16 Қаңтар, 2014

«АҚШ ғасырын» айшықтады

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ЭКСПО шежіресі: Чикаго, 1893 жыл

Осыдан тура 120 жыл бұрын, яғни 1893 жылы Чикаго қаласында, Америка құрлығында екінші рет Бүкіләлемдік әмбебап көрме ашылды. Бұл құрлықтағы алғашқы көрме 1876 жылы Филадельфия қаласында АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын жариялағанына 100 жыл толу мерекесіне арналған болатын. Ал 1893 жылғы Чикаго көрмесі Христофор Колумбтың Американы ашқанына 400 жыл толу құрметіне арналды.

ЭКСПО шежіресі: Чикаго, 1893 жыл

Осыдан тура 120 жыл бұрын, яғни 1893 жылы Чикаго қаласында, Америка құрлығында екінші рет Бүкіләлемдік әмбебап көрме ашылды. Бұл құрлықтағы алғашқы көрме 1876 жылы Филадельфия қаласында АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын жариялағанына 100 жыл толу мерекесіне арналған болатын. Ал 1893 жылғы Чикаго көрмесі Христофор Колумбтың Американы ашқанына 400 жыл толу құрметіне арналды.

1892 жылы Америка Құрама Штаттары Христофор Колумбтың Америка құрлығын ашқанына 400 жыл толуын кең көлемде салтанатпен атап өтті. Осы бір айрықша датаны тарихта ерекше айшықтау мақсатымен АҚШ билігі 1893 жылы Бүкіләлемдік әмбебап көрме өткізу жөнінде шешім қабылдады. Америкалықтар бұл тарихи датаға күні бұрын жан-жақты дайын­дала бастаған еді. Америка құрлы­ғының ашылғандығына 400 жыл толу құрметіне өткізілетін сол кездегі әлемдегі ең ауқымды шара – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге Нью-Йорк және Чикаго қалалары бәсекеге түсті. Осыған байланысты Конгресте өткен бірқатар пікірсайыстардан кейін 1890 жылы АҚШ президенті Бенджамин Харрисон 1893 жылғы Бүкіләлемдік көрмені Чикаго қаласында өткізу туралы заңға қол қойды. Христофор Колумбтың құрметіне бұл әлемдік көрме «Колумбтық» деп аталды.

Әлемдік жарнамалардан үміт­кер америкалық ең ірі компаниялар бұл көрмені өткізуге қа­жетті барлық шығындарды өздерінің мойындарына алды. Көрмені өткізудің америкалық ауқымдағы жоспары белгіленді. Көрме қалашығын салу үшін Чикаго қаласынан 11 шақырым қашықтықтағы Мичиган көлінің жағасында 300 гектар жер бөлін­ді. Бұл осыдан бұрынғы, яғни 1889 жылғы Париж көрмесі қала­шығының аумағына бөлінген жер телімінен үш есе үлкен еді. Көрме қалашығының аумағына бөлінген осындай үлкен аймақта адамдардың қиналмай қатынауы үшін арнайы теміржол және су жолы көліктері ұйымдастырылды. Көрме қалашығы алып жатқан аумақтың үлкендігі оның ішінде қатынайтын жеке көлік болуын­ қажет етті. Осыған байланыс­ты 5 шақырым қашықтыққа созылған аспалы екі тармақты теміржол құрылысы салынды. Теміржол бойында жылжымалы жаяу жүргіншілер жолы бой көтерді.

1893 жылдың 1 мамырында АҚШ президенті Гровер Клив­ленд салтанатты жағдайда Америка құрлығындағы екінші Бүкіләлемдік әмбебап көрмені ашты. Бұл ашылу салтанатына 150 мыңнан астам қонақтар қатысты. Салтанатты рәсімге Филадельфия қаласынан арнайы азаттық қоңырауын алдырды. Көрменің ашылу салтанатында АҚШ-тың тапсырысы бойынша орыс сазгері А.Глазунов жазған салтанатты марш ойналды.

Көрме қалашығында кең қанат жайған жәдігерлер мынандай тақырыптар бойынша орналастырылды: ауыл шаруашылығы, бау-бақша, мал шаруашылығы, тау-кен және металлургия өндірісі, балық аулау, өнеркәсіптік тауарлар, машина жасау, көлік, электрлік жаб­дықтар, көркем және еркін өнер және басқалар. Бұл көрмелерге 50 мемлекеттен және 37 отар ел­дерден әкелінген 60 мыңнан ас­там жәдігерлер қойылды. Көрме павильондарының ішінде барлық жұртты таңдандырған өнеркәсіп павильоны болды. Оның алып жатқан аумағы келушілердің бар­лығын таңдандырды. Бұл павильонның көлемі 514х240 метр болса, биіктігі 75 метрге созылды. Өзінің көлемі жағынан бұл павильон бұрын-соңды өткен көрмелердегі павильондардан бірнеше есе асып түсті. Жалпы, көрме қалашығы аумағында 200-ден астам ғимарат салынды. Оның ішінде 19 павильон ұлттық болса, 24 павильон Американың жекелеген штаттарының жетістіктеріне арналды.

Көрме қалашығы салыстырмалы түрде өте аз уақытта бой көтерді. Оның жобасын жасауға америкалық атақты архитекторлар Дэниел Хадсон, Фредерик Олмстед және басқа да суретшілер мен мүсіншілер қатысты. Павильон­дардың көпшілігі болат тұғырларға бекітілген ағаш панельдер мен гипс қабырғалардан құралды. Бұл ғимараттардың барлығы дер­лік ақ түспен әрлендірілді. Соған байланысты, газет тілшілері Бү­кіләлемдік көрме қалашығын «Ақ қала» деп сүйіспеншілікпен атады. 1893 жылғы Чикаго қаласындағы Бүкіләлемдік көрме қалашығының нысандарының архитектурасы Американың қалаларының бо­лашақ сәулет өнерінің негізін қалады. Көрме қалашығын салу барысында 1870 жылғы үлкен өрт апатынан зардап шеккен Чикаго қаласының архитектурасын қалпына келтіру жұмыстары да кеңінен жүргізілді.

Көрмені тамашалауға келуші­лер­ді электр энергетикасына арналған павильон ерекше әсерге қалдырды. Бұл кезеңде АҚШ электртехникасы саласында орасан зор жетістіктерге жеткен болатын. Осы көрмеге қойылған электр-техникалық жетістіктер жәдігерлерін тамашалаған жұрт­шылық АҚШ-тың бұл салада шын­дығында да зор табыстарға жеткендігін мойындады. Электр энергетикасына арналған павильон 120 мың түрлі-түсті шамдармен әрлендірілді. Әлемге әйгілі «Westinghouse Electric» фирмасы 15 мың әртүрлі электр шамдарынан тұратын ұстын орнатып, электр жарығының сәулесімен айшықты көріністер жасады. Осы павильонның жұмысын көрсетуге орыстың белгілі ғалымы А.Лодыгин белсене атсалысты. Кейіннен ол Америкадағы электр лампалары зауытының құрылысын салуға арнайы шақырылды. Соны­мен бірге, орыстың көрнекті ғалымы Н.Славянов 1888 жылы өзі ойлап тапқан электрмен дәне­кер­леу аппаратын алғаш рет осы көрмеде көпшілік назарына ұсын­ды. Оның бұл қондырғысы Чикаго көрмесінде ең жоғары баға алды. Нәтижесінде Славянов Францияның, Германияның, Англияның, Австрияның, Вен­грияның, Бельгияның патенттерін алып, АҚШ, Швеция және Ита­лияның осы саладағы сұраныс­та­рына ие болды. Көрме жұмысы қызып жатқан кезеңде осы павильон шеңберінде ІІІ Халықаралық электр-техникалық конгресс өткізілді. Оның жұмысына әлемнің барлық жерлерінен келген инженерлер мен ғалымдар белсене қатысты. Чикагода өткен ІІІ Халықаралық электр-техникалық конгресс тарихта тұңғыш рет ом, ампер, ватт, вольт, джоуль сияқты электр-техникалық бірлік­терді қолданысқа шығарды. Осы­дан кейін 1900 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде ІV Халықаралық элек­тротехникалық конгресі өтіп, онда Ресей зерттеушісі К.Персидский алғаш рет өзінің баяндамасында «телевидение» терминін енгізді.

Сонымен бірге, бұл көрмеде көлік павильонындағы жәдігерлер де ерекше әсерлілігімен есте қал­ды. Атап айтқанда, бұл павильон­ды көлік құралдарының көнеден қазіргі дәуірге дейінгі небір түр­лерінің шежіресі жасалынды. Мәселен, ең алғаш ағаштан жасалған қолапайсыз ағаш арбалардан бастап, сол заманның озық үлгілері болып табылатын локомотивтер мен жайлы вагондар көрініс тапты. Бөренелерден қалай болса солай қиып жасаған алғашқы қайықтардан бастап сол заманның таңдай қақтыратын алып жолаушылар кемелері мен әскери корабльдері көрмеге келуші дүйім жұртты таңдандырды. Павильонның жоғарғы қабатта­рын­да сол уақытқа дейін дүние жүзінің барлық жерлерінде шыққан велосипедтердің небір үлгілері көрініс тапты. Ғимараттың қарсы бетіне Джеймс Уатт, Джордж Сте­фенсон, Роберт Фултон сияқ­ты бу машиналарын ойлап тапқан атақты механиктер мен инженерлердің мүсіндері орын алды. Ал павильонның ішінде адамзат тарихында теміржолға алғаш табан тіреген локомотивтен бастап, осы көлік құралының 60 түрі орналастырылды.

Бүкіләлемдік жетістіктер көр­месін өткізудің географиялық шежіресі дүние жүзінде өнеркәсіп және сауда орталықтарының қалыптасуымен тұспа-тұс келеді. Бұл Халықаралық әмбебап көр­мелер әлемнің өнеркәсібі ең дамыған қалаларында өткізіліп отырды. Мәселен, 1851 және 1862 жылғы Бүкіләлемдік көрмелер Лондонда, ал 1855, 1867, 1878, 1889, 1900 жылдары Парижде 1873 жылы Венада 1876 жылы Филадельфияда өткізілсе, 1893 жылы ЭКСПО көрмесінің жалауы Чикагода желбіреді. Бұл көрмені өткізуге дайындық және оны өткізу жылдары Чикаго қаласының тарихындағы айшықты кезең болып саналады. Сөйтіп, осы уақытқа дейін «ет қаласы» аталып келген елеусіз Чикаго осы көрмені өткізудің нәтижесінде АҚШ-тың Орталық батысындағы ірі мәдени және өнеркәсіп орталығына айналды. Осылайша Чикаго АҚШ-тағы көшбасшы қалалар легіне қосылды.

1893 жылғы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Чикаго қаласында жарты жыл бойы – 1 мамырдан 30 қазанға дейін желбіреді. Осы уақыт аралығында бұл көрмені дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген 21 миллионнан астам адам тамашалады. Чикаго көрмесіне келген туристердің көп болуына америкалық ірі компаниялардың үздіксіз жүргізген арнайы жарнамалары бірден-бір себеп болды. Көрме АҚШ экономикасының барлық салаларда жеткен жетіс­тік­терін көрсетумен қатар, америка­лық­тардың көшбасшылық рөлін айрықша паш етті. Америкалықтар осы көрмені өткізу барысындағы өздерінің зор жетістіктері арқылы «АҚШ ғасыры» басталғанын төрткүл дүниеге жариялады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23