Фото: time.kz
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 19 миллионыншы тұрғынды анықтау барлық демографиялық оқиғаларды, яғни табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескеріп жүргізілген.
Жәния 20 маусым күні Алматының перинаталды орталығында дүние келген. Туған кездегі салмағы – 4,160 кг, бойы – 55 см. Анасы Назгүл Көбентаева 1986 жылғы, талдықорғандық, әкесі Азамат Нұрғалиев 1982 жылғы, Сарқан қаласының тумасы.
Олар 2007 жылы шаңырақ көтеріпті. Қазір Алматы облысы Іле ауданының Чапаев ауылында тұрады. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан тасымал, құрылыс салаларында еңбек етуге мәжбүр. Сәбидің анасы декреттік демалысқа шыққанға дейін ауылдағы фабрикалардың бірінде қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген.
– Жағдайымыз жақсы, үйдеміз. Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны атанғанымызды 3 тамыз күні түнде естідік. Қуанышты жаңалықты өзім қаралып жүрген гинеколог дәрігер жеткізді. Түнде медбикелер мен ауыл әкімі келіп құттықтады. Ағайын-туыс хабарласып, әлі құттықтап жатыр. 2007 және 2012 жылы туған қыздарымыз бар. 2014 жылы тағы бір қыз бала өмірге келген. Алайда 1 жас 7 айында шетінеп кетті. Жәния – төртінші қызымыз, – дейді Н.Көбентаева.
Жәния жақында қырқынан шығыпты. Осы орайда ғаламторда Жәнияның туған күніне қатысты қате деректің тарағанын айта кеткен жөн. Ол көпшілік айтып жүргендей, 3 тамызда емес, 20 маусымда туған. Ал оның Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны екені 3 тамыз күні анықталды.
Бір қызығы, Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны да 2017 жылы дәл осы Алматы облысында дүниеге келген болатын. Оның есімі – Мүслима Саматқызы. Ол 11 мамыр күні Талдықорған қаласында Самат Бестібаев пен Диана Омарханованың шаңырағында туған.
– Осыдан төрт жыл бұрын да дәл осындай қуанышқа кенеліп едік. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы Талдықорғанда дүниеге келген болатын. Сол кезде бұл сүйінші хабарды көлікте кетіп бара жатқанымда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов телефон шалып айтқан еді. Биыл да 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты тағы да Тимур Мұратұлы хабарлады. Осылайша қуанышқа қуаныш қосылып жатыр. Дегенмен қызық дерек болған соң мен одан мұндай есептің қалай жүргізілетінін сұрадым. Ол реттік қатарды электронды база автоматты түрде өзі есептеп шығаратынын айтты. Шынында, керемет сәйкестік! Осылайша Алматы облысының қатарынан екі рет мерейі үстем болды! Алматы облысы – Елбасымыздың да, Президентіміздің де туған жері. Өңір – барлық салада алдыңғы қатарда. Соның нәтижесінде туу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мәселен, біздің облыста жыл сайын 50 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. Балалар – біздің байлығымыз! Сондықтан 19 миллионыншы тұрғынның да жер жаннаты Жетісуда өмірге келуі – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін. Жәнияның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын! – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Осы орайда 2013 жылдың 15 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында еліміздің 17 миллионыншы тұрғыны – Алтынбек Есқара дүниеге келгенін де атап өткен жөн. Ол Мұрат Өміш пен Гүлмира Сапарбаеваның шаңырағын шаттыққа бөлегені есімізде.
Демограф Мақсат Имандосов Мемлекет басшысы хабарлаған сүйінші хабардан бөлек, ел үшін маңызды тағы бір қуанышты жаңалық бар екенін айтты. Оның айтуынша, шамамен осы жылдың 20 маусымында Алматы қаласының 2 миллионыншы тұрғыны да өмірге келген екен.
– Әлбетте, биыл 35 миллионыншы тұрғыны өмірге келетін Өзбекстанмен салыстырғанда, біздің санымыз әлдеқайда аз. Мәселен, көрші мемлекеттің 19 миллионыншы тұрғыны 1985 жылы туды. Десе де, тарихи оқиғаларды зерделейтін болсақ, Қазақстанның демографиялық жағдайы жаман емес. Осыдан 21 жыл бұрын біздің санымыз 14,8 миллион адамды құрап еді. Егер қазіргі өсім динамикасы сақталатын болса, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашпақ. Алматы қаласы туралы әңгімені әрі қарай сабақтағым келіп отыр. Біз Ақтөбе де 1 миллион халық тұратын қалалардың қатарына қосылады деп күтіп жүрміз. Бірақ Ақтөбенің халқы 1 миллион адамға жеткенше, Алматы 3 миллиондық межені ертерек бағындырып қоятын секілді. Алматы 2 миллиондық межені еңсеруге 40 жыл уақыт жұмсаса, 3 миллиондық межеге 17-19 жылда жетпек. Әрине, мұндай өсімге көп жағдайда табиғи туу көрсеткіші емес, көші-қон ағыны әсер ететіні анық, – дейді М.Имандосов.
«Жалпы, тәуелсіздік жылдары халық саны 2 млн 557,9 мың адамға (15,5 пайызға) өсіп, биылғы 1 шілдеде 19 млн 009,6 мың адамды құрады. 1991 жылмен салыстырғанда туғандар саны 353,2 мыңнан 426,8 мың адамға өскен», деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Облыстар бойынша қарастырсақ, еліміздің бірқатар өңірінде халық саны айтарлықтай өскені байқалады. Айталық, 2000 жылдары Ақтөбе облысында 677 мың тұрғын тіркелсе, 2020 жылы көрсеткіш 881 мың адамға жеткен. Сол секілді Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының халқы 20 жылда елеулі өсім көрсеткен. 2000-2020 жылдар аралығында халқының саны азайған өңірлер де жоқ емес. Мәселен, 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысында 1,5 млн адам тіркелсе, 2020 жылы көрсеткіш шамамен 150 мың адамға азайған. Халқының саны кеміген өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары да бар.