сонда Орекеңнің қарттықтан қажығандай емес-ау, қайта сол жасына қарамай, жігері тасып тұрғандай шағы еді. Басқа біреулер болса, денсаулығым жақсы, әлі де жұмыс істей тұрайын дер еді-ау дейсің. Оның өтінішін ОК бір жарым жылдан кейін ғана қабыл алып, пайғамбар жасына толған соң 1990 жылы Оразай Батырбеков зейнеткерлікке шыққан.

Орекеңді достарынан бөліп қарау да мүмкін еместей. Оның бала кезінен достары көп болған, кейінірек ол өмір мәніне айналып, оларсыз, тіпті, Батырбековтердің отбасын бөліп қарау да болмайтындай көрінер еді. Қуаныш ортақ, қиындық ортақ зиялы қауым іріктеліп, берекелі топқа айналған. Оны жұрт біледі, қызығады. Олар жайында әңгіме де, аңыз да көп. Белгілі адамдар. Бүкіл журналист қауымының ұстазы саналатын Тауман Амандосов ағамыз сол топтан. Тауқыметті жағдайда жолымыз қосылған Жұмағали Ысмағұлов ағам да солардың «колхозынан» болып шықты. Орекең туралы әңгімені де мен алғаш сол кісілерден естігем. Әзілдеп, «Оптимист» деген колхоз құрып, бас біріктірген топ жарты ғасырдан астам уақыттан бері тағдырлас болып келе жатыр екен. Тауман Амандосов, Қанапия Ахметов, Шерияздан Елеукенов, Манаш Қозыбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Шайкен Надиров, Қыпшақбай Баймұратов, Құрманбек Әбілтаев, Сыздық Мусин, Оразай Батырбеков... тізім біразға созылады. Достар деген қасиетті ұғымды ту еткен тұлғалар, қазақ зиялы қауымының бір шоғыры.

Олар бір-бірін бағалай да білген еді ғой. Осы жерде Манаш ағамыздың 1997 жылы «Түркістан» газеті арқылы Орекеңнің 70 жыл­дығына арнаған хатынан бір үзінді келтірудің реті келіп тұр. «... сен мансап қолыма тиді деп, жалаңаяқ жолдастарыңнан қол үзбедің. «Қаныштың күйеу баласымын, Димекеңнің көлеңкесіндегі данасымын» деп кердең қаққан емессің. Еңбегіңмен елге танылған талай адал жандардың бағын жандыруға септігің тигені тағы бар. Адамгершілік қасиетіңе табынған Димекең сенің үстіңнен арыз айт­қан талай қуларды тыңдамай, бағалай білгені де ақиқат. Ақкөңіл, ақпейіліңмен «партия жолы – адал жол» деген қағиданы құран қылып, еңбекті ұран қылып жүрген Ореке, сен пара алмадың, арамдыққа бармадың, қалтаңа көлденең тиынды салмадың, баяғы жалаңаяқ арын жанына пида етер қалпыңда қалдың...».

Бұл достар қашанда бірге болды. Уақыттың сынына шыдас берді. Өмірдің қиын-қыстау кезеңдерінде бір-біріне сүйеу болды. Қуанышты бірге тойлап, қайғыны бірге көтерді. Сол қайғы-қасірет Орекеңді де айналып өткен жоқ. 2002 жылы сүйікті жары, үлкен ғалым, бүкіл еліміздің аяулы перзенті Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева дүниеден озғанда Орекең қатты күйзелген. Сонда қасында достары болды. Сүйеді, еңсесін көтертті. Бірақ қатты соққы тағы тиді – арада жеті ай өткенде, үш ұлдың ортасында еркелеп өскен жалғыз қыз, жұлдызы Райхан шешесінің қазасын көтере алмай, оның соңынан дүниеден өтті. Өзі де жақында өмірден озған Кәкімбек ақынның:

Өнерлі еді ақыл қонған затынан,

Есімі өшпес артта қалған хатынан.

Оразай аға, қайғыңды қақ бөлісем,

Жезқазған мен қарт Ұлытау атынан,

– деп жұбататыны осы кез. Бұл аз болғандай, тағы араға жеті ай салып, үлкен ғалымдар қатарына қосылып үлгерген Ғазизі көз жұмды. Тағы да қасында достары жүрді.

Өмірде мән қалмағандай еді сонда. Достары басқа жайды ұқтырды. Сол аяулы жандардың аруағы үшін әлі де бойын тіктеп, біраз шаруаны тындыруы керек екен. Өмірден озған аяулы жандарының бәрі де ғалымдар. Арттарында қалған мұралары бар, әсіресе, Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның мұрасы – халықтың игілігіне айналуға тиіс. Өзі қолға алмаса, мынадай нарық дейтін заманда, олардың жарық көруі екіталай екенін ұққан Орекең, «қайратым қайда, келші осындайда» дегендей, қажырлылықпен біраз іс тындырды. Алдымен сол аяулы жандарының бастарына мәрмәр тастан ескерткіш белгі қойып, олардың еңбектерін бірінен соң бірін кітап етіп шығарып жатты.

Біз осы тұста Орекеңмен біршама жиірек араластық. Шәмшиябану апайымыз, балалары, апайы Қатира жайлы әңгімелерін тыңдадық. Соны өзіңіз жазсаңызшы деген тілек те білдіргенбіз. Әдетіне басып, алғашында қашқақтаған. Сөйтсе де Шәмшиябану апайымыз туралы жазбаққа уәде берген. Арада екі-үш күн өткенде, сүйікті жар, отбасы жауапкершілігі, достық жарасымдылық, азаматтық борыш сияқты үлкен тақырыпты қамтыған лирикалық баллададай дүниені алып келді. «Егеменде» жарияланған бұл естелікті жолдастары, дос­тары Шәмшиябану апайымызға қойылған ескерткіштей қабылдаған.

Бұдан кейін Орекеңнің «жазу­шылығы» басталды. Қатира апайы туралы «Апатайым, ардақтым» естелігі дүниеге келді. Бұл айрықша дүние. Мұны қазақтың асыл қасиеттерін бір бойына жинаған қайраткер ана туралы жыр деумен қатар, ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жайында да нақты мысалдармен жақсы мағлұмат беретін танымдылығы да мол шығарма деп қабылдағанымыз жөн. Өкініштісі – кейін аз таралыммен ғана шығып, шектеулі адамның қолына тиді. Ол көптің игілігіне айналуға тиіс ғибратты шығарма еді.

Осы төрт-бес жылда біраз ша­руа­ның басын қайырып, сүйікті жан­дарының мұраларын түгендеп, біразын жарыққа шығарып, көңілін біраз демдегендей болғанда, Оре­кеңе тағы бір соққы тиді – ең кенже перзенті Ержан дүние салды. Перзенттің бәрі ыстық қой. Бірақ бұл балаларының орны бөлектеу еді. Олай болатын бір себебі – Орекеңнің өзі жазғандай, Шәмшиябану апайымыз «Мен тағы бір бала табайын, егер ұл болса, папамның фамилиясын берейік» деп жасы келіп қалса да, төртінші бала көтерген екен. Сол Ержан ғой, Сәтбаев Ержан. Үйдің кенжесі, бүкіл ағайын жамағат жақсы көрген еркесі. Бұл өлім үнемі еңсесін биік көтеріп жүретін әкенің белін бүктіріп, қолына таяқ ұстатқан.

Тірі адам тіршілігін жасайды дейміз. Ал қайраткер қашанда кү­реседі. Орекеңнің өмірі жай тіршілік ету ғана емес, маған әрқашан кү­рес­тей көрінеді. Қайғыға да қас­қа­йып қарсы тұрып күреседі. Ер­жанның қазасынан кейін де сол сүйікті жандарының мұраларын жинақтап, жарыққа шығаруды үзген жоқ. Біразын еліміздің Орталық мұражайына тапсырды. Қайғының уытын тарқататын басты ем еңбек екенін Орекең өз өмірімен дәлелдеп жүргендей көрінеді де тұрады. Осыдан екі жыл бұрын өзінің естеліктер, мақалаларының басын құрап, «Тағдыр толқынында» деген ғибратты кітап та шығарды.

Осы бір ғажап адамның ерік-жігеріне қайран қаламын. Таяғына сүйеніп, түр­лі шараларға, дос-жораларының қуаныш­тарына барып жүреді. Сырқаты жанға бататыны да анық-ау. Бірақ онысын білдіргісі келмейді. Кейде оны әзіл-қалжыңмен бүркемелейтіні бар. Сәлем беріп, хал-жай сұрау үшін телефон соқсаң, қашанда әзілі дайын тұрады. «Сексенді еңсерген адамның ауырмағаны ұят болады, содан да ұят болмасын деп азын-аулақ ауырып қоямыз», дейді жадырай күліп. Сенің де жаныңды жадыратады.

Жақсы адамдарға қатысты өкінішің де, өтінішің де болатыны бар ғой. Оразай Батырбеков ағамыз заманымыздың екі ұлы тұлғасы – Дінмұхамед Қонаев пен Қаныш Сәтбаевқа жақын жүрген адам. Бірімен – қызметіне қарай, бірімен – туыстығына қарай. Олардың басқалар біле бермейтіндей қасиет­терін де жақыннан көрген. Солар туралы неге жазбайсыз деп айтқандар көп болды. Біз де айттық. Ағамыз көнбеген. Олардың жұрт бағалаған өмірлері белгілі. Ал мен білген кейбір тұстарын жария ету қажет бола қоймас деген төңіректе жауап айтар еді. Сірә, бұлай айту да Орекеңе тән қасиет. Басқалар ұлылармен қатар жүргенін айтып қалғысы келер еді.

Сірә, мұндай адамдардың қа­сы­мызда жүргені де жай туыс, дос­тарына ғана емес, бүкіл қоғамға қажет. Мұндай таза адамдарды көріп біраз жұрт жаман іске барудан тайсақтайды. Орекеңдер айналасына шапағат шуағын шашып жүреді. Жаныңды жылытатын шуақ.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

 

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23