16 Қаңтар, 2014

Өкілетті органдардың өркенді жолы

660 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қазақстан Республикасының Конституциясында осылай бекітілген. Қоғам­ды демократияландыру үдерістерінде жергі­лікті өкілді органдардың, халық билі­гінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының маңызы өте зор. Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган. Өз қызметінде мәслихат мемлекеттің жалпы сыртқы және ішкі саясатына, қаржы және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермейді, қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұста­нады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қазақстан Республикасының Конституциясында осылай бекітілген. Қоғам­ды демократияландыру үдерістерінде жергі­лікті өкілді органдардың, халық билі­гінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының маңызы өте зор. Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган. Өз қызметінде мәслихат мемлекеттің жалпы сыртқы және ішкі саясатына, қаржы және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермейді, қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұста­нады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Мәслихат өз өкілдігін, Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына және Қазақ­стан Республикасының заңнамаларына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне және де мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар жергілікті билік және барлық сайлау науқан­дары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан саяси және экономикалық үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда да жергілікті өкілетті органдар өкілдерінің сүбелі үлесі бар.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен Отанымыздың 1993 жылғы Конституциясы қабылданғанда жаңа тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізгі аяққа тұруы басталды. Дәл сол жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізген «Жергілікті билік және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдады. Жергілікті өкілетті органдар – мәслихат, жергілікті атқарушы органдар әкімшілік болып аталды.

Мәслихаттар және әкімшіліктер «жергі­лікті мемлекеттік басқару органдары» деген жалпы атауға біріктірілді. Ұйым­дас­тырушылық жағынан жергілікті органдар «бір-бірінен бөлінген, әрқайсысының өкі­леттігі, мәселелер аясы мен өз құзыреті бар».

1994 жылдың наурыз айында елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау­лар басталды. Ол елдегі бәсекеге қабілетті алғашқы сайлау болып, республиканың демократиялығын жедел дамытты.

Мәслихаттар нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әре­кет етуін қамтитын мемлекеттік орган­дар­дың өкілеті ретінде функцияларға ие болды.

2001 жылдың қаңтар айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заң қабылдады. Жалпыхалықтық қолдауға ие болып, алдағы саяси өзгеріс­терге бастау болған Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен өткізілген 2007 жыл­ғы конституциялық реформа мәс­ли­хат­тарға, сая­си партиялар мен қоғамдық бір­лестіктердің ұсынысымен, Парламент Мә­жілісіне және барлық деңгейлі мәс­ли­хаттарға депутаттар сайлау кезінде аймақ­тық, орталық және учаскелік сайлау комис­сиялары құрамын сайлауға байланысты қосымша өкілеттіліктер берілді.

Конституциялық реформаның іс жүзінде жүзеге асырылуы 2007 жылы тамыз айында өткен Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттар сайлаулары болды. Олар Елбасының «партиялық механизмдердің күшеюі заманауи азаматтық қоғамның қалыптасуына, халықтың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуына ықпал ететін» және «бұл үдерісте басты рөлді саяси партиялар ойнауы керек» деген ойын дәлелдеп берді.

Уақыт саяси партиялардың конститу­циялық реформаға қатысуы оңды нәтиже бергенін көрсетті – партиялық жарыс қағидаты мәслихаттар құрамына 98 пайыздан астамы партияларға мүше депутаттарды әкелді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің реформаторлық бағытының ұстанымды екенін мәслихаттар өз іс-әрекеттері арқылы көрсетті.

Конституциялық реформалардың маңыздылығы туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаңа саяси жүйеде мәслихаттар әрекетінің табиғаты өзгереді. Олар азаматтық қоғам сұранысын ілгерілетуді қамтамасыз ететін жеке билік органы болады», деп атап көрсетті.

Сондықтан, Қарағанды облыстық мәслихаты жұмысының негізгі принципі – түсіністік, атқарушы органдармен тығыз байланыс, ортақ іске бірге жұмылу. Сонымен қатар, былтырғы жылдың 3 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мәслихаттардың функциялары мен іс-әрекетін, міндеттерін нақты реттейтін типтік регламент бекітілді.

Депутаттардың қоғамдағы үдерістердің мазмұнын жіті түсінуі қуантады. Олар де­пу­­таттық корпус алдындағы міндеттерді ше­­шу­дегі өз орындары мен рөлдерін сезіне біледі.

Былтыр «Нұр Отан» партиясының VI съе­зінде қабылданған Доктринасында мем­­­­­ле­кеттің жаңа саяси бағытты жүзеге асырудағы рөлін нақтылады. Ол Елбасының мемлекеттік бағытының тұрақтылығын қамту мен мем­лекеттің даму стратегиясына қызмет етеді.

Доктринада партияның үш маңызды мұраты анықталды: Қазақстанның өркендеуі – республика тұрғындарының жасы, ұлты, тұрғылықты жері мен қызметіне қарамастан, ортақ мақсат ретінде; ел Тәуел­сіздігі – негіз бен құндылық, біздің мемлекетіміздің басты жетістігі; және Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – заманауи мемлекеттің негізін қалаушы.

Жаңа Доктринаның негізгі құндылықтары ретінде адамның беделі мен амандығы, еркіндігі, бірлігі, әділдігі, заңның үстемдігі, отбасы және дәстүр, болашаққа ұмтылу – күнделікті біз басшылыққа алатын, біздің әлеуметтік-құқықтық және рухани дәстүрлеріміз негізделетін, әрбір азаматқа түсінікті ұғымдар таңдалынды.

Доктринада мемлекеттің азаматтар сұранысына қызмет етуін негізге алған жаңа қағидалар белгіленді. Бұл – азамат­ты қолдайтын, кепіл беретін, әрбір азаматтың өз мүмкіншіліктерін жүзеге асыруға көмек көрсететін, мүмкіндік ұсынатын мемлекеттің белгісі. Өз кезегінде азаматтар мемлекетті нығайту жолында белсенді және бастамашы болуы тиіс. Тек, азамат пен мемлекеттің бірлігі ғана бізді алға жетелейді. Қуатты мемлекет еркін және жауапты азаматтармен құрылады.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Нұр Отан» – парламенттік партия. Сон­­дық­тан, «Нұр Отан» жұмысының күшеюі­нің негізгі тетігі – барлық деңгейлі мәсли­хат­­­­тардағы фракциялардың әрекеті. «Нұр Отан» ашықтық, жауапты партиялық әлеует үлгі­сін көрсетуі тиіс. «Нұр Отан» партия­сы VI съезіндегі сөзінде Елбасы: «Біз ашық­пыз, ештеңе жасырмаймыз. Біз адал еңбек етеміз және халыққа әрбір кемшілікті ашық айта­мыз, әлі өзекті мәселелер бар екенін түсі­неміз, қолдау көрсетеміз», деп атап көрсетті.

Бүгінде «Нұр Отан» құрамында 900 мыңдай партия мүшесі бар екенін мақтан тұтамыз. Депутаттар – партия мүшелері Парламент Мәжілісінің негізін құрайды. Бұл – «Нұр Отанды» қолдаудағы жалпы халықтық көрсеткіш. Партияның соңғы съезінде Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Парламенттік заң шығарудың сүбелі тәжірибесі жинақталды. Парламенттің бесінші шақырылымы жұмысы кезеңінің өзінде 140-тан астам заң қабылданды! Халық мүддесін қорғайтын депутаттарды партия тәрбиелеп шықты. Біздің партия Үкіметті билік саласының барлық істерінің ретті болуын қамтамасыз етеді».

Осы орайда, биылғы жылы жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттардың алғашқы сайлауларына 20 жыл толатынын мақтанышпен айтуға болады. Бұл елдегі алғашқы бәсекелесті сайлаулар болды. Бұл күнді атап өтуге дайындық шаралары бас­талып кетті. Облыс көлемінде Қарағанды облыстық мәслихатының 20 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізу жос­парланып отыр.

Елдің дамуымен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өзгеріп отырады, сондықтан да әрбір шақырылымдағы мәслихаттар экономика мен қоғамдағы маңызды рөлге ие болып қала береді. Арада өткен жылдары мәслихат құрамына өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы бірқатар таңдаулы өкілдер сайланды, олардың көпшілігі өздерін қайраткер, іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Халық қалаулылары ретінде тұрғын халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен көп жұмыс жасады. Қалың бұқара мен билік органдары арасында алтын көпір болды. Еліміздің экономикасының локомотиві іспетті өркенді аймақ, жайлауы тыныс, қойнауы ырыс Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосты.

Қазіргі күні де облыстық мәслихат аймағымыздың қоғамдық-саяси және экономикалық, әлеуметтік салаларына белсенді араласуда. Жергілікті өкілетті органдардың беделін арттыруға бағытталған Елбасының таразыланған саясаты жүйелі және нәтижелі. Облыстық мәслихаттың 42 депутатының 41-і «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Депутаттар мәселелерді зерттеу, саралау мақсатында сайлау округтерінде (ауылдарда, кенттерде) халықпен жиі кездесулер өткізіп тұрады.

Әлбетте, мерейтой – өткенге есеп беру, жинаған іс-тәжірибені бағамдап, ой байыптау, қорытындылар жасау ғана емес, сондай-ақ, алдағы мерзімге жоспарлар белгілеу, бағыт-бағдарларды айқындап алу үшін де жақсы мүмкіндік. Уақыт әрбір азаматтың қоғам және мемлекет өміріне белсене қатысуы оның тек конституциялық мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге, міндеті екенін де нақты белгілеп берді. Өкілетті органдарға сайлана отырып, аймақ өміріне қатысты түрлі, маңызды шешімдер қабылдау, оның жүзеге асуын бақылау барысында жерлестеріміздің мүдделерін қорғау міндеті жүктелгенін жақсы сезінеміз. Бұл дегеніңіз, біздің барлығымыз да сайлау округтерінде тұрып жатқан жүздеген, мыңдаған адамдар бізді өздерінің мүдделерін билік органдарында лайықты көрсетеді, әлеуметтік маңызы бар барлық мәселелерді шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сайлағаны, сенім білдіргеніне қатысты жоғары жауапкершілік бар дегенді білдіреді.

Бүгінде өкілетті органдар өзінің өмір­­шең­дігін, ал депутаттар кәсіптік қабілеттілігі мен қызметтік жауапкершілігін толық дәлелдеді деп сеніммен айтуға болады. Бұл мерейтойлық датаның жергілікті өзін өзі басқарудың өкілетті органдарының қалыптасуы мен дамуының белгілі бір кезе­ңінің қорытындысы ретінде ерекше маңы­зы бар. Аталмыш жауапты міндеттерді орын­дауға өткен төрт шақырылымның және қазіргі бесінші шақырылымның депу­тат­та­рының күш-жігерлері жұмсалуда. Өзіміз­дің білімімізді, өмірлік тәжірибемізді, қарым-қабілетімізді біріктіре отырып, нақ­ты­лы нәтижелерге жете алатынымызға сенемін.

Қазіргі таңда жергілікті өкілетті органдар мен Парламенттің бірлескен іс-қимылдары маңызды мәселеге айналып отыр. Парламентте «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан Аймақтық саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес құрылған, оның мақсаты – жергілікті өкілетті органдармен іс-қимылдың тиімді жолдарын қарастыру. Осы мақсатта Парламент депутаттары халық арасына шығып, көшпелі отырыстар өткізуді дәстүрге айналдырды. Олардың құрамында міндетті түрде жергілікті өкілетті органдар мүшелері – депутаттар да болады. Дегенмен, Парламент депутаттары мен мәслихаттар арасындағы байланыс тек бастамашылық тұрғыда ғана қалыптасып отырғанын айта кетуге тиіспіз.

Уақыт, өмір бір орнында тұрмайды. Ол кез келген өміршең мәселелердің өзіне де жаңаша тұрғыдан қарап, дамытып, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осы орайда мерейлі мереке қарсаңында мәслихат жұмысын одан әрі дамытуға қатысты өз тарапымыздан бірқатар өтініш-ұсыныстар білдіргенді жөн көреміз.

Мәслихаттардың рөлін көтеру, олардың өзара, сондай-ақ, Парламент депутаттарымен бірлесе іс-қимыл жасауы мақсатында облыстық мәслихаттардың міндеттеріне қалалық және аудандық мәслихаттарға практикалық және әдістемелік көмек көрсетуді заңдастыру қажет.

Қазіргі уақытта біздің облыста облыстық мәслихатқа депутаттар сайлау бойынша 42 сайлау округі бар, әр округтегі сайлаушылардың саны 18 мыңнан 22 мыңға дейін жетеді, сайлау округтерінің ауылдық аудандардағы ара қашықтығы 200 шақырымнан 800 шақырымға дейін созылып жатыр. Сайлаушылардың көптігі және округтердің қашықтығы салдарынан депутаттар барлық округті толық қамти алмайды, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кестелі кездесулерін жүйелі өткізе алмайды. Мұндай жағдай басқа да облыстарда бар болар деп ойлаймын.

Сондықтан да «Қазақстан Республика­сындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңның 5-бабы 3-тармағына сәйкес облыстық мәс­лихат депутаттарының санын – 50, қалалық депутаттарды – 30, аудандық депутаттарды 25 деп белгілеу керек. Бұл өз кезегінде мәслихаттарға және «Нұр Отан» партия­сы фракцияларына алыс аймақтарда өз өкілдерінің болуына және жергілікті проблемаларды барынша тиімді шешуге мүмкіндік беретін болады.

Өткен жылдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі – жергілікті ауылдық, кенттік әкімдер сайлауы болғаны белгілі. Міне, осы тұрғыда да сайланған әкімдердің жұмыс пәрменділігін нығайту, оған тұрғын халықтың белсене қатысуына, сайлау­дың ашық өтуіне ықпал ету үшін де депутат­тардың санын арттырудың маңызы ерекше.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңында «иммунитет» және «депутат мәртебесі» жеткілікті анықталмаған. Қазақстан Республикасының «Мәслихат депутаттарының мәртебесі туралы» Заңы жоқтығына байланысты Парламентте жұмыс істейтін депутаттар мен аймақтық мәслихаттарда жұмыс істейтін депутаттар бірдей жағдайда емес. Этика тұрғысынан халық қалаулыларының жағдайын теңестіретін, Қазақстан Республикасының «Мәслихат депутатының мәртебесі туралы» Заңын қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз.

Қарағанды облыстық мәслихатының делегациясы өткен жылы іскерлік байланыстар, іс-тәжірибе алмасу негізінде Санкт-Петербург (Ресей Федерациясы) Федералдық жиналысында болып қайтқан еді. Көп жылдық тағылымды тарихы бар заң шығарушы органның алатын өнегесі, тәжірибесі мол екен. Соның бір парасы ретінде мынадай да ұсынысымыз бар.

Мәслихат жұмысының тағы бір маңызды бөлігі – оның жанындағы тұрақты комиссиялар. Барлық дерлік маңызды мәселелер осында қаралады, келелі кеңестер осында өтеді. Сондықтан да болашақта комиссиялардың жұмысын бұдан да ықпалды, пәрменді ете түсу үшін олардың төрағалары басқа жұмыстан босатылған, тұрақты негізде жұмыс атқарғандары абзал болар еді.

Қорыта келгенде, Елбасы Стратегиясы мен партияның жаңа Доктринасындағы тапсырмаларды жүзеге асыруға жергілікті тұрғындардың өкілді тұлғалары – депутаттар да сүбелі үлес қоса береді деп сенім білдіреміз.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Қарағанды облыстық

мәслихатының хатшысы.

 

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23